Бай-Өлке музейі
– Өлкенің тарихы мен руханиятынан ақпар беретін бұл музей алғаш рет 1948 жылы «Өлкетану кабинеті» деген атпен құрылған, – дейді мекеме басшысы Айшагүл Азаматқызы. Ол тұста тізімге алынған музей жәдігерлері арасында: көне киім үлгілері – 8, тарихи ескерткіш мұра – 3, қол өнер бұйымдары – 4, діни кітаптар – 302, әртүрлі фотоқұжаттар саны 239 дана болғаны жайлы дерек бар екен. Арада он төрт жыл өткенде (1962 жылы) Министрлер кеңесінің 461-ші қаулысымен аймақтық музейді «Жергілікті өлкетану мекемесі» деген рәуішпен мәртебесін көтерген екен.
Музей 1988 жылы қазіргі үш қабат заманауи ғимаратқа көшіріліп, Табиғат бөлімі, Тарих бөлімі, Этнография бөлімі, Қуғын-сүргін кабинеті, Қазіргі заман бөлімі қатарлы құрылымдарға жіктелген көрінеді. Дәл қазір музей қорындағы жәдігерлер саны 5 400 артефактіні құраса, бұлардың 60 пайызы экспозиция төрінде тұр.
Музейдің Табиғат бөлімінде – әйгілі Бес Боғда шыңдарының көркем диорамасы мен даладан табылған метеориттер және жыл құстары – үйрек-қаз, шәулі құстар – сұңқар, қаршыға, тұрымтай, жағалтай, т.б, дала жануарлары – бұғы, қасқыр, ілбіс, қоңыр аю, тауешкі, ұлар қатарлылар аталған өлкеге аяқ басқан еуропалық туристердің көзайымына айналғалы қашан.
Сол сияқты өлке тарихының өткенінен дерек беретін музейдің Тарих бөлімінде де көз тартар дүние көп. Атап айтқанда, Қобда бетіне қазақтардың қоныстануы және 1912 жылы манжы-қытай билігін құлатып қазіргідей тәуелсіз ел болудың алғашқы шарты ретінде билік құрған Боғда ханға қазақтардың Моңғол елінің құрамына кіріп, тең құқылы бұқара болу жайлы жолдаған хатын, сонымен қатар Қазан төңкерісі салдарынан ақ қашып, қызыл қуған алағай-бұлағай замандағы атақты Тұлба көл шайқасы қатарлы тарихи оқиғалар желісін аңғаруға болады. Түсінген адамға бұның бәрі – тағылымы мол тарих.
Ал өлкеге табаны тиген туристер мен орталық аймақтардан ат басын бұрған халқа-моңғолдар үшін музейдің Этнография залы шынайлығымен әрі мұнда қойылған жәдігерлердің құндылығымен ерекше. Атап айтқанда, Бай-Өлке аймағын ежелден мекендеп келе жатқан ежелгі этностар: тыба, дөрбіт, ұрынқай, көкмоншақ сияқты көшпенді тайпалардың киім-кешегі, қолданбалы сәндік бұйымдары, сондай-ақ қолөнер туындылары стильдік өзгешелігімен еріксіз тамсандырады.
Жалпы алғанда, мұндағы этнобұйымдардың дені – қазақ ұлтына тән. Осылардың ішінде айрықшалап айтар болсақ, қозының терісін илеп, оны қарағайдың нілімен суарып, әбден иі қанған соң астарсыз және тысталмаған жалаң ішік жасап, қаусырмасын қызыл түсті жалпақ матамен жиектеп, жеңіне және екі өңірін аса шеберлікпен қызылды-жасылды оюлы кестемен бәдіздеп, жағасын түлкінің пұшпағымен көмкерген ішік-шапан расында адам таңданарлық.
Теріден жасалған кестелі шапан-ішік
Біздің назарымызға шалынып, көңілімізді аударған тағы бір дүние – даланың сарышұнағы – кеміргіштер отрядына жататын тараққұйрықтың терісінен тігіліп, сыртқы тысын қара пүліш матамен қаптап тіккен әйел ішік. Музей қызметкерлерінің айтуына қарағанда, бұл киім бір ғасыр бұрын ұзатылған қызға арнап жасалған дейді. Ішікті жасауға жүзден астам тараққұйрықтың терісі жұмсалған. Бір кереметі ішік жақсы сақталған. Тіпті дақ түспеген десе де болады.
Тараққұйрық терісінен тігілген ішік
Сол сияқты назарымызды аударған келесі бұйым – күміс белдіктер. Жасалу шеберлігіне мін таға алмаймыз. Тіпті дара тұрған оқшантайының өзі ою-өрнекті ақ күміспен қапталса, иленген екі елі шылбыр теріге сапалы қара былғары қаптап, белдікті айналдыра өрнекті күміс құймалармен тізбелей сәндеп жасалған бұл жәдігер өлкенің төлқұжаты істетпес. Жергілікті жұрт сырттан келген қадірлі қонақтарына күміс белдік сыйлайтын үрдіс әлі үзілмепті.
Күміс кісе – белдіктер
Музей қызметкерлері музей төрінде тұрған құнды бұйымның бірі деп, бізге көне ағаш төсекті таныстырды. Қайқы бас ағаш төсек сом қарағайдан шауып жасалған екен. Қас бетіне оймыштап ою салыпты. Сырттай қарағанда бітеу бұйым сияқты көрінгенімен, шын мәнінде құрастырмалы екен. Яғни қажет кезінде төсекті бөлшектеп, түйеге тең жасауға ыңғайлы, тәпсірлеп түсіндірер болсақ төсек көшіп, қонуға қолайлы етіп жасалған.
Бұл орайда аталған музейдің фотоқұжаттар бөлімінен жергілікті қазақтарды саяси һәм рухани тұрғыдан ағарту үшін арнайы 1930 жылдары барған қазақстандық қайраткерлер жайлы мәліметтерді кездестірдік. Бұлардың басында коминтерн өкілі Абай Қасым пен КИМ (Коммунистический интернационал молодёжи) өкілі Шәріп Шәріпов тұр. Негізінен алғанда, бұл – жеке тақырыпқа жүк боларлық оқиға. Егер бір ауыз сөзбен түйіндеп айтар болсақ, ревсомол өкілі Шәріп Өтепов 1981 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Жалындаған жастығым – комсомолым» атты кітабында: «Қазақ ауылдарына көмектесу жөніндегі барлық шараны жұбайым Дилнұз Өтепова мен досым Абай Қасымов үшеуміз бірлесіп жүргіздік. Абай Қасымов Моңғолияға 1930 жылы бізден сәл кейінірек келді. Бұл кісі Моңғол үкіметінің сұрауы бойынша коминтерннің жолдамасымен келген болатын. Түп тегі Шыңжан провинциясынан шыққан ол жиырмасыншы жылдары СССР азаматтығын алып, Шығыс еңбекшілеріне арналған Коммунистік университетті бітірген. Жасы бізден ересек, сол кездің өзінде қырықтар шамасында болатын. Әйелі Ташинке Мірқасымқызы комсомол мүшесі, қызыл отаудың активисі еді» деп жазыпты.
Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, музей ол – тарих қоймасы. Ал тарих дегеніміз – халықтың өткенін еске түсіретін, болашаққа бағыт сілтейтін, сонымен қатар бұқараны рухани байытып, санасын жаңғыртатын – ілім. Осы тұрғыдан қарағанда, Бай-Өлке музейі Қобда беті қазақтарының рухани қамбасы іспеттес.
Қайқы басты ағаш төсек