Саясат • 26 Тамыз, 2022

Саудадағы тосқауылдарды жою тетіктерін айқындау қажет

309 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Еуразиялық үкіметара­лық ­кеңестің кеңейтілген құрам­дағы отырысына қатысты.

Саудадағы тосқауылдарды жою тетіктерін айқындау қажет

Іс-шараға Қырғыз Респуб­ликасының Министрлер кабинеті­нің төрағасы – Прези­денті Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров, Ресей Феде­рациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Роман Головченко, сондай-ақ бақылау­шылар мен шақырылған елдердің жоғарғы өкілдері – Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Ари­пов және Әзербайжан Респуб­ликасының Премьер-Ми­нистрі Али Идаят оглы Асадов қатысты.

Әлихан Смайылов ЕАЭО елдерінің үкіметтері қабылдаған шаралардың нәтиже­сінде негізгі экономика­лық көрсет­кіштер қалпына келіп, эконо­микалық тәуекелдер ішінара жойыл­ғанын айтты. 

«Атап айтқанда, экономи­каның өсуін тұрақтандыру және қамтамасыз ету жөніндегі шаралар ЕАЭО елдері экономикалары өсуінің орта мерзімді болжамдарын арттыруға мүмкіндік берді. Бірінші жартыжылдықта өзара сауда көлемі ұлғайды. Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 4,8%-ға өсіп, 12,6 млрд долларды құрады», деді Премьер-Министр.

Бұл ретте Үкімет басшысы одан әрі даму үшін бірқатар маңызды мәселелерді шешуге баса назар аудару қажеттігін атап өтті.

Әлихан Смайыловтың пікіріне қарағанда, кедергісіз орта құру – ЕАЭО елдерінің оны құру туралы шартта тікелей жазылған өзара қарым-қатынасының негізі. Барлық қажетті өкілеттіктерге ие Комиссия жетекші рөл атқаруға тиіс.

«Қазіргі жағдайда мемлекеттер біржақты тәртіпте енгізуге мәжбүр болып отырған шектеулердің салдарын жою тетіктерін айқындау маңызды», деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар Үкімет басшысы өзара саудада шектеулер енгізілген кезде басқа мемлекеттердің белгілі бір деңгейде ЕАЭО тауарларымен қамта­ма­сыз етілуі, сондай-ақ үшінші елдерден жет­кізілімдерді жеңілдету үшін жағдай­лар жасалуға тиіс екенін айтты.

Премьер-Министр қазіргі уақытта Одақ елдері бағаның, әсіресе азық-түлік тауарлары бағасының айтарлықтай өсу пробл­е­масымен бетпе-бет келіп отыр­ғанын атап өтті. Мәселен, 6 ай ішінде ЕАЭО-да бағалар орта есеппен 12,9%-ға артқан. 

«Ұлттық валюталар арасындағы айырбас бағамдарында да елеулі бұрмалаушылықтар бар екенін көріп отырмыз, олар америкалық валютаға қатысты кросс-бағамдар арқылы айқындала­ды. Бұл біздің елдердегі сауда мен инфляциялық процестерге айтарлықтай әсерін тигізеді», деді Ә.Смайылов.

Осыған байланысты Премьер-Ми­нистр ЕАЭО елдерінің орталық банк­терінің тиісті консультацияларын өткізуді және үкіметаралық кеңестің кезекті отырысына ұсыныстар енгізуді ұсынды.

Сонымен қатар Үкімет басшысы ЕАЭО елдерінің экспортын дамыту үшін тауарлар транзитінің еркіндігін қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. «Шығыс-Батыс» және «Солтүстік-Оңтүстік» бағыттарындағы еуразиялық көлік дәліздерінің инфрақұрылымын жаңғырту осы бағыттағы маңызды практикалық қадам болуы мүмкін.

«Жоғарыда аталған мәселелерді шешу, соңғы кезде туындаған қиындықтарды еңсеруге көмектеседі деп ойлаймыз. Күш-жігерімізді біріктіре отырып, алдымызда тұрған сын-қатерлерге төтеп бере аламыз және экономикамыздың тұрақты дамуын, сондай-ақ азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеміз деп сенемін», деп түйіндеді Ә.Смайылов.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар бірқатар көпжақты құжатқа қол қойды.