Экономика • 26 Тамыз, 2022

Отын тапшылығы – дилерлердің қитұрқы әрекеті

434 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Дизель отынын шектеулі көлемде және талонмен сату үрдісі Ертіс-Баян өңіріндегі жанар-жағармай стансаларының басым бөлігінде сақталып отыр. Тамыз айының басында Павлодар мұнай-хи­мия зауытынан өңірдегі мұнай өнімдерін жеткізушілерге 24 мың тонна трактор отыны беріліпті. Ал облыстың айлық қажеттілігі 9 мың тоннадан аспайды. Жер­гілікті шенеуніктер қалған кө­лем­нің қай жерде сақталып тұр­­ғандығы немесе өзге өңір­лерге сатылып кеткені жайлы ақпаратқа иелік ете алмаймыз дейді. Салдарынан шағын жанар­май стансаларында іркілістер туын­дап, кейбір шалғай аудандарда көлік отынының аталған түрі қат болып тұр.

Отын тапшылығы – дилерлердің қитұрқы әрекеті

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Нарықты кім реттейді?

Жалпы, мұнай өңдеу ісінде Энергетика министрі мен жергілікті салық органдары бақылай алмайтын біраз мәселе бар. Павлодар мұнай-химия зауыты тек өңдеу ісімен, яғни сүттен қаймақ айыратын сепаратор машинаның рөлін ғана атқарады. Кәсіпорынның бас директоры – басқарма төрағасы Қуаныш Бишімовтің сөзіне сүйенсек, мұнай шикізатына иелік ететіндер «өңдеуге мұнай берушілер» деп аталады. Облыста мұндай 10 компания бар. Өкінішке қарай, бұл заңды және жеке тұлғалардың бірде-бірі облыс аумағында тіркелмеген. Өңдеуге берушілер мұнайды жеткізіп, зауытта тапсырыспен өңдейді, одан әрі көтерме сатып алушыларға және түрлі жеткізушілер мен жанармай құю стансаларының желілеріне өздері белгілеген бағада таратады. Яғни өңдеуге берушілер жергілікті отын нарығын толығымен бақылап, реттеп отырады. Соған қарағанда жанармай құю стансаларында туындап тұрған жетіспеушілік өңдеуге берушілер мен жеткізушілердің қитұрқы әрекетінен орын алып отырғаны түсінікті жағдай.

– Биыл жыл соңына дейін біз­дің зауыт 5 млн 466 мың тонна мұ­найды өңдейді деген жоспарлы тапсырма бар. Оның 1 млн 572 мың тоннасы – бензин және 1 млн 746 тоннасы дизельді отын болса, қалғаны – сығымдалған газ бен авиаотын, битум және мұ­най коксы. Жеті ай ішінде за­уытта 2,29 млн тонна мұнай өңделіп, 856 мың тонна бензин және 974 мың тонна дизель отыны шы­ға­рыл­ды. Өндірістік технологиялары­мызды жоспарлы жөндеу үшін біраз уақытқа жұмысымызды то­қ­тат­қанымыз мәлім. Тамыз айы­ның басынан толық жұмыс жағ­да­йы­на көштік. Қазір күніне 6 мың тонна бензин мен 6 мың тонна дизель отынын өңдеп шығарып, цистерналарға құйып жатырмыз. Әрі қарай жеткізушілер өңірлерге жет­кізу, стансаларға сатуды өздері жүзеге асырады. Біз әр тонна мұ­найды 23 400 теңгеге өңдеп шы­ға­ра­мыз, – дейді Қ.Бишімов.

Шағын стансалар шырылдап отыр

Павлодар облысы әкімінің бірін­ші орынбасары Олег Крук мұнай­ды өңдеуге берушілердің негіз­гілері – «ҚазМұнайГаз», «PET­ROSUN» ЖШС, «Петролиум Опе­рейтинг» және «КОР» мұнай ком­паниясы» екенін айтады. Ай­ма­ғы­мыз бір айда шамамен 9-10 мың тонна дизель, 7 мың тонна бензин тұтынады. Өңір бойынша 147 жанармай құю стансасы болса, бөлшек саудадағы ең ірілері – «Монолит» (14 стансасы бар), «Петрол» (11), «Пегас» (15), «Гелиос» (21), «Қазақойл» (14) және «Газпромнефть» (3) желілері. «Қазақойл» операторы жанар-жағармайды толықтай «Қаз­МұнайГаздан», өзгелері PETROSUN серіктестігінен алады.

– Өңірдегі жанармай құю стан­са­­ларының (ЖҚС) ахуалын зерделегенде 147 бекеттің 52-сінде дизель отыны бар екені анықталды. Соңғы тәулікте ЖҚС-терде 1 295 тонна трактор отыны және АИ-92/93 бензинінің 564 тоннасы ба­ры тіркелді. Облыстағы сақтау қой­мал­арының жалпы көлемі шамамен 125-130 мың тоннаны құрайды. Қазір өңірлерде шағын бекеттер көп, олар нарықтағы өзге жеткізушілерден дизель отынының литрін 227 теңгеден ғана сатып алады. Ал оны шекті баға 230 теңгеден сату оларға тиімсіз. Соған орай шалғай аудандардағы шағын ЖҚС-тер дизельді уақытша сата алмай отыр. Үкімет жанынан бұл мәселе бойынша жедел штаб құ­ры­лып, жеткізушілер мен станса иелерінің арасындағы бағаны реттеу бағытында шаралар қолға алынуда. Оның нақты нәтижесі алдағы уақытта анықталады деген сенім­деміз. Мемлекеттік кіріс­тер комитетінің хабарлауын­ша, қа­зір пешке жағылатын мұнай өнім­де­рі­нің экспорты өскені бай­қа­лады. Соның ішінде бензин мен дизель отынының қосын­ды­сынан жасалатын әлдебір отын түрін сыртқа сату ұлғайған. Сон­дық­тан біздің зауыт өндірген мұ­най өнімдері шекара асып кет­пе­­сін деген мақсатта шекара бекет­те­рінде бақылау күшейтіле түсті, – дейді О.Крук.

Бізде стратегиялық қор жоқ

Байқалғандай, ірі ЖҚС желілері бү­гінде дизель мен бензинді сату­да қиналып отырған жоқ. Мәсе­лен, «Қазақойл» жанармай түрін еш шектеусіз сатуда. Ал «Гелиос­та» кө­лік басына 50 литрден, «Моно­лит» корпоративтік карта бойынша өз клиенттеріне ғана босатуда. Бұл жағдай ірі стансалардың жеткі­лік­ті қорды жинап алғанын, тек алдағы уақытта нарықта белгілі бір тәуекелдер туындап қала ма де­ген оймен іркіліп отырғанын көр­се­теді. Яғни Үкімет ертең шекті бағаны көтерсе, әлгі стансалар қолда бар қорды шығарып екі есе пайда табады. Бүгінде көптеген жекелеген станса дизельдің литрін 370, тіпті 470 теңгеден сатқан жағ­дай­лар да кездесуде. Бұл бо­йынша облыстық экономикалық тергеу департаменті тексеру шараларын қолға алуда. Қазір жергілікті билік «Пегас» ЖҚС желілерінде дизель отынының қоры жеткілікті дегенге де сеніңкіремей отырғанға ұқсайды. Күзгі жиын-терім жұмыс­та­ры үшін өңір шаруаларына же­ңіл­детілген бағада бөлінген трак­тор отынын жеткізу құқығын атал­­ған компания жеңіп алыпты. Сон­дықтан арнайы органдар бұл мә­се­лені де назарда ұстамақ.

Жуықта павлодарлық белгілі ком­пания Өзбекстан мен Тәжікс­тан­ға 10 вагон бензинді заңсыз жолмен шы­ғар­мақ болып, оны құжат жүзінде детонацияға қарсы қоспа деп көрсеткен. Экономикалық тергеп-тексеру депар­таменті атал­ған контрабандалық іс-әрекетті уа­қыт­ында анықтап, ол бойын­ша қылмыстық іс қозғалды. Де­пар­тамент басшысы Арман Жүні­сов­тің сөзінше, шетелге экспортқа шығарылып жатқан әр мұнай өні­мі­нен сынама алынуда әрі авто­көліктердің қосымша бактары да ше­каралық бекетте тексерілуде.

Өкінішке қарай, өңірде «жанар-жағармайдың стратегиялық қоры» деген ұғым мүлде жоқ. Зауытта өң­делген мұнай өнімдері бірден тиеліп, сыртқа сатылып кетеді. Қа­зір­гі уақытта кәсіпорында арна­йы ыдыстарға 24 мың тонна көлік отыны құйылып қойған. Бұл – мұнайды өңдеуге берушілердің меншігі. Сондықтан сырттан жеткізілетін шикізат тоқтап қалса, зауыттың жұмысы да тоқтайды деген сөз. Мұның соңы аймақта бензин мен дизель отыны тапшылығын туын­датып қана қоймайды, ірі кәсіпорындардың жұмысына да кері әсер етеді. Сондықтан мұнайды өңдеуге берушілердің іркіліссіз жұмыс істеуі аса маңызды.

Түйіндей айтсақ, қазір жер­гі­лікті нарықта дизель отыны мен АИ-92 бензиніне қатысты тап­шылық қолдан жасалып отыр­ған әрекет. Себебі зауыт өңір­ге қажет көлемді ай басында 2,5 есеге көп беріп қойғанын жоға­ры­да мәлімдедік. Мәселенің бар­лы­ғы жеткізушілер мен ірі станса желілерінен шығып отыр. На­рық­тағы ірі дилерлердің ойыны қарапайым тұтынушыларды тығы­рық­қа тіреуде. Бұған қарсы Үкімет жанынан құрылған жедел штаб қандай әрекет қолданар екен?

 

Павлодар облысы