Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ресми қонақтарды жылы қабылдаған өңір басшысы Бас консулдың кездесу туралы өтінішін ризашылықпен қабылдағанын және олардың ұсыныстарын тыңдауға әзір екенін жеткізген.
Естеріңізге сала кетейік, биыл Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық байланыстардың орнағанына 30 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде жан-жақты қарым-қатынас тереңдей түсіп, экономикалық бағытта үлкен жұмыстар атқарылды. Бүгінде шұрайлы Жетісу жерімен шектесіп жатқан алып держава өлкелі өңірмен әлеуметтік-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделі. Осыған орай бірнеше ұсыныс-тілегін білдіріп, алда атқарылар шаруаның жоспарын сызып кетті.
Мәселен, олар Жетісу облысы мен шекаралас Шыңжаң өлкесі арасында бауырластық байланыс орнатылса деген ниетте. Сонымен бірге мәдени-рухани бағытта да әріптестікке дайын. Оған қоса іскерлік қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеріп, «Қорғас» аймағында ірі жобаларды жүзеге асыруға белсене қатысуға ықыласты. Бұл ретте туындаған мәселелерді жедел шешуге ықпал ететін өңірлік деңгейде үйлестіру механизмін құру туралы тілегін жеткізді.
«Өйткені шекара аймағында жергілікті билік деңгейінде шешілетін мәселелер туындаған жағдайда тек орталық органдар арқылы жұмыс істеуге тура келеді және ол біршама уақытты алады. Сондықтан бізге іс барысында туындаған мәселелерді талқылап, шешуге жергілікті билікпен жұмыс істеген әлдеқайда тиімді болар еді», дейді Ц.Вэй.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев өз сөзінде алдымен жалпы Жетісу өлкесінің Қытаймен шекаралас аймақтарының халықаралық көлік дәлізі ретіндегі, экономикалық, туристік және басқа да бағыттардағы инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталды. Соның ішінде «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы, «Достық» бекетіндегі қолға алынатын жобалар жайында да қысқаша айтып өтті. Мәселен, АЭА аумағында қазір 600 гектардан астам жерге инженерлік инфрақұрылым тартылған. Бүгінде бірыңғай реестрде жобаларының жалпы сомасы 500 млрд теңге болатын 28 қатысушы тіркелген. 2016 жылға дейін соның 20 жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Қытаймен арадағы сауда, экономикалық, инвестициялық ынтымақтастыққа кейінгі жылдардағы індеттің өршуі біраз тежеу болды. Бірақ қос тарап та эпидемиологиялық жағдайдың реттелетіне сенім артады.
Екінші тараптың ұсынысына қатысты Бейбіт Исабаев Шыңжаң өлкесімен әріптестік қатынастарды орнықтыруға қазақстандық тараптың да ықыласты екенін айтты. Ал «Қорғас» ХШЫО орталық органға қарайтын болғандықтан, бұл мәселені өзара ақылдаса отырып шешетінін жеткізді. Жетісулықтар рухани-мәдени байланыстарды орнықтыруға қарсы емес. Сол сияқты «Қорғас» аймағында аса ірі қытайлық инвестордың бастаған үлкен жобасы індеттің кесірінен үш жылдан бері тек 10 пайызы ғана ілгері жылжығанын тілге тиек етіп, Бас консулдан осы жобаның сәтті іске асырылуына ықпал етуді сұрады.
«Облыстың 2026 жылға дейінгі инвестициялық портфелі жасақталған. Оған жалпы сомасы 1 трлн теңге болатын, 8 мың жұмыс орнын құрайтын 172 жоба енгізілген. Бірақ соның ішінде қытайлық ірі инвесторлар жоқ», дейді Б.Исабаев. Сонымен қатар ірі компанияларды Жетісу жеріндегі инвестициялық мүмкіндіктерден хабардар ете жүруді сұрады.
Жалпы, Жетісу өңірі өз алдына дербес аймақ ретінде қайта құрылуына қатысты бөлініс процедуралары жүріп жатыр. Қыркүйектен бастап жеке облыс ретінде әлеуметтік-экономикалық дамуға бағытталған іс-жоспарларға толық көлемде кіріспек. Сондықтан Қытай тарапынан айтылған мәселелерді облыс әкімі жан-жақты саралап, кездесуді ынтымақтастық нотасында тәмамдады.
Жетісу облысы