Медицина • 26 Тамыз, 2022

Ядролық медицина: Өмірді ұзартуда пайдасы көп

884 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Былтыр Семейде Ядролық медицина және онкология орталығы ашылды. Бұл отандық денсаулық сақтау саласындағы елеулі оқиғалардың бірі болды. Оның артықшылығы – орталықтағы жоғары технологиялық жабдықтардың көмегімен мамандар түрлі ауыр дертті ерте анықтап, сапалы ем көрсетуге мүмкіндік алып отыр.

Ядролық медицина: Өмірді ұзартуда пайдасы көп

Тың технологияның мүмкіндіктері

Медициналық ұйымның іске қо­сы­лу процесі 3 кезеңнен тұрды. 1-кезе­ңінде «ОФЭКТ-КТ» (бір фотонды эмис­сия­лық компьютерлік томография) диаг­­нос­тикасының жұмысы жолға қойыл­ды. Бұл тың технология арқылы адам ағзасының құрылымы мен анатомиясы зерттеледі. Анатомиялық өзгерістер болса, аталған аппарат бүйректің қалай жұ­мыс істейтінін анықтайды. Ядролық меди­цина және онкология орталығы дирек­т­орының міндетін атқарушы Татьяна Белихинаның айтуынша, бұл – өте са­палы диагностикалық әдіс. Қазір осы әдіс көптеген елде кең тараған үрдіс­ке айна­лыпты.

Таяу перспективада орталықтың тек құрсақ қуысын, бауырды және бүйректі зерттеумен ғана шектеліп қалатын ойы жоқ. Қазір осы аппараттардың көмегімен қалқанша без бен сүйектің қызметін және әлемдік медицинадағы трендтердің біріне немесе «алтын» стандартқа айналған миокард перфузиясын бағалау, яғни жүректің жұмысын зерттеу қолға алынды.

Радионуклидті терапияның артықшылығы

«Орталық қызметін жолға қоюдың келесі кезеңі радионуклидті терапияның ашылуымен байланысты. Бұл еліміз үшін көптен күткен оқиға болары дау­­сыз. Өйткені емдеудің мұндай тәсі­лі Қазақстанның өзге өңірлерінде жүргізіл­мей­ді. Осы арқылы қалқанша безінің қатерлі ісігін радиоактивті йодпен емдеу көзделген. Папиллярлы қатерлі ісік ауруының 85%-ын алып қарасақ, оның барлығы бірдей емделе бермейді. Ал біз науқастың толығымен айығуын айтып отырмыз. Сонымен қатар аталған емдеу әдісінің баламасы жоқ. Осы арқылы науқас күнделікті дәрі-дәрмектерді қа­был­даудан құтылады. Тиреотоксикоз ауруын емдеу де әзірге стационарлы режімде жүргізіліп келеді. Сондай-ақ таяу болашақта бұл дертті де амбулаторлық негізде емдеу көзделіп отыр. Яғни пациенттер емдеу орталықтарына йодты қабылдау үшін ғана келіп, үйлеріне оралады. Алайда әзірге біздің радиациялық қауіпсіздік нормаларымыз бұл емді жүргізуге мүмкіндік бермей тұр», деді Т.Белихина.

Ядролық орталық жұмысының тағы бір кезеңі Позитронды-эмиссиялық то­мография (ПЭТ) диагностикасына қатысты. Оның қатерлі ісік ауруын ерте анықтауда пайдасы зор. Дәрігерлер бұл диагностикалық әдісті қолданудан көп үміт күтеді. Неге десеңіз, қатерлі ісіктің 80%-ға жуығы – онкологиялық ауру. Мамандар осы әдістің ісіктің дамуын баға­лауға мүмкіндік беретінін айтады. Сонымен қатар ПЭТ диагностикасы нев­рологиялық бағытта және басқа да ауруларды зерттеп, ем-дом шараларын тағайындауда септігі мол.

«Қазір мұнда онкологиялық ауру­лар­ға басымдық беріліп келеді. Себебі Ядролық орталық Семейдегі онколо­гия­лық орталықтың базасында жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсетуде. Таяуда осындағы дәрігерлер натрий фторидін де қолдануды тәжірибеге енгізбек ниетте. Өйткені оның көмегімен иммундық ауруларды метастазалық ісіктен ажыратуға болады. Бұл науқастар үшін өте маңызды», дейді ядролық медицина мамандары.

Келесі кезеңі – тұтастай ядролық ме­дицинаға тән тераностика. Ол метас­та­заның дамуын бәсеңдету үшін қа­тер­лі ісік жасушаларын бір уақытта диаг­нос­тикалауға және оларға әсер етуге мүм­кіндік беретін агенттерді құруды қам­ти­ды.

«Шартты түрде қалқанша безін емдеу­ге бізге науқас келді делік. Алдын ала оған диагностикалық сцинтиграфия­ны жүргізіп, йодқа тарап жатқан жасушаларды байқаймыз. Осы сәтте біз йодтың емдік дозасын береміз. Содан кейін үшінші күні сцинтиграфиядан ісіктің қалай жиналғанын, емдеудің әсері бар-жоғын қараймыз. Міне, тераностика дегеніміз – осы. Демек, нені көреміз соны емдейміз. Ядролық медицинаны дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде жаңа радиофарм дәрі-дәрмектердің өндірісін жолға қойып, арнайы жол картасын дайындау жоспарланып отыр. Өкінішке қарай, қазақстандық нарық шағын және шектеулі. Әйтсе де елімізде Ядролық физика институты жұмыс іс­тей­тіні қуантады. Неге десеңіз, әр ел­дің өз арсеналында ғылыми редакторы мен Ядролық физика институты бола бер­мей­ді», деді медициналық орта­лық­тың басшысы.

р

Кемінде 3 технология дайындалады

Т.Белихина сүйек метастазасын емдеу орталық үшін басым бағыттардың бірі екенін айтты. Себебі бұл – бірінші кезекте науқас адамды жаппай ауырсыну азабынан құтқару әрі өмір сүру сапасын жақсарту. Сондықтан самарий терапиясы науқастың жағдайын жеңілдетіп қана қоймай, остеобластикалық метастазадан құтқаруға септеседі. Сүйектердегі метастаза – науқас адам үшін бітпейтін ауырсыну мен азапқа толы уақыт. Сол себепті Ядролық медицина орталығы елордадағы медициналық орталық пен Ядролық физика институты, сондай-ақ Семейдегі медицина университетімен бірлесіп, арнайы ғылыми жобаның аясында 2025 жылға дейін ядролық медицинаға арналған кем дегенде 3 технологияны дайындап шығуды межелеп отыр.

«Жыл сайын осындағы радио­нук­лидті терапия бөлімінде Қазақ­стан­ның әр түкпірінен 500-ден артық адам емделіп шығады. Ядролық орта­лықтың қажетті мамандармен қам­тылуы – 100% деңгейде. Өйткені медициналық ұйым ашылмай тұрып, 10 жыл көлемінде тиісті мамандарды дайындау жұмыстары жүргізіліпті. Бұған қоса олардың көбі әлемнің үздік медициналық орталықтарында білік­ті­лігін арттырған және кәсіби білімді шыңдауға орталық тарапынан ұдайы көңіл бөлініп келеді», деді Ядролық медицина және онкология орталығы директорының міндетін атқарушы.

Орталық тұтастай алғандай 600 мың­нан аса адамға қызмет көрсетуге қау­қар­лы. Кейінгі жылдары 80 қызметкер әлемнің 20 елінде (Аустралия, Польша, Италия, Корея, Швейцария, Эстония, Хорватия, Португалия, Дания, Жапония, Ресей және т.б.), оның ішінде МАГАТЭ жобалары шеңберінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алыпты.

Ядролық медицина және онкология орталығында тәулік бойы стационарлық емге шақталған 155 орын, оның ішінде: 86 онкологиялық, 9 хирургиялық, 53 радиологиялық бейіндегі орын (оның ішінде:15 РНТ), 7 паллиативтік көмек және 40 күндізгі стационар орны қарас­ты­рылған.

 

Абай облысы