Орта білім. Жиында сөз алған Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, 1 қыркүйекте еліміздегі барлық мектепте Білім күніне арналған салтанатты іс-шаралар, сынып сағаттары өтеді. Іс-шараның форматын, қатысушылар құрамын білім беру ұйымдары өздері айқындайды.
– Оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 31 мамырға дейін, яғни 36 аптаға созылады. Жаздың алғашқы күнінен бастап оқушылар дәстүрлі түрде жазғы демалысқа шығады. Тиісінше, жаз айларында балалар толығымен демалады. Үш ауысымды мектептерді қоспағанда 7 259 мектеп жаңа оқу жылында бес күндік оқыту режіміне көшеді, бұл мектептерде 3,4 млн бала және 300 мыңнан көп педагог бар. Министрлік мемлекеттік тілде білім алатын 1-сыныптарға тек қазақ тілін, орыс тілінде білім алатын 1-сыныптарға мемлекеттік тіл мен орыс тілін ғана оқыту туралы шешім қабылдады. Қазақ тілінде білім беретін мектептерде 2-сыныптан бастап орыс тілін оқыту басталады. Ал ағылшын тілі барлық мектепте үшінші сыныптан бастап оқытылады. Сондай-ақ балаларды ерте кәсіби бағдарлау мақсатында 1-сыныпқа «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәндері «Көркем еңбек» пәнінің орнына жүргізіледі. «Жаһандық құзыреттілік» факультатив пәні биыл 5-11 сыныптар үшін міндетті курс болады. Курста «Адалдық және этика», «Экологиялық мәдениет», «Азаматтық», «Тіршілік қауіпсіздігінің негіздері», «Медиасауаттылық және қаржылық сауаттылық» модульдері қамтылған, – деді Ш.Каринова.
Министрдің орынбасары баяндағандай, педагогтерді жұмысқа қабылдаудың жаңа тәртібі бекітілді. Мұғалімдер конкурстан өтеді. Негізгі талаптарға білім, еңбек өтілі, ұлттық біліктілік тестілеу нәтижелері және біліктілік санаты, кәсіби жетістіктері жатады. Ал мектеп директорларын ротациялау жалғасып жатыр. 2022 жылы 1 200-ден аса директор ротациялауға сәйкес келеді. Бүгінде 414 директор ротациядан өтті.
Техникалық-кәсіптік білім. Қазақстандық 770 колледжде 489 мың студент білім алып жатыр. Мемлекет басшысы тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамтуды тапсырған. Осыған орай мемлекеттік тапсырыс республикалық бюджет есебінен 45 мың орынға ұлғайтылып, 128 мың орынды құрап отыр.
– Биыл көмекті қажет ететін балаларды қабылдау үшін грант квотасы 50%-ға дейін ұлғайтылды. Осы жылдан бастап министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, кәсіпорындардың сұранысы бойынша кадрларды жұмысқа орналастыру бойынша мақсатты даярлауды енгізуге кірісті. Бұл үшін кәсіпорын колледжбен мақсатты дайындық туралы шарт жасайды. Кәсіпорын өз базасында педагогтердің және студенттердің практикасын ұйымдастыру, жас мамандарды жұмысқа орналастыру бойынша міндетті өзіне алады. Бүгінде кәсіпорындардан 10 мың орынға мақсатты мемлекеттік тапсырыс алуға өтінімдер түсті. Негізі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлердегі колледждерді ірі бизнеске қамқорлыққа алу тәжірибесі бар. Қазіргі таңда 498 кәсіпорын 410 колледжді қамқорлыққа алған, – деді бірінші вице-министр.
Ш.Каринованың сөзіне қарағанда, колледждерге академиялық дербестік берілді. Биылғы оқу жылынан бастап колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп оқу бағдарламаларын жасап, оқыту мерзімдерін еңбек нарығына сәйкес бірге анықтай алады. Түркістан, Атырау және Ақтөбе облыстарында 2 мың орынға 6 жатақхана қолданысқа берілді. 165 мемлекеттік колледжде жөндеу жүргізілді.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім. Жаңа оқу жылында студенттер, оның ішінде шетелдік студенттер дайындықтың барлық бағыты бойынша дәстүрлі форматта оқиды. Баспасөз конференциясында қазақстандық жоғары оқу орындарындағы жаңа оқу жылына дайындық пен оқыту форматы туралы баяндаған Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов:
– Жоғары оқу орындарында 1-курс студенттерін қабылдау аяқталуда, олардың әлеуметтік бейімделуі үшін жағдай жасалады. Бүгінгі таңда оқу процесін офлайн форматта бастау жоспарланып отыр. Қажет болған жағдайда жоғары оқу орындары академиялық саясатқа және жаңа оқу жылында білім беру процесін ұйымдастыру форматына өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарайды. Сондай-ақ министрлік жатақханалардағы орындарға қажеттілік туралы деректерді жаңарту бойынша жұмыс жүргізді. Бүгінгі таңда үш облыстың (Атырау, Ұлытау және Қызылорда облыстары) 28 жоғары оқу орнында жатақханалардағы орындармен 100% қамтамасыз етілген. Болжам бойынша жаңа оқу жылында жатақханаға мұқтаж студенттердің саны 89 мыңнан асатын адамды құрайды. Бұл ретте ең үлкен қажеттілік Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында байқалады. Жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін шешу үшін 30 жоғары оқу орындары қонақүйлер мен хостелдердің иелерімен 16 819 төсектік орынды жалға алу бойынша шарттар мен меморандумдар жасады, – деді.
Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, жалпы, жаңа жатақханалар салу 2018 жылдан басталған. Содан бері жоғары оқу орындарында 20 761 төсектік орынға арналған 93 объект, оның ішінде 2022 жылы 1 470 төсектік орынға арналған 6 объект пайдалануға берілді. Бүгінде еліміздің 103 жоғары оқу орнында әкімшілік-оқу корпустарын, жатақханаларды, кітапханаларды, спорт залдарын, асханаларды жөндеу, сондай-ақ жылыту жүйелерін жөндеу жұмыстары жүргізілген.
– Жаңа оқу жылынан бастап бакалавриат стипендиясы 20%-ға (31 423 теңгеден 36 660 теңгеге дейін), магистратура мен докторантура үшін 15%-ға (тиісінше 76 950 теңгеден 86 987 теңгеге дейін, 172 500 теңгеден 195 000 теңгеге дейін) ұлғайды. Жалпы, бұл ұлғайту шамамен 161 мың білім алушыларға қатысты болады, – деді Т.Ешенқұлов.