Аймақтар • 29 Тамыз, 2022

Жаңа өңірдегі алғашқы жиын

265 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұл – өңірдегі тұңғыш тамыз кеңесі. Жетісу өз алдына дербес облыс болғалы білім саласының мамандары бір шаңырақ астында алғаш рет бас қосып отыр. Болашақтың баяны, келешектің кепілі мұғалім берген сапалы білімге байланыс­ты. Биыл білім саласының бюджеті 138 млрд теңгеден асып отыр. Бұл – әлеуметтік салаға бөлінген қаражаттың шамамен 65 пайызы. Демек жетісулықтар басым бағытты білім саласына бұрып отыр деген сөз.

Жаңа өңірдегі алғашқы жиын

Аталған конференция Бала­лар жылына орай дайындалған бейнеролик көрсетілімімен шы­мылдық түрді. Жетісу облы­сы­ның әкімі Бейбіт Исабаев алғашқы болып сөз алып, тамыз конференциясы білім берудегі бағытымызды айқындап, ортақ мәселелерді талқылайтын ашық алаң екенін атап өтті.

«Білім беру саласында жаңа заман талабына сай ен­гі­зі­ліп жатқан өзгерістер мен жүргізіліп жатқан рефор­ма­лардың басты тірегі – сіз­дер. Сондықтан бұл істе үлкен жауап­­кершілік те, ла­йық мәр­тебе де сіздердің үлес­те­рі­ңіз­де. Бір қуантарлығы, біздің Жетісу облысында апатты және үш ауысымды мектептер жоқ. Сондықтан ендігі біздің басты назарымыз – білім сапасын көтеру мен тәрбие тізгінін мықтап ұстауға бағытталуға тиіс», дей келе қазіргі таңда облыста 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі білім­мен қамту көрсеткіші 98,3 пайызды құрап отырғанын жеткізді. Биыл Жетісу облы­сын­да 1 сыныпқа баратын бал­ғындардың 76 па­йызы қазақ мектептерін таң­даған.

«Адам – мемлекеттің бас­ты байлығы болса, балаларды оқыту мен тәрбиелеу – біздің ең негізгі міндетіміз. Өкінішке қарай, биыл 7 айда облыстағы кәме­летке толмағандардың қа­ты­суымен 52 қылмыс жасал­ған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есеге өсіп отыр. Суицид мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ», деп өзекті мәселені де айт­қан облыс басшысы мұны шешу мақсатында биылдан бастап тәрбие үдерісінде мектеп пен ата-аналардың өзара жауапкершілігіне негізделген «оқушы – мектеп – ата-ана» бірлескен жұмыс форматы енгізілетінін тілге тиек етті. Сонымен қатар аймақ бо­йын­ша жаңа оқу жылы қар­саңында атқарылған істерді де мәлімдеді.

Облыс бойынша 95 мектепке турникет, барлық білім ошағына «дабыл түймелері» орнатылған. Ал 57 мектептің бейнебақылау камералары интернет желісі арқылы Жедел бақылау орталығына қосылған.

«Жастарға техникалық және кәсіптік білім беру, оларды жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ», деді өңір басшысы. Облыстағы кәсіптік білім беретін мекемелерде 50 мамандық, 93 біліктілік бойынша мамандар даярланады. Әрбір кадрды нарық сұранысына сай әзірлеу керек. Қазіргі уақытта қажетті мамандықтар үшін облыстық бюджеттен 192,1 млн теңге бөлініп отыр.

Өз кезегінде баяндама жаса­ған облыстық білім басқар­ма­сының басшысы Айжан Адамбекова:

«Бүгінгі тамыз кеңесінің «Бі­лімді ұлт: терең білім, еңбек­қорлық және отаншылдық қа­сиет» тақырыбы аса маңызды құндылықтарды міндеттейді. Облыста 405 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 3 328 педагог 36 524 балаға тәр­бие беруде. Балабақша тәр­бие­шілерінің біліктілік артты­ру курстарының мазмұны қай­та жаңарды. Жалпы, 3 328 тәр­биешінің 26 пайызы ғана жаңа жүйе бойынша аттестат­­­талған. Демек мектепке де­­­йін­гі білім беру ұйымдары бас­­­шыларының алдында педагог әлеуетін арттыру бо­йын­ша жү­йелі түрде жұмысты ат­қа­ру – басты бағыт», дей келе, жаңа оқу жылында орта білім бе­ру жүйесіне біршама өзгеріс енгізілгенін айтты.

Биыл жастардың техни­ка­лық және кәсіптік оқумен қамтылу көрсеткішін арттырып, нарыққа қажетті жұ­мыс­шы мамандықтарды дайын­дау­ға ерекше назар аударылады. Сол сияқты мектепке дейінгі ұйымдар желісін ұл­ғай­ту мақсатында мемлекет-жекеменшік серік­тестік тетігі жандандырылып, инвестиция тарту жұмыстары жүйелі жүргізілуге тиіс. Бас­тал­ғалы отыр­ған оқу жылын­дағы бағыт-бағдар негізінен осын­­дай мін­дет­терге негіз­де­леді.

«Біз педагогтердің әлеуетін қолдана отырып, әр мұға­лім­нің кәсіби өсуіне жағдай жасаймыз. Сонымен қатар жас мамандарды және тәжірибесі жоқ мамандарды қабылдауда да өзгеріс бар, яғни педагог категориясын алу үшін міндетті түр­де ұлттық квалифи­кация­лық тест өткізуі қажет. Жас педагогтерді қолдау мақса­тын­­да «Жас мұғалімнен – жа­сам­­паз ұстазға» жобасы әзір­ле­нуде. Бұл жоба аясында әр жас педагогтің кәсіби өсу марш­руты құрылып, мен­тор­лық жұ­мыс­тар ұйым­дас­тырылады», деп атап өтті А.Адамбекова.

Білім басқармасы басшы­сының сөзіне сүйенсек, биыл 10 мектеп іске қосылады. 9 білім беру нысанына 4,9 млрд теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. 90 мектепке жа­ңа модификациялық кабинет алынуда. Барлық оқушы оқу­лық­пен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттілігі бар бала саны – 7 264, оның ішінде мүгедек бала – 2 059. Бүгінге дейін 996 балаға қызмет көрсетілсе, кезекте 1 060 бала тұр. Осы мәсе­лені шешу үшін 2023 жылға Талдықорған қаласында және Көксу аудандарында психо­ло­гия­лық-педагогикалық түзету кабинеттерін ашу жоспарланып отыр.

Жиын барысында техни­ка­лық және кәсіп­тік білім беру жүйесі бағытындағы мәселелер де сөз етілді. Жетістіктер сараланды. Сонымен қатар арнайы шақыртылған білікті маман­дардың дәрістері тың­далды. Одан кейін үздік жетістік көр­сет­кен ұстаздар марапатталды.

Айта кетейік, жалпы облыс­тағы 340 мектепте 15 691 мұға­лім, 405 мектепке дейінгі білім беру ұйымында 3 328 педагог жұмыс істейді. Өңірдегі педагог кадрларға қажеттілік 176 бірлікті құрап отыр.

 

Жетісу облысы