Үкімет • 31 Тамыз, 2022

Үкімет басшысы Дархан Сатыбалдыға тапсырма жүктеді

312 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеу Түркістан қаласына келіп, облыстың барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысын өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үкімет басшысы Дархан Сатыбалдыға тапсырма жүктеді

Жиналыс барысында Әлихан Смайылов депутаттарға ҚР Президентінің облыс әкімі қызметіне Ұласбек Сәдібеков пен Дархан Сатыбалдының кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқыды. 

Еске сала кетсек, облыстың бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеев берген өтінішіне сәйкес қызметінен босатылды.

Үкімет басшысы кандидаттардың әрқайсысының өңірді басқару үшін кәсіби тәжірибесі мол және қажетті құзыреттері бар екенін атап өтті.

Дауыс беру нәтижесі бойынша 200 депутаттың 200-і Дархан Сатыбалдының кандидатурасын жақтап дауыс берді, 86 депутат Ұласбек Сәдібековті таңдады.

Облыс активіне жаңа әкімді таныстырған Әлихан Смайылов ҚР Президенті өңір басшылығының алдына азаматтардың әл-ауқатын арттыру, туризмді, агроөнеркәсіп кешенін және басқа да салаларды дамыту бойынша міндеттер қойғанын айта кетті.

Түркістан облысын дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында бірқатар маңызды жобаларды іске асыру көзделген, оның ішінде жаңа өнім шығару, жолдарды жаңғырту, тұрақты жұмыс орындарын құру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жабалар бар.

«Өңір басшылығы экономиканы барынша әртараптандыру бойынша жұмысты жандандыруы қажет. Тұрғындарды жұмыспен қамтып, азық-түлік өнімдері бағасының өсуін тежеу, халықты газбен және сумен жабдықтау, сондай-ақ мектептегі орын жетіспеушілігін жою мәселелеріне бірінші кезекте назар аудару қажет», деді Премьер-Министр өз сөзінде. 

Үкімет басшысы облыс әкімдігінің жұмысы халықпен тиімді диалог негізінде құрылуы тиіс екенін еске салды.

Әлихан Смайылов қазіргі уақытта туризмнің облыс экономикасының негізгі салаларының бірі екенін, сондықтан отандық және шетелдік туристер үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Жиын соңында Премьер-Министр Өмірзақ Шөкеевке Түркістан қаласының және өңірдің дамуына қосқан зор үлесі үшін алғыс айтты.