Халықаралық қауіпсіздікті нығайту Қазақстан сыртқы саясатының аса маңызды басымдықтарының бірі болып табылады. Аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша дәйекті жұмыс жасай отырып, әділетті және демократиялық әлемдік тәртіпті орнатуға сүбелі үлес қоса отырып, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бітімгершілік бастамаларын ілгерілете отырып, Сыртқы істер министрлігі өзінің ең маңызды міндеттерінің бірі – Қазақстанның егемендігін, аумақтық тұтастығын, ұлттық қауіпсіздігін және қорғаныс қабілетін нығайтуды жүзеге асырып келеді.
Осы бағыттағы маңызды жаңа қадам үстіміздегі жылғы 6 мамырда БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде ядролық «бестік» өкілдері – АҚШ, Қытай, Ресей, Франция және Ұлыбританияның Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарттың (ОАЯҚТШ) Хаттамасына қол қоюы болып табылды. Осы арқылы аталған аймақтың заң жүзінде құрылуына жаңа маңызды қадам жасалды, ал мойындалған бес ядролық держава Шарттың қатысушылары болып табылатын бес елге қарсы ядролық қаруды қолданбауға кепілдік берді.
Бұл жәйт көпжақты дипломатияның ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы айтарлықтай жетістігі болып табылады, сондай-ақ, аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуда шын мәнінде аса зор маңызға ие.
Ядролық қарусыздану және таратпау саласында халықаралық деңгейде мойындалған көшбасшы ретінде Қазақстан Хаттамаға қол қоюда маңызды рөл атқарды. Үстіміздегі жылғы наурыз айында Гаагада өткен Ядролық қауіпсіздік туралы саммитте сөз сөйлеген Президент Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қауіпсіздіктің жалғыз ғана кепілі болып табылатын жалпыға ортақ ядролық қарусыздануға шақырып, «Біз «ядролық бестік» мемлекеттерінің Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарттың қатысушы елдеріне қауіпсіздік кепілдігін қамтамасыз ететін хаттамаға тез арада қол қоятындығына үміт артамыз», деп мәлімдеген еді.
Біздің ведомство ядролық елдерден қауіпсіздіктің теріс кепілін (яғни, ядролық қаруды қолданбау және ядролық қаруды қолдану қаупін болдырмау туралы кепілдік) алу міндетін барлық Орталық Азия елдері атынан «ядролық державалармен» келіссөздер өткізу арқылы дәйектілікпен жүзеге асырып отырды.
Әлемдегі көлемі жағынан төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту, Семей ядролық сынақ полигонын жабу және оның инфрақұрылымын жою, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру, Мемлекет басшысының БҰҰ шеңберінде ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу бойынша Жалпыға ортақ декларация қабылдау туралы бастамалары, АТОМ жобасын жүзеге асыру, Қазақстанда МАГАТЭ-нің халықаралық төмен байытылған уран банкін орналастыру, сонымен қатар, Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздер өткізуде өз алаңымызды ұсыну – ядролық қаруды таратпау және ядролық қарусыздану мәселесіне еліміздің іс жүзінде қосқан үлесінің толық емес тізімі, міне, осындай.
Кең-байтақ Еуразия континентінің төрінде орналасқан аймақ – Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарттың Хаттамасына қол қою ұлан-ғайыр геосаяси кеңістіктегі тұрақтылықты нығайта түсетіні сөзсіз. Аймақтың тұрақсыздық аумағында орналасқанын және лаңкестік ұйымдар тарапынан қауіп-қатерлерге ұшырауы ықтималдығын ескерсек, бұл ерекше көкейкесті болып табылады. Оған қоса, Орталық Азия елдері мойындалған екі ядролық мемлекет Ресей мен Қытай арасында және де-факто ядролық қаруды иемденген – Пәкістан мен Үндістан мемлекеттерінің жанында орналасқан.
Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру барлық бес Орталық Азия мемлекеттерінің – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстанның аймақта қауіпсіздік, тұрақтылық және бейбітшілікті қамтамасыз етуге ұмтылысындағы бірлескен сындарлы күш-жігерінің арқасында мүмкін болды.
Бірлескен күш-жігерлерге қажетті саяси серпін 1997 жылы 28 ақпанда Алматыда өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының саммиті кезінде берілді. Саммитте өңірде ядролық қарудан азат аймақ құру идеясын қолдауға шақырған Алматы Декларациясы қабылданған болатын.
Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа 2006 жылы 8 қыркүйекте, яғни Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1991 жылы ядролық сынақ полигоны жабылған күні қол қойылуының нышандық мәні бар. 2009 жылы 21 наурызда Шарттың күшіне енуі Орталық Азияда ядросыз аймақ құру жолындағы маңызды қадам болып табылды.
Шартқа сәйкес, ОАЯҚТШ-ға мүше-мемлекеттер өз аумақтарында ядролық қару және оның бөлшектері немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларды өңдеу, сатып алу және оларды орналастыруға, сонымен қатар, ядролық сынақтар өткізуге, ОАЯҚТШ жерінде радиоактивті қалдықтарды орналастыруға тыйым салу туралы міндеттемелер алды.
Шартқа қатысушы тараптар, сонымен бірге, өңір аумағын экологиялық қайта қалпына келтіру жұмыстарына атсалысу, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЕ) тығыз өзара ықпалдасу, Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және оның қосымша Хаттамасына сәйкес аталған Агенттікпен қауіпсіздік кепілдіктерін қолдану туралы келісімге қол қою, сондай-ақ, ядролық материалдар мен құрал-жабдықтардың физикалық қорғанысы үшін іс-шаралар қолдану туралы міндеттемелер алған.
2012 жылғы 12 маусымда Шарт шеңберінде Төраға қызметін иемденген және барлық бес Орталық Азия мемлекеттері атынан «ядролық державалармен» ОАЯҚТШ шартына теріс кепілдер туралы Хаттамаға қол қою мәселелері бойынша келіссөздер жүргізуге уәкілеттік алған Қазақстан соңғы екі жыл ішінде «ядролық бестік» өкілдерімен белсенді түрде пікір алмасып, келіссөздер жүргізді. Мақсат, оларға Хаттамаға қол қойғызу және қауіпсіздіктің теріс кепілдігін беру туралы міндеттеме алғызу болды.
2012-2014 жылдар аралығында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі «ядролық держава» және Шартқа мүше-мемлекеттер өкілдерімен екіжақты және көпжақты пішінде әртүрлі деңгейлерде жиырмадан астам кездесу өткізіп, келіссөздер жүргізді.
Қазақстан тарапының ұсыныстары негізінде Шартқа мүше тараптардың қауіпсіздіктің теріс кепілдігін беру мәселесін шешуде «Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа мүше-мемлекеттердің Шартқа теріс кепілдік беруге қатысты көзқарастары» атты бірлескен ұстанымды айқындайтын құжат келісілді.
2013 жылғы 9 қазанда Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында «Ядролық бестік» елдерінің талдамалы мәлімдемелері бар хаттамаға қол қою туралы қағидатты уағдаластыққа қол жеткізілді. Үстіміздегі жылғы 6 мамырда ядролық қаруы бар мемлекеттер оған қол қойып, Шартқа қатысушы елдерге қарсы ядролық қаруды қолданбау және оны қолдану қаупін төндірмеу туралы өздеріне міндеттемелер алды.
Талдамалы мәлімдемелерге келетін болсақ, ядролық мемлекеттер қауіпсіздіктің өздері берген теріс кепілдіктерінен белгілі бір шарттар көлемінде бас тартады. Мұндай мәлімдемелердің мәні мынада: ядролық мемлекеттер аймақтағы қатысушы-мемлекетке қарсы ядролық қару қолданбау туралы міндеттемесінен оларға, олардың аумақтарына немесе тәуелді жерлеріне, қарулы күштеріне немесе олардың одақтастарына ядролық қаруы бар мемлекетпен бірге ықпалдасатын немесе одақтық келісімі бар мемлекет тарапынан шабуыл жасалған жағдайда бас тартады.
«Ядролық бестік» елдерінің талдамалы мәлімдемелерін қолдану тәжірибесі ядролық қарудан азат аймақ құру туралы барлық шарттарға қолданылып келді. Олар мыналар: Латын Америкасы мен Кариб бассейнінде Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт (Тлателоко шарты), Тынық мұхитының оңтүстік бөлігіндегі Ядросыз аймақ туралы шарт (Раротонг шарты), Оңтүстік-Шығыс Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарт (Бангкок шарты), Африкада ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарт (Пелиндаба шарты) және Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарт.
Орталық Азиядағы барлық мемлекеттер – ОАЯҚТШ шартының мүшелері «ядролық бестік» елдерінің ОАЯҚТШ шартының Хаттамасына қол қоюда өздерінің ұлттық заңнамасына және қалыптасқан халықаралық тәжірибеге сәйкес тиісті мәлімдемелер жасау құқықтарын мойындады. Нью-Йоркте Шарттың Хаттамасына қол қою рәсімі барысында айтылғанындай, тиісті мәлімдемелермен Хаттамаға қол қоюға келісу туралы шешім қабылдауда Шартқа мүше мемлекеттер құжаттың тез институттануы мен өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті нығайтудың маңыздылығы түсінігіне сүйенді.
ОАЯҚТШ шартына мүше мемлекеттерге қатысты ҚХР-дан басқа «ядролық бестіктегі» елдердің әрқайсысы Шарттың әр бабы бойынша тиісті мәлімдемелер жасады. Хаттамаға қандай да бір түсінік бермей-ақ қол қойған ҚХР-дің ұстанымын ерекше атаған жөн. ҚХР ядролық қаруға толық тыйым салу мен жою жағында екенін, сондай-ақ, ОАЯҚТШ шартына мүше елдердің өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету ұмтылысын толық қолдайтынын ашық айтты.
Шартты жасаушы ретінде де, оның институттану мәселесін ілгерілетуде де БҰҰ-ның маңызды рөлін атап өту қажет. Сонымен, БҰҰ Бас Ассамблеясы Шартты қолдайтын бірқатар қарар қабылдады. Қарарларда Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақтың құрылуы ядролық таратпау режімін нығайтуда, ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану бастамаларын қолдауда және радиоактивті заттардан зардап шеккен аумақтарды экологиялық сауықтыруда маңызды қадам болатыны атап көрсетілді. Сондай-ақ, халықаралық терроризммен күреске және ядролық материалдар мен технологиялардың мемлекеттік емес субъектілердің, ең алдымен, террористердің қолына түсуіне жол бермеуге үлкен үлес болып қосылатыны көлденең тартылды.
Қазақстан ядролық материалдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша маңызды жұмыстар жүргізумен қатар, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту ісіне едәуір үлес қосуын жалғастыруда. «Семей ядролық полигонын жауып, қуаты бойынша төртінші ядролық арсеналдан бас тартқаннан кейін Қазақстан АҚШ және Ресеймен бірге полигонның инфрақұрылымын жойды. Бұрынғы ядролық сынақ кешенінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Елдің ядролық іс-қимылы МАГАТЭ-нің толықтай кепілдігінде. Біз Төмен байытылған уранның халықаралық банкін құру бойынша МАГАТЭ бастамасын қолдадық және оны өз аумағымызда орналастыру жөніндегі келіссөздерді аяқтап келеміз», деген болатын Қазақстан Президенті Гаагада өткен саммиттегі өзінің сөзінде.
Шарт Хаттамасына еліміздің белсенді қатысуымен қол қойылуы еліміздің ядролық қарусыздану ісіндегі дәйекті қадамдары мен халықаралық аренада мемлекет беделі артуының жарқын көрінісі болып табылады.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонына 2010 жылғы сәуірдегі сапары барысында: «Қазақстан ядролық қарусыздану саласында ерекше басымдығын көрсетіп келеді. 1991 жылы Президент Н.Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу және ядролық қарудан бас тарту туралы батыл шешім қабылдады. Бұл шынайы тәуелсіздікті жария етуде көреген қадам болды...», деп атап өте отырып, ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы біздің іс-қимылымызды жоғары бағалады. Ол барлық елдердің, әсіресе, ядролық державалардың басшыларын Қазақстаннан үлгі алуға шақырды.
Біз жақында қол қойылған Хаттаманы барлық ядролық мемлекеттер 2015 жылы өтетін Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың Шолу конференциясына дейін бекітеді деп сенеміз. Бұл аймақтың институттану үдерісін формальді аяқтауға мүмкіндік беріп, біздің Ядролық қаруды таратпау туралы шарт режімін нығайтуға қосқан ортақ үлкен үлесіміз болады және 2015 жылғы Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың Шолу конференциясының сәтті өтуін айтарлықтай деңгейде қамтамасыз етеді.
Қазақстан әрқашан ядролық қарусыз әлем мұратын ілгерілетіп, осы мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған халықаралық іс-шаралар мен бастамаларға белсенді қатысатын болады. Бұл Елбасымыздың сыртқы саясатының абсолютті басымдығы болып табылады. 2017-2018 жылдары БҰҰ ҚК-нің тұрақты емес мүшелігіне сайланған жағдайда, Қазақстан ядролық қарусыздану мен таратпау мәселелерін БҰҰ-ның осы маңызды органында белсенді ілгерілететін болады.
Ерлан ЫДЫРЫСОВ,
Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрі.