Қоғам • 29 Тамыз, 2022

Құтыдан құт іздемейік

361 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қоғамда «энергетикалық, сергіткіш» деп аталып кеткен, жарнамасы көздің жауын алып тұрған сусындарға қатыс­ты жағымсыз әрі күмәнді пікірлер өте көп. «Жел тұрмаса шөптің басы қимыл­да­майды», демекші жұрттың әлгі сусындарға деген көзқарасының оңды болмай тұрғаны баршамызды ойландыруға тиіс.

Бұл өмірдегі дәм-тұзы ерте таусылып, қыршын кетіп жатқан талайлардың өліміне сергіткіш сусындар себепкер болып жатқаны туралы пікірлерді жиі естиміз. «Горилланы» көп ішетін еді, «Дизиді» күн демей, түн демей тұтынатын еді, «Редбулды» қолынан тастамайтын еді, міне, ақыры не болды, марқұмның» деген сөздерді сіз де талай естіген боларсыз. Осы іспеттес пікірлерге қарап энергетикалық сусындардың денсаулыққа тигізетін зиянын іштей сезіне түсесің. Алайда соны біле тұра мұндай сусындардан саналы түрде бас тартып жатқандар аз. Көшеде сергіткіш сусындарды көмейіне құйып алып аяғын алшаң басып бара жатқан адамдардың қарасы қалың. Қолына құтыны қысып ұстаған жамағат әлгі сергітеді деген сусынсымақтардың зияны жөніндегі ақпараттарды естімегендей не оған мән бермегендей алаңсыз.

Бүгінде сергіткіш сусындарды тұтынбай­тын ел кем де кем. Бойға қосымша қуат береді деп есептелінетін сусынға құмарлардың қатары өсіп барады. Әсіресе жастардың арасында құтыдан құт іздеп, ондағы сусынды сіміру сәнге айналған.

Бұл өнімдердің зияны жөнінде мамандар аз айтып жүрген жоқ. Әрине, энергетикалық сусындарды өндірушілердің өкілдері тарапынан оның зиянсыз екенін айтушылар да табылады. Бірақ соңғысының үнінен алдыңғысының дауысы басым.

Мамандар сусын құрамында кездесетін кофеиннен жүрек соғысының жиілігі артып, артериалды қан қысымы көтеріліп кететінін, ағзада зат алмасу бұзылатынын, бауыр мен ұйқы безі сыр беретінін айтады. Кофеин психикаға, жүйке жүйесіне қатты әсер ететіндіктен әлгі сұйықтыққа деген тәуелділік туындайтын көрінеді. Сондай-ақ сусынның әсері басылғанда адам тез шаршап қалатын болады. Мұның барлығы айналып келгенде адам денсаулығын төмендетеді, дертті етеді.

Міне, осының барлығын біліп отырсақ та энергетикалық сусындардың «қан қасап шабуылынан» қорғана алмай, шарасыздық танытудамыз. Егер ол жұрт айтып жүргендей емес, шын мәнінде, зиянсыз болса, оның өзін нақты ғылыми тұрғыда дәлелдеп беруіміз керек қой, бірақ бұл жағына да дәрменсізбіз.

Қалай дегенде де бізге сергіткіш сусындарды сату ісіне шектеу қою қажет секілді. Сергітетін әрі еліртетін сусында бір кәкір барын халық біліп отыр. Оның саудасын шектесек салыққа түсетін ақша кемиді дегенді алға тартатындар да бар. Бірақ бізге ақша емес, халықтың денсаулығы маңызды. Ал халықтың бұзылған денсаулығын түзеуге кететін қаржының жанында әлгінің өндірісі мен саудасынан түсетін салық көлемі жай тиын-тебен ғана болатынын түсінейік.

Біз энергетикалық сусындардың саудасын мүлдем тоқтатып тастамасақ та оны сату жолдарын реттеуіміз керек-ақ. Сол үшін бұл өнімдердің адам ағзасына зиянын зерттеп, зерделеп, нақты бір тұжырымға келгеніміз жөн. Егер, оның зиян екені шын мәнінде, ғылыми мәнерде дәлелденіп жатса көп созбай, оны сатуды шектегеніміз абзал. Өйткені бүгінде энергетикалық сусындар бала-шаға, жас-кәрі демей сатыла береді.

Шектеу шаралары қолға алынса, бірінші кезекте оның жарнамасын азайту, акциз енгізу, адам денсаулығына кері әсер ететін қоспалар жайында тұтынушыларға шынайы ақпарат беру, жас ерекшеліктеріне қарай сату, құтылардың сыртындағы қажетті мәліметтерді ірі әріптермен жазу және басқа да мәселелер қамтылуы қажет. Осы жерде айта кетейік, энергетикалық сусындардың ыдысына «Аяғы ауыр әйелдерге, балаларға, жасөспірімдерге, қарттарға, жүрек-қан тамырлары ауруымен ауыратын адамдарға мүлдем пайдалануға болмайды» деп жазылған. Бірақ ол емін-еркін сатылып жатыр. Қазақстанның бас санитарлық дәрігерінің 2013 жылдың 19 тамыздағы «Сергітетін компоненттері бар сусындарды сатуға тыйым салу туралы» қаулысы бар. Онда орта және арнаулы орта білім беретін, жоғары оқу орындарында, денсаулық сақтау мекемелерінде, жасөспірімдер мен жастар көп жиналатын жерлерде, мәдени-көпшілік шараларда сергіткіш сусындарды сатуға шектеу қойылған. Бірақ мұны орындап жатқан ешкім жоқ. Қорыта айтқанда, бәрінен де халықтың денсаулығын қорғау маңызды. Олай болса, азаматтарымыздың денсаулығына зиянын тигізетін өнімдерді шектеу, олар туралы шынайы ақпарат беру мәселесіне мемлекеттік саясат тұрғысынан қарауымыз керек. Бұл – өмір талабы.