Экономика • 27 Тамыз, 2022

Көмір дауы биыл да қайталана ма?

314 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Былтыр халықты көмірмен қамтуда көп мәселе туындаған еді. Қара жердің қойнауындағы қатты отынның қоры жеткілікті болса да, қалың бұқара отындық көмірге қол жеткізе алмай қиналғаны есімізде. Биыл мұндай жағдай қайталануы мүмкін бе? Осы сұраққа жауап іздеп көрдік.

Көмір дауы биыл да қайталана ма?

Былтырғы «былық»

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспановтың сөзіне сүйенсек, ведомство осы жылы былтырғыдай келеңсіздікті болдырмас үшін ерте қимылдап жатқан көрінеді. Сон­дық­тан министрлік көмірмен қамту үдері­сі­нің қалай жүргізілетінін халыққа ерте бас­тан жеткізіп, түсіндіруді қолға ал­ған. Ко­ми­тет төрағасының айтуынша, 2022-2023 жыл­ғы жылу беру маусымын ұйым­дасты­ру, коммуналды-тұрмыстық сек­тор мен халық­ты көмірмен алдын ала қам­тамасыз ету іс-шаралары наурыз айында басталған.

Коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халыққа қажетті көмірдің негізгі өндіру­шілері үшеу – Қарағанды өңірін­дегі «Шұбаркөл көмір», Абай облысын­дағы «Қаражыра» және Павлодар аумағындағы «Майкөбен-Вест» компаниялары. Министрліктің дерегінше, осы жылдың 7 айында халық пен бюджеттік ұйымдар үшін кеніштерден 4,5 млн тонна көмір тиелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға жоғары. Жылдың соңына дейін жоспар бойынша 5,1 млн тонна тиелуі қажет.

– Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы салқын ерте түсті де, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы көмір сататын нүктелерде ұзын сонар кезек пайда болды. Бұл өз кезегінде халық арасында дүр­белең тудырды. Өңірлерде халықты кө­мір­мен қамтамасыз ету мәселесі мүд­де­лі тараптардың қатысуымен күн­де­лікті жедел кеңестер өткізу арқылы шешілген еді. Бұған биыл жол бере алмайтынымыз анық. Былтырғыдай әрбір вагонды қадағалап, кеңес өткізуге құлықты емеспіз. Халық салқын түспей тұрып көмірмен қамтылуы қажет, – дейді Ілияс Оспанов.

Осы орайда комитет төрағасы был­тырғы көмір дауын туындатқан негіз­гі себептерді атап көрсетті. Оның пікіріне қарағанда, біріншіден, өңірлерде қажет­ті қор уақтылы сатып алынбаған әрі дұ­рыс қалыптаспаған. Екіншіден, сұра­ныс­тың артуына байланысты салқын түскен кезде көмір тасымалдауға арнал­ған ашық вагондарға деген жетіс­пеу­шілік туындаған. Үшіншіден, кеніш­тер халықты көмірмен қамтуға басым­дық бермеген. Өйткені олардың өз міндет­темелері бар. Алдымен сол міндет­те­ме­лер­ді уақтылы орындауға күш салған.

Қысқасы, биыл өткен жылғы қателікті қайталамау маңызды.

Биылғы бағыт

Жоғарыда, алдағы жылыту маусымына дайындық осы жылдың наурызында басталғанын айттық. Министрлік тиісті Жол картасын әзірлеген. Құжат әкімдіктердің бюджеттік ұйымдар мен халық үшін көмірді алдын ала дайындауын көздейді.

– Жол картасын облыстар мен респуб­ли­ка­лық қалалардың әкімдіктеріне екі рет жолдадық. Олар ұсынған деректер не­гізінде 2022-2023 жылдарға ар­­налған қа­жетті көлемнің жоспары қалып­тас­­тырылды. Осы жоспарға сәй­кес биыл­ғы жылыту маусымында тұтыну көлемі шамамен 9,6 млн тоннаны құ­райды. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық бағытқа 2,6 млн тонна, халыққа 7 млн тонна көмір керек. Жоспарды көмір өндіруші кәсіпорындар мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына да жолдадық. Әкімдік осы жоспардан ауытқымауы керек. Әйт­песе былтырғыдай тағы да мәселе туындайды. Өкінішке қарай, қазірдің өзінде оңтүстік өңірлердің жоспардан қалып келе жатқаны анықталды. Біз бұл мәселені жедел реттеуге тырысамыз, – дейді І.Оспанов.

Былтыр Алматы, Солтүстік Қазақ­стан, Ақмола, Павлодар және Қостан­ай облыстарында көмір жеткізуге қатысты күрделі мәселелер орын алғаны есімізде. Ал соңғы деректерге сүйенсек, қазір Жамбыл (12,7 пайыз), Алматы (17 па­йыз), Қызылорда (20,7 пайыз) облыстары мен Нұр-Сұлтан (5,4 пайыз), Алматы
(11 пайыз) қалаларының жоспарды орындау көрсеткіштері төмен. Ал мамыр айынан бері Қарағанды (51,3 пайыз), Жетісу (96 пайыз), Ұлытау облыстары үш айлық көмір қорымен қамтамасыз етілген.

– Жергілікті атқарушы органдар сал­қын түскенін күтпей-ақ қазірден бастап көмірмен барынша қамту мәселесіне мән беруі керек. Тиісінше, халықпен жұмыс жүргізуі қажет. Өйткені салқын түскен соң, көмірге деген сұраныс артады. Демек баға да өседі. Жоспарлаудағы негізгі мәселелер жергілікті атқарушы органдар ұсынған деректерге қатысты. Олардың мәліметтері кеніштер және «Қазақстан темір жолы» ұсынған деректермен сәйкеспейді. Мұны былтыр аңғардық. Сондықтан биыл барлық көз­ден алынған мәліметтерді салыстыра отырып, қайта тексереміз, – дейді комитет төрағасы.

І.Оспановтың айтуынша, көмірге деген ең жоғары сұраныс шамамен отыз күнді құрайды екен.

– Алдымен өңірлер қанша көмір қажеттігі туралы өтінім қалыптастырып, ұсынады. Аталған өтінім кеніштерге келіп түседі. Олар ондағы көлемді әр айдың 15-іне дейін әзірлейді. Әрі қарай оны көлік ұйымына жолдайды. Көлік ұйымы өтінімді бірнеше күн қарастырып, мақұлдайды. Бұдан кейін көмірді тиеу және тасымалдау басталады. Сондықтан көмірге деген ең жоғары сұраныс түсетін отыз күннің көлемін тұтас кезеңге бөліп тастау керек. Соның нәтижесінде біз қазір жоспарды 10 пайызға артығымен орындап келеміз. Қысқасы, халықты көмірді суық түспей тұрып сатып алуға шақырамыз, – дейді Индустриялық даму комитетінің төрағасы.

Шекарадағы шикілік

Былтыр көмірмен қамтамасыз ету бағытында бетпе-бет келген тағы бір мәселе бар. Ол – жылыту маусымында көмірді республикадан тыс жерлерге кедергісіз шығару фактілерінің анық­тал­уы. Мәселен, Жамбыл облысы әкім­ді­гі­нің мәліметінше, былтыр «Айша бибі», «Сыпатай батыр» және «Қарасу» кеден бекеттері арқылы Қырғызстан бағытында халыққа арналған 123 мың тоннаға жуық көмір экспортталған. Бұл жағдай Ұлттық статистика бюросының және «Қазақстан темір жолының» деректерімен де расталып отыр. Өкінішке қарай, көмірді республикадан заңсыз шығару әлі де жалғасуда.

– Меркі ауданы тұрғындарының ақпа­ратына сенсек, көмір тұйықтарында тіркемелері бар, қырғыз нөмірлі 50-ге жуық автокөлік дайын тұр. Өкінішке қарай, тәулік сайын халыққа тиесілі 2,5 мың тоннаға жуық көмір шекарадан шығарылады екен, – деді І.Оспанов.

Шамалған және Шілбастау стансала­рын­да да дәл осындай схема бойынша Қырғызстанға көмір экспортталады. Өкі­ніштісі, жергілікті атқарушы орган­дар­­дың өкілдері олармен күресуде бел­сенді емес. Олар проблеманың барын біледі. Бірақ «Мұндай масқараны тоқ­та­ту­дың тетігі жоқ» деп қол қусырып отыр.

– Сондықтан Жамбыл, Солтүстік Қа­зақ­стан, Алматы, Түркістан, Қостанай об­лыстары тұрғындарының өтініштері негізінде жылу беру кезеңінде көмір әкетуге уақытша тыйым салуды енгізу туралы мәселе ведомствоаралық ко­мис­­сия­ның отырысына шығарылды. Онда бұл бастама мақұлданды. Қазір бұйрық жобасы мемлекеттік органдарда келісіліп жатыр, – деді ол.

Ведомствоның деректеріне сүйенсек, көрші елдерге көмір экспорты артқан. Атап айтқанда Қырғыз Республикасы бағытындағы экспорт көлемі 19 пайызға, Өзбекстан Республикасы бағытындағы көрсеткіш 30 пайызға өскен. 2021 жылы Қырғыз Республикасына қазақстандық көмірдің экспорты 1 млн 143 мың тоннаны құрады. Оның ішінде «Қазақстан темір жолының» мәліметінше, темір жол көлігімен 1 млн 20 мың тонна шығарылған. Ал автомобиль көлігімен 123 мың тонна (2 050 вагон) отандық көмір шекара асып өткен.