Жаңартылған Конституциядағы адам құқықтары бойынша кейбір нормаларды талдауға кіріспес бұрын конституциялық және гуманитарлық құқықтағы доктринада кеңінен зерттелген адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қысқаша түсініктеме беру қажет.
Негізгі Заңның ІІ бөлімі «Адам және азамат» деп аталады. Ресей және кейбір басқа елдердің конституцияларындағы ұқсас мазмұндағы тарау «Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары» деп аталады, бұл осы конституциялық нормалардың жиынтығының мәнін дәлірек көрсетеді. Қазақстан Конституциясының ІІ бөліміне сәйкес адам және азамат құқықтары мен бостандықтары әдетте бірнеше түрге топтастырылады. Бұл жеке құқықтар мен бостандықтар, саяси құқықтар мен бостандықтар, экономикалық құқықтар мен бостандықтар, әлеуметтік құқықтар мен бостандықтар, мәдени құқықтар мен бостандықтар.
Сонымен қатар Негізгі Заң нормаларын зерделеу кезінде әрбір оқырман «адам» және «азамат» терминдерінің айырмашылығын түсіне бермейді. Арнайы ғылыми ізденістерді жасамай-ақ, мысалы, Конституцияның 10, 11, 33-баптары тек «азаматқа» қатысты деп түсінеміз, яғни мемлекетіміздің азаматы болып табылатын адамдарға. Егер республиканың халықаралық шарттарында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының азаматын шет мемлекетке беруге болмайды, республика өз азаматтарын өз шекарасынан тыс жерде қорғауға және қамқорлыққа алуға кепілдік береді (11-бап). Ал егер 13, 14, 15 және басқа да баптарда «әркім», «барлығы» деген ұғымдар қолданылса, онда әңгіме азаматтығына қарамастан кез келген адамның құқықтары мен бостандықтары туралы болып отыр деп түсіну қажет. Осылайша, әрбір азаматтың адам құқығы бар, бірақ белгілі бір мемлекетте әрбір адам азаматтың құқықтарына ие емес. Сонымен, адам құқықтары оның әлеуметтік табиғатымен алдын ала белгіленеді, туғаннан бастап пайда болады және одан айырылмас құқығы болып танылады (мысалы, өмір сүру құқығы, жеке қадір-қасиетіне құқық). Субъективті құқықтардың құрамдас бөлігі болып міндеттер танылады. Осылайша, әскери қызметті өтеу міндеті тек Қазақстан Республикасының азаматтарына жүктеледі (36-бап), ал салық төлеу міндеті, азаматтығына қарамастан, барлығына қолданылады (35-бап).
Демек, Негізгі Заң адамның биологиялық текті кез келген жеке тұлға ретінде де, мемлекетімізбен құқықтық қатынаста болатын азамат ретіндегі де жеке тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын бекіткен.
Сондай-ақ адам мен азаматтың субъективті құқықтарын олардың бостандықтарынан ажырата білу қажет. Құқық (субъективті) – ол адамның қандай да бір нәрсеге ие болу немесе істеуге болатын заңды қабілеті. Атап айтқанда, өмір сүру, еңбек ету, білім алу құқығы, сайлау және сайлану құқығы, сот арқылы қорғалу құқығы және т.б. құқықтары. Мемлекет азаматтың өз құқықтарын жүзеге асыруы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуді, тиісті құқықтарды жүзеге асыру тетіктерін әзірлеуі керек.
Бостандық (еркіндік) дегеніміз ол таңдауда немесе әрекетте қажеттіліктің, мәжбүрлеудің немесе шектеудің болмауы. «Бостандықтар» – бұл кез келген адам құқықтары, оларды жүзеге асыру үшін мемлекет адамға кедергі жасамауы, бостандықтарын шектемеу керек. Мысалы, Конституцияның екінші бөлімінде бекітілген сөз бен шығармашылық еркіндігі, ой, ар-ождан, жиналыстар мен бірлестіктер бостандығы, жүріп-тұру бостандығы, т.с.с.
Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының жіктелуі өте ауқымды, оны осы мақала көлемінде толығымен зерделеу мүмкін емес. Осылайша, жеке (азаматтық) құқықтар мен бостандықтар – бұл адамның табиғи жағдайынан туындайтын құқықтар мен бостандықтар, олар оған туғаннан бастап тән немесе кейін пайда болады.
Жеке құқықтар мен бостандықтарға өмір сүру құқығы, жеке қадір-қасиетін сақтау құқығы, ізгілікті қарым-қатынас құқығы, жеке бас бостандығы мен қол сұғылмау құқығы, жеке өмірге қол сұғылмаушылық, жеке және отбасылық құпиялар, ар-намыс пен абыройын қорғау, адамның жеке басының құпиясы, хат алмасу, телефон арқылы сөйлесу, пошталық, телеграфтық және т.б. құпиялар жатады.
Ал саяси құқықтар мен бостандықтар дегеніміз – ой және сөз бостандығы, ақпарат алу, бірлесу, қоғамдық іс-шаралар өткізу, мемлекет істерін басқаруға қатысу, сайлау және сайлану құқығы, мемлекеттік қызметке тең қолжетімділік құқығы және т.б. Жекеменшікке құқығы және оны мұраға алу құқығы, кәсіпкерлік қызмет бостандығы, еңбек ету және еңбегі үшін ақы алу құқықтары экономикалық құқықтар мен бостандықтардың белгісі.
Ана болу, әке атану, балалық және отбасын қорғау құқығы; мүгедектер мен қарт азаматтарды мемлекеттік қолдау; қартайған кезде, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік қамсыздандыру; тұрғын үйге құқығы, денсаулық сақтау және медициналық қызмет көрсету құқығы – мұның барлығы әлеуметтік құқықтарға жатады. Мәдени құқықтар: білім алу құқығы, конкурстық негізде тегін жоғары білім алу құқығы және т.б.
Жоғарыда айтылғандардың аясында республика тұрғындарының ерекше назарын алған нәрсе ретінде 6-баптың 3-тармағына енгізілген түзетулерді айтуға болады. Конституцияның 6-бабында «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі, ал халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады», делінген.
Бұл – қазақстандықтардың экономикалық құқықтарына қатысты өте маңызды жаңалық. Сонымен бірге меншік пен меншік құқығы бір нәрсе емес, олар әртүрлі санаттағы құбылыстар ретінде ерекшеленетінін түсіну керек. «Меншік» экономикалық, өндірістік қатынас, ол қоғамның «базисі» ұғымына кіретіні белгілі. Ал «меншік құқығы» ол құқықтық категория, құқықтық қондырманың бір бөлігі. Конституцияның 6-бабының нормаларын осы тұрғыдан ғана түсіну керек. Өкінішке қарай, қоғамда мемлекет өз аумағындағы барлық жерді телімдерге бөліп, халыққа үлестіру міндетті деген теріс түсінік қалыптасқан. Мұндай түсініктің қателігі анық, өйткені жерлердің жіктелуін, олардың құрылымын, мақсатын, белгілі бір мақсаттарға жарамды-жарамсыздығын кез келген адам біле бермейді; жерді өңдеуге және пайдалануға қажетті техникалық және басқа да құралдар барлығында бола бермейді. Ал мемлекетіміздің аумағының кеңдігін ескере отырып, «оларға заттай берілген» жер телімдері көпшілік үшін қолжетімсіз болады және т.б. Сондықтан да кез келген мемлекетте жер қорын және басқа да табиғи ресурстарды басқаруға міндетті уәкілетті органдар, ұйымдар бар, олар азаматтық құқық тіліне аударғанда халыққа тиесілі жерді (яғни басқаның мүлкін) «иелену, пайдалану және билік етуді жүзеге асырады» дегенді білдіреді, бірақ тек осы халықтың мүддесі үшін және олардың игілігі үшін. Конституцияның 6-бабының 3-тармағының жаңартылған редакциясында дәл осылай көрсетілген. Осы орайда айта кететін жайт: мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өз міндеттерін толық атқармауынан халық арасында орынды наразылық тууда.
Халықтың жерге және басқа да табиғи ресурстарға меншік құқығы туралы нормалардың мемлекет жүзеге асыруынан халықтың экономикалық пайда алуы тұрғысынан практикалық мәнін түсіну өте маңызды. Ол үшін табиғи ресурстарды пайдалана отыра, мемлекет (ұлттық компаниялар) осындай қызметтен алған табыстан белгілі бір үлестерін халыққа қолжетімді ету қажет.
Мысалы, Үкіметтің 2011 жылғы 8 қыркүйектегі қаулысымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ еншілес және тәуелді ұйымдары акцияларының пакеттерін «Халықтық IPO бағдарламасы» деп аталатын бағалы қағаздар нарығына шығару бағдарламасы бекітті. Бағдарлама Қазақстан азаматтарына қызметі әлемдік тауар нарықтарындағы жағдайға тәуелді емес компаниялардың акцияларын ұсынуға бағытталған. Ұлттық компаниялардан біріншісі болып 2012 жылы «Қазтрансойл» АҚ, кейін 2014 жылы «KEGOC» АҚ жай акцияларын шығарды, оларды біраз азаматтар сатып алып үлгерген. «Самұрық-Қазына» АҚ веб/сайтында 2017 жылдан бастап 2019 жылға дейін 5 компанияның «Халықтық IPO-ға» шығуы туралы хабарландыру жарияланған болатын. Алайда 2015 жылдың қарашасында бұл бағдарлама «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуына байланысты жойылды.
Соңғы айларда осындай әрекеттер әлеуметтік желілерде белсенді түрде жарнамаланып жүр және мұндай жарнамалар ел Президентінің актілері мен оның фотосуреттеріне сілтемелер арқылы жасалған. Мұндай әрекеттерге жол беруге болмайды. Алайда әлі күнге дейін уәкілетті органдар аталған жарнамалар бойынша жария түрінде пікірлерін білдірмеді. Өйткені «Халықтық IPO» бағдарламасын жаңғырту туралы ресми құқықтық актілер әлі жарияланған жоқ.
Адамның өмір сүру құқығы жөнінде кепілдіктері Конституцияның 15-бабында (2-тармақ) өлім жазасын алып тастау арқылы жүзеге асырылған.
Адамның еңбек ету құқығы бұрын да басты құжаттың 24-бабында бекітілген болатын. Бұл жерде жаңа норма ретінде мәжбүрлі еңбекке тарту «қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін соттау немесе төтенше немесе соғыс жағдайында ғана жол берілетіні» туралы нақтылау болды.
Пандемиямен байланысты төтенше жағдай (ТЖ) кезеңінде, әсіресе 2020 жылы екі айға жуық уақытқа созылған төтенше жағдай режімі кезінде бүкіл халықтың конституциялық құқықтары мен бостандықтары әртүрлі шектеулерге ұшырады. Мұндай төтенше жағдай бірінші рет болды. Қазақстанда, басқа да көптеген мемлекетте сияқты пандемия кезінде қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу тәжірибесі бұрын-соңды болмаған. Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс туралы заңнама мұндай жағдайларға бейімделмеген болып шықты. Іс жүзінде қарапайым тұрмыстық мәселелерге дейін әлеуметтік, кәсіпкерлік, еңбек, білім беру қатынастары және т.б. салалардағы барлық ұйымдастыру мен басқару құзыреттері санитарлық-эпидемиялық қызметке жүктелді.
Осыған орай 61-бапқа енгізілген новеллалар бойынша халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті қорғауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Үкіметтің заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілген заң жобалары Парламент палаталарының бірлескен отырысында дереу қарауына жатады. Ал мұндай заң жобалары Парламентке енген жағдайда Үкімет уақытша нормативтік-құқықтық актілер қабылдауға құқылы, олар Парламент қабылдаған заңдар күшіне енгенге дейін немесе Парламент заңдарды қабылдамағанға дейін қолданыста болады деп реттелген.
Тәртібі мен шарттары конституциялық заңмен белгіленетін азаматтардың Конституциялық сотқа жүгіну құқығы туралы жаңашылдық (72-бап) та әркімнің сот арқылы қорғалу құқығын іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталған. Бұл новелла азаматтардың жалпы сот төрелігіне деген сенімін айтарлықтай нығайтады, өйткені Конституциялық кеңес (сот) халық арасында жалпы юрисдикциядағы соттарға қарағанда жоғары сенімге ие.
Конституцияға адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған өзгерістер мен толықтырулардың бағытын көрсететін тағы бір фактор – Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын, оның мәртебесі мен өкілеттіктерін нығайту. Оған осы институт туралы негізгі ережелер енгізілген жаңа 83-1 бап дәлел бола алады, бұл нормалар одан әрі арнайы конституциялық заңда бекітіліп, нақтыланбақ.
Азаматтардың сайлау және мемлекеттік басқаруға қатысу құқықтары Конституцияның 87-бабында тиісті салдарлармен мәслихат депутаттарының әкімге сенімсіздік білдіру құқығы туралы нормалармен толықтырылған.
Олай болса адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары туралы нормалар еліміздің Негізгі Заңында одан әрі бекітіліп, олардың іс жүзінде жүзеге асырылу дәрежесін арттыруға әкелетіні сөзсіз деп айтуға толық негіз бар.
Сара ИДРЫШЕВА,
заң ғылымдарының докторы