Экономика • 31 Тамыз, 2022

Жылу-электр стансасы салынады

3052 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордалықтар үшін электр энергиясы алаңдатарлық мәселенің бірі. Қаланы жылумен қамтып отырған орталық жарты ғасырдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп, ондағы электр желілерінің тозығы әбден жетіп тұр. Осының жолын іздеген облыс әкімдігі мен Энергетика министрлігінің біріккен жұмысы нәтижесінде қалада құны 215 млрд теңгеден асатын жаңа жылу электр стансасы салынады. Сағатына 277 гекокалория жылу мен 240 мегаватт электр энергиясын өндіреді деп жоспарланып отырған энергетикалық жобаны Түркияның «Акса Энерджи» компаниясы жүзеге асырады.

Жылу-электр стансасы салынады

Биылғы мамыр айында Сыр еліне жасаған сапары барысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов елімізде бұрын-соңды жылу электр орталығын шетелдік инвестор көмегімен салу болмағанын, мұндай мүм­кін­дікке осы облыс алғаш болып қол жеткізіп отырғанын айт­қан еді. Жуырда нысан құры­лысын жүргізетін компания анықталды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев инвесторлармен кездесіп, жобаны жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Басқосуға «Акса Энерджи» ком­па­ниясының Қазақстандағы өкілі Мұстафа Кемаль мен Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөнін­дегі қаржы-есеп айырысу орта­лы­ғының директоры Гүлжан Қали­жан­қызы қатысып, тараптар арасында екіжақты келісімшарт жасалды.

– Мемлекет басшысы Үкі­мет­­тің кеңейтілген отырысын­да оңтүстік өңірлерді үздік­сіз электр энергиясымен қамта­ма­сыз ету мақсатында 3 жылда қуаттылығы 1 мың мегаватт маневрлік стансалар салуды тап­сырған болатын. Осы бағыттағы бастамамызға қолдау білдірген салалық министрлік пен «Акса Энерджи» компаниясы басшылығына аймақ жұртының атынан алғысымды білдіремін. Маңызды жобаның сапалы және уақтылы жүзеге асырылуына күш саламыз, – деді облыс әкімі.

Түрік компаниясының өкілі Мұстафа Кемаль энергетикалық қауіпсіздікті сақтауға айрықша мүмкіндік беретін жаңа нысан 2025 жылы ел игілігіне бері­летінін атап өтті. «Акса Энерджи»  мазут, табиғи газ, жел генераторлары мен су электр стансалары арқылы электр энергиясын өндіруден әлемдік тәжірибесі мол, жетекші компаниялардың бірі. Осыған дейін Африка мен ТМД елдерінде осындай нысандар салған «Акса Энерджи» Қызылордадағы құрылысты биыл желтоқсан айында бастамақ.

Жиында биыл облыста 23 әлеуметтік нысанның жылу қазандығы қайта жаңғыр­тыла­тыны, оған республикалық және облыстық бюджеттен 676 млн теңге бөлінгендігі айтылды.

 

Қызылорда облысы