Жігіттің олағы атын жауыр қылады. Олақ қыздың саусағы инеге илікпейді. Атамыз қазақ қолында өнері жоқ ұл-қызды қашан жақсы айтыпты?! Ұрпаққа берілетін ұлағатты бірінші орынға қоятын бабаларымыз содан кейін де «Өнерді үйрен де жирен» демей ме?! Ол аз болса «Жігітке жеті өнер де аз» дейтіні тағы бар.
«Өнерді үйрен...» дегендегі өнердің мағынасы бұл жерде өте тереңде. Оны тар шеңберде, жалғыз «искусство» сөзінің аясында қарастыруға болмайды. Аталарымыз бұл жерде кәсіптің, кәсіп үйренудің жайын айтып отыр. Демек, ұрпаққа кәсіп үйрету мәселесі қай кезде де маңызды болған.
Жас ұрпақ тәрбиесі, олардың кәсіп үйрену жайы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайын арнайтын дәстүрлі Жолдауларының бәрінде де көрініс тауып келеді. Бұл мәселеге, әсіресе, «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауда кеңінен орын берілді. Осынау тарихи құжатта Елбасы «Бізге керегі шын дарындар, нарық қол-аяғымызды қалай қыспасын, мемлекет өзінің талантты ұлдары мен қыздарын, тарланбоз жүйріктерін қолдауға, қорғауға міндетті» дейді. Ал, «Кәсіптік-техникалық және жоғары білім бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек» деген ойын осы салада тер төгіп жүрген біздер тұжырымдама ретінде қабылдадық.
Кәсіп үйреніп, маман болу, сол арқылы өмірден өз орнын тапқан адам болу дегеніңіз айтарға ғана оңай. Оңай болса бұл мәселеге мемлекеттік дәрежеде маңыз берілмес еді ғой. Екі миллиондай халық тұрмыс кешіп жатқан Оңтүстік Қазақстан облысында қазіргі таңда жас ұрпаққа 97 колледж сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Мұнда 112 мамандық бойынша 77094 оқушы (мемлекеттік 42 колледжде 40581 шәкірт, жекеменшік 55 колледжде 36517 шәкірт) кәсіптік білім алуда. Олардың 25019-ы мемлекеттік тапсырыспен оқуда. «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 26 колледжде 34 мамандық бойынша 5462 жұмыссыз жүрген жас кәсіби мамандық игеру үстінде.
Заман талабына сай сапалы білім алатын мамандар дайындау үшін оқу орындарының материалдық-техникалық базасы да толық жабдықталуы қажет. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде облыс әкімі А.Мырзахметов саланың тиісті деңгейде қаржыландырылуын назарында ұстап, барынша қолдау көрсетіп жүр. Сөзіміз жалаң болмас үшін фактілерге жүгінсек 2012 жылы бұған облыстық бюджеттен 496 млн. теңге, республикалық бюджеттен 225 млн. теңге бөлінді. 2013 жылы да облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру саласы қамқорлықсыз қалған жоқ, облыстық бюджеттен 123 млн. теңге, республикалық бюджеттен 275 млн. теңге қарастырылды. Бөлінген қаражат колледждерді заманауи жабдықтармен жарақтауға жұмсалды. Сондай-ақ, 2013 жылы колледж ғимараттарын күрделі жөндеуге 820 млн. теңге, ағымдағы жөндеуге республикалық бюджеттен 100 млн. теңге, облыстық бюджеттен 13 млн. теңге қаржы бөлінді. Осындай қомақты қаржы арқасында 10 колледжде күрделі жөндеу жұмыстары атқарылып, 6 колледжде ағымдағы жөндеу жүргізілді. Мәселен, республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа Бәйдібек ауданының орталығы Шаян елді мекенінде 360 орындық жаңа оқу ғимараты, 180 орындық жатақхана салынды. Шымкент қаласындағы апаттық жағдайдағы №6 колледждің 300 орындық оқу корпусы облыстық бюджеттен бөлінген қаражаттың көмегімен қайта тұрғызылды.
Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен алыс және жақын шетелдердегі кәсіби мамандар дайындайтын оқу орындарымен шығармашылық байланыс орнатылып, оқытудағы озық технологиялар зерделеніп, оны өмірге енгізу жұмыстары қолға алынды. Осы мақсатта соңғы үш жылда 60 оқытушы Түркия, Германия, Франция, Сингапур, Беларусь елдерінде болып, тәжірибе алмасып, біліктіліктерін арттырып қайтты. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.
Құрылыс және көлік саласы бойынша кәсіби мамандар дайындайтын білім мекемелерінде инновациялық тәжірибелерді енгізу мақсатында Германияның Трир қаласындағы Ұстаханалық палатасымен облысымыздағы №2, №3 колледждер, Шымкент көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі келісімшартқа тұрды. Бүгінде бұл мекемелерде оқытудың дуальды жүйесінің элементі – модульдік оқыту тәсілі қолға алынып, биылғы оқу жылынан бастап қолданысқа енді.
Сондай-ақ, кәсіпорындар базасында ашылған Кентау трансформатар зауытындағы Кентау политехникалық колледжі, Оңтүстік Қазақстан машина жасаушылар зауытындағы Оңтүстік Қазақстан индустриялық-инновациялық колледжі, «Шымкент Стандарт» ЖШС цемент зауытындағы инновациялық технологиялар колледжінде дуальды оқыту жүйесімен кәсіби мамандар дайындау қолға алынды.
Болашақ кәсіби мамандық иелерінің алған теориялық білімдерін өндіріс орындарында шыңдау мақсатында әлеуметтік серіктестермен байланыс жақсы жолға қойылған. «Әлеуметтік әріптестік – сапалы маман даярлаудың кепілі» аясында өткізілген іс-шаралардың нәтижесінде 2012 жылы 541, 2013 жылы 615 әлеуметтік әріптеспен ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Оқушылардың өндірістік практикадан өтуіне жағдай жасалып, 610 оқушыға әлеуметтік жәрдем көрсетілді. 498 оқушыға арнайы стипендия тағайындалып, 68 әлеуметтік әріптес білім ұяларының материалдық-техникалық базасын жаңартуға көмек көрсетті. Биыл бұл іс-шара облыстың бес аймағында «Әріптестер сұхбаты: Диалог және бизнес» атты форумымен жалғасын тауып отыр.
Әлеуметтік әріптестермен ынтымақтасып жұмыс істеудің нәтижесінде елімізде индустрия саласында көшбасшы саналатын ірі кәсіпорындармен тығыз байланыс орнады. Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжі «Интергаз Орталық Азия» АҚ-пен, Созақ ауданындағы №24 колледж «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-пен әлеуметтік әріптестік туралы шартқа қол қойды. Бүгінгі күні «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль жолын салып жатқан компанияларға Шымкент көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі, Кентау көпсалалы колледжі, Түркістан қаласындағы №21 колледжі мамандар дайындауда. Қазақстан – Қытай халықаралық газ құбырын жүргізіп жатқан компанияларға Шымкент қаласындағы №2, №3 колледждері сұранысқа сай мамандарды дайындаумен айналысуда. «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына Созақ ауданындағы №24 колледж бен Шымкент қаласындағы техникалық колледжі сала мамандарын оқытуда. Түлкібас ауданындағы алма бауын өсірумен айналысатын «Кен-Тау» ЖШС мен «Түлкібас агробизнес және саяхат» колледжі арасында жасалған келісімшарт негізінде оқушылардың практикалық тәжірибеден өтуіне жағдай жасалды. Қызмет көрсету саласына қажетті аспаздар мен кондитер мамандықтарына оқытатын Шымкент қаласындағы №6 колледж бітірушілеріне, тігіншілерді дайындайтын №5 колледж түлектеріне, техникалық және құрылыс мамандарын дайындайтын №2, №3 колледждің мамандарына сұраныс жоғары.
Облыста кезінде кейбір мамандықтарға тапшылық сезілсе, ал керісінше мүлдем қажет емес, онсыз да жеткілікті мамандықтар дайындау үрдісі белең алған еді. Бұл кемшілікті жою үшін бірқатар іс-шара қолға алынды. Нақты айтқанда, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың арасындағы алшақтықты зерделеу барысында сұранысы төмен 54 мамандыққа мемлекеттік тапсырыс беру тоқтатылды. Осыған орай, облыс әкімдігінің 2011 жылғы 24 қаңтардағы «Мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру және бітірушілерді жұмысқа орналастыру жүйесі туралы» №3 қаулысы қабылданды. Аталған қаулы қабылданғаннан бері техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерін мемлекеттік тапсырыспен бітірген түлектерді жұмысқа орналастыруға мүмкіндік жасалды.
Алайда, мемлекетіміздің үдемелі-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес қажетті техникалық мамандықтарға сұраныс айқындалды. Соңғы екі жылда 20 жаңа мамандық ашылып, мамандар дайындау қолға алынды.
Қазір ең өзекті болып отырған мәселенің бірі – Аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарына сай және «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы бағытында ашылатын кәсіпорындарға қажетті мамандықтарға болжамдар жасау. Мұндай мемлекеттік маңызы бар тірлікті ауыл, аудан, қала әкімдіктерінің белсенді қатысуымен оңтайлы шешуге болады.
2013-2014 оқу жылы 15 аудан, қала әкімдіктері мен салалық басқармалардан 87 мамандық бойынша 11061 орынға сұраныс келіп түсті. Осы сұранысты сараптай келе облыстық бюджеттің қаржыландыруымен 38 колледжге 7543 орынға мемлекеттік тапсырыс берілді. Облыс әкімдігінің қолдауымен республикада алғашқылардың бірі болып құлағы нашар еститін және саңырау балаларға тоғызыншы сынып базасында «Тігін өндірісі және киімдерді модельдеу» мамандығы бойынша 30 орын, Елбасы тапсырмасына орай өндірістен қол үзбей, сырттай оқитын жастарға 200 орын мемлекеттік тапсырыс берілді.
Қазіргі таңда қоғам техникалық және кәсіптік білім беруде нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігін айқын сезінуде.Осыған байланысты ОҚО білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің атынан министрлікке төмендегідей толықтырулар мен өзгерістер енгізуді ұсындық.
1) «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңына сәйкес мамандар даярлауды жоспарлау, экономиканың мамандыққа сұранысын сараптау және болжам жасауды міндеттеуді;
2) «Жеке кәсіпкерлік туралы», «Мемлекеттік кәсіпорындар туралы» заңдарға сәйкес жұмыс берушілерге оқушыларды практикадан өту орнымен қамтамасыз етіп, белгіленген квота бойынша жұмысқа орналастыруды міндеттеуді;
3) «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңына сәйкес өкілетті органдардың құзыреті туралы бөлігіне еңбек нарығындағы бос қызмет орындарына мемлекеттік тапсырыспен оқыған бітірушілерді жұмысқа орналастыруға міндеттеуді;
4) дамыған Еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып «Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлер палатасы» қоры есебінен кәсіпорындарға мамандар даярлау жүйесін енгізуді;
5) жұмысшы мамандардың әлеуетін көтеру және жастарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу мақсатында жұмысшы жастарға аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттардың депутаттық орындардың жалпы санынан 3% үлесін бөлуді;
6) мектеп жасынан бастап әрбір оқушының бойындағы мамандыққа бейімделген қабілетін айқындау, олардың дұрыс кәсіп алуына бағдар беру мақсатында дамыған Еуропа елдеріндегідей мектептің 5-сыныбынан бастап, «Мамандыққа баулу және кәсіби бағдар беру» пәнін енгізу қажет. Бұл әрбір жастың мамандықты дұрыс таңдап, уақытты текке өткізбей кәсіп алуына, сол арқылы бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуына және мемлекеттегі жұмыссыздардың пайызын төмендетуге септігін тигізеді.
7) білім беру ұйымдарына қаржылық бақылау жүргізетін тексеру органдары арасында (қаржы бақылау департаменті, облыстық тексеру комиссиясы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті, прокуратура органдары, «Нұр Отан» партиясы) бірлескен жоспардың жоқтығына байланысты қайталама тексерулердің орын алуын болдырмау мақсатында Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті тарапынан тіркеуден өту міндеттелсін.
Елбасы Жолдауынан туындаған асқаралы міндеттерді орындауда Оңтүстік Қазақстан облысы білім басқармасына қарасты кәсіптік білім беру бөлімінің атқарып жатқан жұмыстарының бір парасы осындай. Бұл жұмыс алдағы уақытта да заман талабына сай жалғасын таба бермек. «Кәсіп үйреніп, маман болам, сол арқылы өмірден өз орнын тапқан адам болам» деген жастарға қолдау көрсету баршамыздың борышымыз емес пе.
Рахия АСАНОВА,
Оңтүстік Қазақстан облысы білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы.
ШЫМКЕНТ.