Медицина • 27 Тамыз, 2022

Медициналық ұйымдарды сынға алды

278 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында аталған ведомствоның басшысы Ажар Ғиният өңірлерге жұмыс сапары және халықпен кездесу, азаматтарды қабылдау және ведомствоға келіп түскен арыз-шағымдарды ескере отырып, медициналық көмек сапасының стандарттарын өрескел бұзатын бірқатар аймақ пен медициналық ұйымның жұмысын қатаң сынға алды.

Медициналық ұйымдарды сынға алды

«Жыл сайын медициналық көмек сапасына қатысты 5,6 мыңнан аса арыз тіркеледі. Биыл бірінші жартыжылдықта осындай 2,8 мың арыз-шағым келіп түскен. Бұл ретте 30%-дан аса жағдайда фактілер нақ­ты­ланады. Өкінішке қа­рай, жағдай жақсы жағы­на өзге­ріп жатқан жоқ. Бір­қатар өңірде медици­на қызметкерлерінің өз қыз­мет­­тік міндеттерін орын­­­дау­ға салғырт қарауы және ме­дициналық ұйымдар­дың менеджементі нашар ұйым­­дас­тырылғаны бай­қа­ла­ды», деді А.Ғиният.

Министр медициналық көмек көрсету ережелері мен стандарттарын бұзу жаппай сипат алып бара жатқанына назар аударды. Биыл 6 айда осы тектес 500-ден аса жағдай тіркелген. Сондай-ақ Ме­ди­циналық және фарма­цев­тикалық бақылау комитеті көбінесе жағымсыз жайттарға әкеліп соғатын клиникалық хаттамалардан негізсіз ауыт­қу­ға қатысты 1 600-ден аса фактіні анықтады.

«Ана өлімі жағдайларын тексеру де стандарттардың сақталмайтынын көрсетеді, себебі аналар өлімінің құры­лымын сараласақ, 73% – бұл басқарылатын, яғни әрекет-амал жасауға болатын себеп­тер, 27% өлім жағдайы ғана ауыр соматикалық ауру­лар­дың салдарынан болған», деді А.Ғиният.

Министр ана өлімі бойынша ахуал мәз емес өңірлердің рейтингінде Қарағанды, Пав­лодар, Батыс Қазақстан, Қы­зыл­орда, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қала­сын атады. Ол Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында биыл 3 рет ана өліміне жол берілгенін «сорақы жағдай» деп атады. Сарапшылар бар­лық жағдайда да диагностика кеш жасалғанын, қауіп-қатер мен емдеу тактикасы дұрыс бағаланбағанын нұс­қады. Салдарынан өмірі үшін маңызды ағза мүшелері қай­тым­­сыз өзгеріске ұшырап, соңы өліммен аяқталғанын айтты министр. Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының басшысы қызметінен босатылды.

Амбулатория мен стацио­нар деңгейінде науқастың жай-күйін жете бағаламау, медициналық ұйымдар ара­сын­дағы сабақтастықтың жоқ­тығы салдарынан өлім жағ­дайына алып келген осындай шулы жайттар Жамбыл, Қы­зылорда, Түркістан облыс­тарында да орын алғанын мы­сал­ға келтірді.

«Мұндай сорақы жайттар бүкіл өңірдегі жұмысты жоқ­қа шығарады әрі денсау­лық сақтау саласына нұқсан келтіреді», деп ескертті ведомство басшысы әріптестеріне.

Мәселен, министр атап өткендей, комитетке келіп түс­кен орынды шағымдар бо­йынша аймақтарды саралау нәтижесінде денсаулық сақтау саласындағы ахуал мәз емес 6 өңір анықталды. Олар келіп түскен шағымдардың 59%-ы нақтыланған Павлодар облысы (№1 қалалық аурухана, Екібастұз қалалық ауруханасы, Павлодар қаласындағы №3 емхана). Одан кейінгі шағым көп түсетін аймақтар: Алматы облысы (Іле, Талғар ауданының орталық ауруханасы, Қарасай ауданындағы ауданаралық көпбейінді ауру­хана) – 56,3%, Жамбыл облысы (Байзақ, Жамбыл аудандық орталық ауруханасы, №5, №8 қалалық емханалар, Шу қаласының емханасы) – 51%, Қызылорда облысы (Көпбейінді қалалық аурухана, Шиелі және Жаңа­қорғандағы ауданаралық ауру­хана, №3 қалалық аурухана) – 44,4%, Алматы қаласы (№4 қалалық аурухана) – 35,7%, Маңғыстау облысы (Бейнеу аудандық орталық ауруханасы) – 31,3%.