Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Мұқанов мұртынан таныған ақын
Қайраткер-жыршы жайлы 2010 жылы Алматыда «Аруана» баспасынан жарық көрген «Қазақ әдебиеті» атты энциклопедиялық анықтамалықта: «Моңғолия жазба әдебиетінің негізін салушы – Ақтан Бабиұлы (1897-1973) мемлекет мәдениеті мен өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, ақын әрі драматург, сонымен бірге ауыз әдебиетінің белді өкілі. Жас кезінде айтыскер ақын ретінде елге танылған ол 1919 жылдан бастап «Кедей күні», «Сары Мешелге», «Қарау байға», «Жөргем салға», «Халел мен Мәлік молдаға» секілді өлеңдерімен сыншыл да шыншыл ақын ретінде халыққа танылады. Оның Ұмсындық, Ғазиза, Ақбалалармен айтысы сол кездегі қазақ өмірінің айнасы деуге болады. А.Бабиұлы 1940 жылдан бастап аймақтық «Өркендеу» газетіне өршіл үнін қосып, жаңа заманның жаршысы болумен бірге мәдениет пен өнерге қарымды үлесін қосқан сергек саналы қайраткер. Оның оннан астам жинағы жарық көріп, драмалық туындылары театр репертуарының мәйегіне айналды. Ақынның 1940-1960 жылдарда жазған өлеңдері үгіт-насихат сипатында болып, халықты жаңа қоғам құруға уағыздады. Ол достық тақырыбында «Орыс даласы», «Москвам», «Қанды соғыс», «Отан жыры» секілді туындылар, «Қыс», «Жазғы мысал», «Қобда өзені», «Бесбоғданың қойыны», «Бөкентау» секілді табиғат лирикаларын жазды. Ақынның «Бүркіт» (1959), «Досымбек-Балқия» (1964), «Өмір жолы» (1970) секілді поэмалары оның қаламгерлік қарымын жалпақ елге танытқан шоқтығы биік туындылар болумен бірге поэма жанрының қалыптасуына негіз болды», деп жазылыпты.
Расында, бұл кісі Шыңжаң-Алтай бетінде жүріп ауыл молдасынан хат танығаны болмаса, арнайы білім алмаған тума талант. 1967 жылы қазақтың қабырғалы жазушысы Сәбит Мұқанов Бай-Өлкеге барған сапарында өзін күтіп қалың жұрттың ортасында тұрған Ақтанға қарап айғай салыпты: «Ей, сен Ақтан емессің бе?». Ана кісі: «Иә, Ақтанмын, қалай таныдың?» дейді. Сәбең: «Андағы мұртыңнан таныдым» деп күліпті. Ақтан да тыныш тұрмай: «Сен Сәбит емессің бе?» дейді әдейі, танып тұрса да. Сәбең де: «Ой, мені қайдан білесің?» деп қалбалақтап қалады. Сонда Ақтан ақын: «Ұртыңнан таныдым!» депті (Мұқановтың Моңғолияға сапары. «Егемен Қазақстан» газеті. 13 мамыр, 2020 жыл).
Сол сияқты үлкен әдебиетші Қазақ педагогикалық институтының түлегі, танымал ақын Кәкей Жаңжұңұлы:
Туса да неше алуан ағылып жыр,
Бəрі де тек өзіңе табынып жүр.
Алдыңа кеп басымды мен де иемін,
Ассалаумағалейкүм, ақиық жыр!
Жақтырмас «Жасыл шыңдар»
аласаны,
Биікпен қыран «Бүркіт» таласады.
Халқыңның мерейі боп отырсың сен,
Төрінде өлең-жырдың, қара шалым!
Қос шалғың ақиықтың қанатындай,
Қомданса жыр түлкісін алатындай.
Ішегін домбыраңның қозғап қалса,
Сау етіп бір дүлдүл жыр ағатындай, – деп, Ақтан Бабиұлына жүрекжарды жыр арнаған екен. Жоғарыдағы «Биікпен қыран «Бүркіт» таласады» деген жалғыз жол мәтінді тәпсірлегенді жөн көрдік. Кәкей ақын айтып отырған биікпен таласқан «Бүркіт» ол ақынның атақты дастанының аты. Бұл поэмасын ол кісі 1959 жылы жазған екен. Осы дастанның ең бір шұрайлы этнографиялық оқиғаларға толы тұстары моңғол тіліне аударылып, орта мектептің әдебиет оқулығына кірген екен. 1970-ші жылдардан бері қарай орта мектеп бітірген буын ақынның осы поэмасын жатқа білуші еді. Өйткені бұл шығарма сол тұста білім беру бағдарламасы бойынша насихатталуға тиіс туындылар қатарында болды.
Ақындық нағашы жұртынан дарыған
Жалынды жыршы Ақтан Бабиұлы «бұлақ көрсең көзін аш» дегендей ғылым-білімге ынталы жас кездессе, талабын ұштап, қанатын қатайтып, болашағына дұрыс бағыт сілтеп жіберетін жанашырлығы да болған. Мысалы, филология ғылымдарының докторы, алтайтанушы ғалым, моңғол-қазақ тілдерінің салыстырмалы тарихи грамматикасы жайлы құнды еңбек жазған оқымысты ғалым, марқұм Базылхан Бұқатұлы өзінің көзі тірісінде жазып қалдырған естелігінде: «Жеті жасымнан бастап, ақсақалдардың сөзіне құлақ түрдім, мәнді-мағыналы дүниелерді есіме сақтауға тырыстым. Бір күні ауылға бітімі бөлек біреу келді. Басында пұшпақ тымақ. Жанары өткір. Бет әлпеті майланған. Ту биенің қыс асырып сақтаған күрең қазысы секілді. Қылау шалмаған қара мұрты істік сияқты көкке шаншылып, мақамдап-мақалдап сөйлейді екен. Сөйтсем, бұл әлгі атақты ақын Ақтан Бабиұлы екен. Ағытылып сөйлеп отырды. Әсіре дастаншыл жан екен, бір қыдыру жыр айтып тастады. Бағанадан бері екі құлағы қалқиып, тыңдап отырған маған да бір назар салып «Бұл кімнің баласы?» деді, Ақаң. Бізге жамағайын, өзі тақыр кедей, ыңыршағы айналып, жақ сүйегі көннің терісін қырған қара бәкінің қырындай жұқарған, шойнақ шал болушы еді. Сол менің атымнан жауап беріп: «Бұл бала, қарасирақ жетім сорлы, шешесі екеуі ауқатты үйлердің отын жағып, күлін тасып күн көріп жүр. Өте зерек, осыдан бірдеме шығады», деді. Ақтан марқұм маған: «Оқуға барасың ба, қаласаң мектеп басшысына айтып тізімдетейін», деді. Мен қатты қуандым «иә, оқуға барғым келеді», дедім. Ақаңның қойын-қонышы толған дәптер екен. Жай жұқа қаңылтақ дәптерлер емес, былғарымен тысталған күрең дәптерлер. Біреуінде «Ер Тарғын» жыры, екіншісінде «Қалқаман-Мамыр», «Ер Тәуке» деп кете береді. Он шақты бар-ау деймін. Көбі Шәкәрім қажының жырлары. Олай болатын себебі Ақтан ақын тобықты Құнанбай қажы әулетіне жиеншар болып келеді. Ақтанның ақындық дарынының ұшығы осында жатыр. Осылай Ақаңның қолдауымен жеті жасымда мектеп табалдырығын аттадым. Одан кейін Ұланбатырдан жоғары оқу орнын тәмамдап, қызметке араластым», дейді (Қайратұлы Б. Күміс жамбы. – Астана: «Астана полиграфия», 2009. –152 б).
Осы орайда біздің назарымызды аударған дүние жоғарыда айтылған «Ақтан ақынның Абайдың әкесі Құнанбай қажы әулетіне жегжаттығы» жайлы болды. Бұл пікір бұл реткі ұйымдастырылған шара барысында да айтылып жатты. Қобда бетінде Құнанбай қажының жегжаты барын бұрын бірлі-жарым естігеніміз болмаса, нақты біле бермейтін едік. Сол себепті «Ақтан Бабиұлы Құнанбай қажы Өскенбайұлына қай жағынан жиен?» дегенді анықтауға көштік.
Бұл сұрақты біз әуелі сол өлкеге аса танымал шежіресі әрі ата-тек таратудан алдына жан салмайтын Мақидолда Қинаятұлы дейтін қарияға қойған едік, ол кісі көп ойланбай дереу: «Алтай-Қобдаға аты танымал Төлебай ақынның әкесі Бөжектің кемпірі Обиға деген кісі болған. Құнанбай қажының немере қарындасы. Бірақ бұл апаң «Опатай» деген атымен танымал. Осы кісіден Кәріпжан туады. Кәріпжан ақын Ақтанның шешесі» десе, шыңжан-алтайлық ақын, өлке тарихын зерттеуші Рәтбек Мағаздың жазуына қарағанда, Абайдың ұлы атасы Ырғызбайдан: Өсер, Мырзатай, Жортар, Өскенбай атты ұлдар туған. Осындағы Өскенбайдан Құнанбай, одан Абай туса, Өсерден Обиға (Опатай) туған депті. Нақты байлам осы. Яғни Өсер қызы Опатайдан Кәріпжан апамыз туады.
Ал ақын Ақтан Бабиұлының өз кіндігінен тараған баласы қазір Ақмола облысы Целиноград ауданы Приречный ауылында тұратын жасы сексеннің сеңгіріне шыққан Айман Ақтанұлы 2018 жылы жарық көрген «Ақтан Бабиұлы» атты естелік кітабында: «Әкеміз Ақтанның әкесі Баби Әлімбайұлы мен анасы Кәріпжан 1865 жылы отбасын құрған екен. Кәріпжан апамыз 1847 жылы туып, 1922 жылы қайтыс болса, Баби атамыз 1847 жылы Шыңжан-Алтайда туып, 1910 жылы қайтыс болған көрінеді. Бұлар 9 ұл мен 7 қыздың ата-анасы атаныпты. Ұлдың кенжесі Ақтан екен. Әкеміздің ұлы шешесі Опатай да, өз шешесі Кәріпжан да айтыскер ақын болыпты. Әкемізге ақындық нағашы жұртынан дарыған», депті.
Бұл пікірге бұдан басқа да дәлел-дәйектер бар екен. Журналист Тоқан Бодауханұлының 2007 жылы Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде жарық көрген «Абай әулетінен тараған ұрпақ Моңғолияда да бар» атты мақаласында өткен ғасыр басында Шыңжаң-Алтай өңіріне Семейден сауда жасап барған Әттембек деген ақыншалыс адам атақты қара Оспан бидің ауылында өткен бір тойда Ақтан ақынның анасы Кәріпжанмен айтысқаны жайлы жазыпты. Осы мақалада атап өтілгендей, айтыстың бір қызған тұсында Кәріпжан апамыз:
Әттембек, жүрген болсаң
ажал айдап,
Өлеңмен тіл-аузыңды берем байлап,
Болсаң да жеті тілді жеңбей қойман,
Өлеңім келіп қалды Опатайлап, –
дегенде Әттембек ақын:
Анадан жасырмаймын туғанымды,
Өлеңді ақындықпен қуғанымды,
Шырағым, кім боласың
жөніңді айтшы?
Шақырдың Опатайлап ұраныңды, –дегенде Кәріпжан апамыз:
Әттембек қырт екенсің, ақын десем,
Опатай ақын екен менің шешем,
Ағасы ол кісінің би Құнанбай,
Тобықты руы екен сұрай берсең.
Баласы Құнанбайдың Ибраһим,
Артықша зейін берген бір құдайым,
Жауындай өлең жырды нөсерлетіп,
Тамызған таңырқатып тілдің майын.
Қаласың мен сөйлесем жүйең босап,
Тартыппын нағашыма мен де ұқсап,
Арғынның ардагері екен десем,
Арбаның аты екенсің сабан құрсақ, – депті.
Міне, осы өлең жолдарынан біз Ақтан ақын атақты тобықты Құнанбай әулетіне жиеншар-жегжат екенін түсінеміз. Тіпті Айман Ақтанұлының жоғарыдағы естелігінде: «1904 жылы Абай Құнанбаев қайтыс болғанда, бұл ауылға бата жасап Кәріпжан апамыз жеті жасар баласы Ақтанмен бірге бас-аяғы 11 адам барған екен. Абайдың ауылы жегжаты Ақтан мен ұлы әжеміз Кәріпжанды қонақ етіп, ат мінгізіп, шапан кигізіп шығарып салыпты», деп жазыпты.