Аймақтар • 30 Тамыз, 2022

Балаға бақыт сыйлаған «Атамекен»

419 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы «Атаме­кен» балалар мен жасөс­пі­рімдер туризм және экология орталығы жазғы дема­лыс маусымын аяқтады. Жыл­дағы­дай мұнда биыл да мың­даған бала каникул қызы­ғы­на батып, кере­мет демалды. Енді оларды жаңа оқу жылы, білім бәсекесі күтіп тұр...

Балаға бақыт сыйлаған «Атамекен»

Орал қаласының дәл іргесінде, Шаған өзенінің жағасында балалар демалысына арналған үйлер 1937 жылдан салына бастапты. Ендеше биыл «Атамекен» балалар мен жасөспірімдер туризм және экология орталығына 85 жыл деп айтуға негіз бар екен!

Атына заты сай орталық соңғы жылдары жас өренді туған жерін сүюге, табиғатпен бір болып, белсенді өмір сүруге баулып келеді.

Мысалы, биылдың өзінде мұнда Орал қаласындағы 52 мектептің 10-сынып оқушылары әскери оқу-далалық жиын өткізді. Яғни 900 бозбала тұңғыш рет ересек өмірдің дәмін татып, Отан алдындағы жа­уап­кершілікті сезінді.

Ал үш ай жазда бұл жерде оқу­шы­лардың ойын-күлкісі бір тынбады. Жеті ауысымға бөлінген дем­а­лыс лагерінде жалпы саны 1 мың­нан аса ұл-қыз демалып үлгеріпті. Олардың басым бөлігі – оқу озаттары, дарынды балалар және көмекке мұқтаж, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар болған.

«Атамекен» орталығының бас­шысы, «Үздік өлкетанушы» төс­бел­гісінің иегері, өңірде туризм са­ласын дамытуға ерекше үлес қо­сып жүрген Айболат Құрымбаев «әр бала туған өлкенің табиғат таң­ғажайыптарын, тарихын, мәде­ниетін жетік білуі керек» деген прин­цип ұстанатын азамат. Сон­дық­тан да «Атамекен» орталығына келген ұл мен қыздың аз уақыт ішінде өзгеріп, тамаша демалыс­пен бірге эстетикалық тәрбие алып шығады.

– Биыл біздің орталықта демал­ған оқушылар мағыналы да мән­ді демалыс өткізді деп се­нім­мен айта аламын. Бұл жерде көріп, үйренген дағдылары ал­дағы өмірде де пайдалы болары анық. Мысалы, олар лагерь аума­ғындағы әр нәрсенің қай жерде, қалай орнатылғанын және мән-мағынасын түсіндіретін «Әр заттың өз орны бар» атты ойын ойнайтын. Сондай-ақ қаладағы музейлерге саяхат жасады, туристік, спорттық ойындарға қатысты, өзенде байдаркамен серуендеп, ұлттық қол­өнер мектептерімен де таныс­ты. Туған жер табиғатын қорғайтын экологиялық үйірмелерге қатысып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының да дәмін татты, – дейді Айболат Шамұратұлы.

«Атамекен» орталығында биыл­ғы каникул қызығын көрген 354 бала – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған немесе жетім балалар екен.­ Сондай-ақ жазғы сауықтыру ла­ге­рінде Маңғыстау, Атырау, Ақтө­бе облыстарынан, Ресей Феде­ра­циясының көршілес аудандарынан және Батыс Қазақстан облы­сындағы ауылдардан арнайы жол­дамамен келген балалар да ес­тен кетпейтін демалыс күндерін өт­кізген. Мұндағы ұйымшылдық, ішкі бірліктің күшті болғаны сондай, Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі «Балалар жылына» арнап өткізген спартакиадада атамекендіктер командасы 1-орынға ие болыпты!

– Биыл 1 маусым мен 21 тамыз аралығында «Атамекен» орта­лығында барлығы 1049 бала демалды. Оның ішінде аз қамтылған 355 бала тегін демалса, дарынды 200 оқушы 50% жеңілдікпен, 494 бала ақылы есепте демалды. Орталық аумағында 5 күндік «Мирас», «Рахат» күркелі лагері, «Қайсар» спорт­тық, әскери-патриоттық ерлік лагері ұйымдастырылды. 1-25 мау­сым аралығында өткен «Мирас» күркелі лагеріне 600 бала қатысса, 27 маусым мен 16 шілде аралығында ұйымдастырылған «Қайсар» спорт­тық, әскери-патриоттық ерлік ла­герінде 230 бала болды. Мұнда оқушылар шатыр құруды, туристік құрал-жабдықтарды қолдануды, бағдарлауды үйренді, – дейді «Атамекен» орталығының әдіскері Ақмарал Жолдыбайқызы.

Өлкетану – өскелең ұрпақты туған жерін сүюге, өз Отанының патриоты болуға баулитын ерекше сала екенін айттық. Айболат Құрымбаев басқаратын «Атаме­кен» балалар мен жасөспірімдер­дің туризм және экология орталы­ғы өңірдегі жалпы және қосымша білім беру саласын өзара үндесті­ріп, Батыс Қазақстан облысының негіз­гі туристік брендін қалыптастыра­тын жаңа бағдарлама ұсынып отыр. Әрине, бұл жерде кадр мәселесін жүйелі шешу, материалдық база­ны нығайту, бағдарламалық-мето­дикалық құжаттар жасау, үйір­ме жұмыстарын жандандыру, спорт­тық бағдарлау бағытындағы жұ­мыс­тарды дамытып, жасанды жартас салу, жүйелі мерзімді басылым шығару секілді сан-салалы мін­деттер тұр.

 

Батыс Қазақстан облысы