Аймақтар • 31 Тамыз, 2022

Сайын даладағы сары теңіз

548 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сайын дала төсіндегі сарғыш тартқан егістік ал­қаптары теңіздей тол­қып тұр. Өткен жылғы қуаң­шылықпен салыстыр­ғанда, биылғы егіннің жағдайы тәубе дерлік. Көк­темде 5,2 млн гектар ал­қапқа дәнді дақыл тұқым­дарын сіңірген ақмола­лық диқандар ырыс жоры­ғына аттанып кетті.

Сайын даладағы сары теңіз

Көктем мен жазда көк өскіннің көктеуіне өте қажетті ылғал да жақсы түсті. Мамандардың есептеуіне қарағанда, дән тамырланып, алқаптағы қарабұйра топырақтан көктеп шығу үшін аса қажетті ылғал көлемі жеткілікті болған. Мәселен, мамыр-шілде айларында әр ауданда әртүрлі болғанымен, орта есеппен 11,6 миллиметрден 68,2 миллиметрге дейін ылғал түскен. Бұл көлем қалыпты деңгейден 33,3 және 57,4 миллиметрге көп. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, көктен иіп көктеді деген осы. Орақ жаңа басталғандықтан қапқа түсіп, қырманға үйілгенді ғана есепке алатын диқандар биыл астықтың аз болмайтынын айтып отыр.

– Барлық егіннің 75 пайы­зы немесе 3,4 млн гектар астықты алқаптағы өнім көлемі өте жақсы, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов, – бір жарым гектар алқаптың шығымдылығы қанағаттанарлық. Өткен жылы гектар берекесі 9,1 центнерден айналса, биыл 10-11 центнерге жетіп қалуы әбден ықтимал. 4,6 млн тонна астық жинаймыз деп межелеп отырмыз.

Жерде өскенді жерде қал­дырмай жинап алуға мүмкіндік бар. Биылғы егін орағына 8,7 мың астық жинайтын комбайн қатыспақ. Оның 4,4 мыңы – жоғары өнімді, жаңа комбайн. Басқарма басшысының орынбасары мемлекеттің қолдауымен облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдары машина-трактор паркін жыл сайын жаңартып келе жатқанын айтып өтті. Биылғы жеті айда диқандар жалпы құны 35 млрд теңге болатын 1 025 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Орылған егінді тасымалдауға 4,8 мың жүк көлігі жұмылдырылмақ. 

Ендігі мәселе – зор еңбекпен жиналған дәнді сақ­тау. Маман­дардың айтуына қара­ғанда, жаздың соңында жауын жиі жауғандықтан дән ылғал­ды, демек, негізгі күш элева­тор­ларға түспек. Биыл облыста лицен­зияланған 70 астық қабылдау кәсіпорыны жұмыс істейді. Олардың қамбасына 4,7 млн тонна астық сыяды. Өзге де ірі ауыл шаруашылығы құрылым­дарының 2 млн тонналық қоймалары бар.

Күзгі ораққа қажетті 83 мың тонна жанар-жағар май та­сы­малданып, бітуге таяу. Кепіл­дендірілген дизель отынының құны өскен жоқ. Ауыл шаруа­шылығы еңбеккерлері егін орағымен қатар, мал азығын аяқтау бағытында да қауырт қимылдап жатыр. Биыл өңірде 640 мың бас мал қыстатылады. Осыған орай 1 млн 260 мың тонна шөп, 260 мың тонна пішен­деме, 190 мың сүрлем дайындалды. Егін орағынан кейін 750 мың тонна сабан дайындау жос­парлануда. Бұл жұмысқа мал азығын дайындайтын 1,5 мың бригада жұмылдырылған. Қазір шабындықтарда 2 500 трактор, 1 100 шалғы, 2 мыңға таяу басқа да ауыл шаруашылығы техникалары пайдаланылуда. Бүгінге дейін қажетті шөптің 95 пайызы жиналып, қыстақтарға тасымалданып алынды. Сондай-ақ 234 мың тонна пішендеме, 95 мың тонна сүрлем дайындалды.

Өткен жылғы қуаңшылықтан сабақ алған малсақ қауым қытымыр қысқа қапысыз қам­дануда.

 

Ақмола облысы