Қазақстан • 01 Қыркүйек, 2022

Тауар сапасын қадағалауға жаңа мүмкіндік

2898 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Соңғы екі жылда елімізде жалған дәрі-дәрмек әкелу бойынша 700-ге жуық заң бұзушылық фактісі тір­келіпті. Қазір Қазақстанда дәрілік препараттарды цифрлық таңбалау жүргізіліп жатыр. Жобаның бірін­ші кезеңіне өндірушілер мен импорттаушылар қатысады.

Тауар сапасын қадағалауға жаңа мүмкіндік

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Әртүрлі бағалаулар бойынша фармацевтика нарығындағы медикаменттердің 2-10 пайызы – жалған және сапасыз өнімдер. АҚШ, Қытай, Бразилия және Еуроодақ елдері тауарларды таңбалау және бақылау бастамасын бұрыннан жүзеге асырып келе жатыр. Мәселен, швециялық Ferring биофармацевтика компаниясы 1950 жылдан бері дәрілік препараттарды әзірлеумен айналысады. Компания өкілдіктері әлемнің 60 елінде жұмыс істесе, компания өнім­дері 110 мемлекетте қолжетімді. Зерт­теу­шілік қызметтің басты бағыттары – репродуктивті денсаулықты қорғау, онкология, урология, гастроэнтерология, эн­докринология және ортопедия.

«Жалған дәріні тұтынудың басты тәуекелі – бақылау сапасының жоқ­ты­ғында. Жасанды дәрілердің сапасының төмен болуына байланысты құрамы тө­мен немесе белсенді заттың шамадан тыс үлесі бар препаратты қабылдау қаупі бар. Таңбалау жүйесі Ресейде іске қосылғалы бері біздің компания жалған дәріні ұшыратқан жоқ. Алайда «сұр» импорт жағдайы кездесті. Бүгінде ең тиімді және негізгі әдіс – дәрілік заттарды міндетті түрде таңбалауды ен­­гізу. Нарықта компанияның тек түп­­­­­нұсқа препараттары ұсынылған. Цифр­­­­лық таңбалау Денсаулық сақтау ми­­нис­трлігі рұқсат етпеген контра­фак­тілік өнімдердің таралуын азайтады. Екіншіден, жүйе дәрі-дәрмек өнді­руші компанияларға даму стратегияларын құруға мүмкіндік беретін қуатты ана­литикалық құрал болып саналады», дейді Ferring компаниясының менеджері Артем Берсенев.

STADA фармацевтикалық компания­сы да 125 жылдан бері нарықта жұмыс істеп келе жатыр және 2D-кодтау тех­нологиясын қолдану арқылы контра­фактімен күреседі.

«Дәрілік препараттарды таңбалау – халықты сапалы өнімдермен қамтуда және жалған өнімдерден қорғаудағы маңызды аспекті. Себебі жалған дә­рісі бар бір қаптаманың өзі-ақ нау­қас ден­сау­лығына залал келтіруі мүм­­кін. Жаңа талаптарды енгізуге дайындық жаңа өндірістік жабдықты сатып алуды, IT жүйелерін жетілдіруді, бақылау жүйесінде жұмыс істеу үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны алуды, орау материалдарын бейімдеуді және тағы басқаларды қам­ти­тынын ескере отырып, біздің тәжі­рибеміз бойынша дайындық 16 айдан 28 айға дейін созылады. Жаңа ұлттық жүйені енгізуден индустрияға тиетін тағы бір пайда – бұл бақылау жүйесінен меншікті өнімдердің қозғалысы туралы мәліметтерді алу. Бұл өндірушілер мен импорттаушыларға тауарлық-материалдық қорларды азай­та отырып, өнімді өндіруді және на­рық­қа жеткізуді дәлірек жоспарлауды қам­­тамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде», дейді дәрілік препараттарды таңбалау менеджері Артем Силянский.

Қазір де осы STADA Қазақстан аума­ғында дәрілерге міндетті таңбалау енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Еске салайық, елімізде дәрілік препараттарды цифрлы таңбалаудың қанатқақты жобасы 2019 жылдың күзінде басталып, 2021 жылдың 31 шілдесінде аяқталды. Оған өндірушілер, дистрибьюторлар, импорттаушылар, дәріханалар және медициналық ұйымдар қатысты. Қазір ел Үкіметі бекіткен тізімдегі 90 дәрі­лік затты таңбалаудың бірінші кезеңі енгі­зілуде. 2023 жылдың соңына дейін елдегі дәрілік препараттарды цифрлы таңбалау толығымен аяқталмақ.

Цифрландыру жұмыстары жер қой­науын пайдалану секторында да бел­сенді енгізіліп жатыр. Сөзімізге би­ыл қыр­күйекте іске қосылғалы отыр­ған KazNedra цифрлы сервисі дәлел. Цифр­лық даму министрі Бағдат Мусин­нің айтуынша, сервис ашықтықты қам­тамасыз етуге және бақылауды күшей­ту­ге арналған. Бірыңғай KazNedra жү­йесі пилоттық форматта ерек­ше қор­ғалатын табиғи аумақтар, жерас­ты сулары, гидротехникалық және ин­женерлік құрылыстар туралы мәлі­мет­терді береді. Бұған дейін жер қой­науын пайдалану құ­қығын алу үшін бір­неше ұйымға барып, сертификат жинау қажет болатын. Қызметті іске асыр­ғаннан кейін бүкіл процесс автоматтан­дырылады. Жер учас­келерін іздеу, геоло­гиялық ақпарат алу және лицензия алу рәсімдеріне онлайн-қолжетімділік беріледі.

Сонымен қатар алдағы уақытта бұл платформада тіркелу QR-код арқылы жүзеге асырылмақ. Министрдің сөзіне қара­ғанда, платформадағы аздаған кем­шіліктер түзетіледі.