Алдымен бүгінгі әлеумет ардақтаған арқалы ақын туралы бір ауыз сөз айта кеткеніміз жөн болар. Мұса Жәлел 1906 жылдың 2 ақпанында Орынбор губерниясының Мұстафино селосында туған. 1917-1919 жылдары бұрқ-сарқ еткен революция жас Мұсаға, оның дүниетанымына, өмірге деген көзқарасына айрықша әсер етсе керек. Сол жылдары әдебиет әлемінің табалдырығын аттаған жас ақынның қаламынан туған жалынды жырлар уақыт өте келе татар әдебиетінің шоқтықты туындылары санатына енген. Ұтымдысы сол, ақын адал еңбек пен шынайы қуанышты, мөлдір махаббат пен қайтпас қайсар ерлікті жырлаған. Оның шығармашылығында оттай ыстық Отанды сүю сезімі шүпілдеп тұр. Соғыс кезінде Отан қорғау идеясын насихаттап, жалпы, мына өмірдегі адамдық пен жауыздықтың, ізгілік пен тағылықтың алма-кезек астасып, тайталасып жатқан сұрапыл көрінісін көз алдыңа әкелетін, мөлдір жырларын оқығанда жүрек шымырлатар әсер беретіні бар.
Ескерткіштің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов ел қорғаған есіл ердің өлмес сөзі кейінгі ұрпақтың рухани әлемін байытуға септігін тигізіп жатқанына тоқтала келіп, осы бір алтын тамырлы достықтың арқау жібі бүгін де беки түсетінін айтып өтті. Салтанатты сәтке әдейі келген Татарстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Василь Шайхразиев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Тауфик Каримов, облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени қоғамының басшысы Герихан Яндиев, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиевтер қазақ-татар жұртшылығының ежелден тілегі бір, ниеті ортақ ел екеніне баса тоқталып, ұлттар мен ұлыстар арасындағы сүттей ұйыған бірліктің дәл осындай бір-бірінің асылдарын ардақтап, құрметтей білгенде ғана беки түсетінін айтып өтті. Шынында да, отты жырымен ортақ аспанды нұрландырып, достық алып бәйтеректің тамырына аталы сөз, жалынды жырымен нәр құйған есіл ерлердің есті естелікке айналған бедерлі бейнесінің өзі бүгінгі ұрпағын тіл табысып, беріштей бекем біртұтас болуға шақырып тұрғандай емес пе?!
Ескерткіш алдында Мұса Жәлелдің жалынды жырлары оқылып, көгілдір Көкше аспанында ұлы достықтың нұр шуағы себезгілеп тұрды.
КӨКШЕТАУ