Білім • 01 Қыркүйек, 2022

Үздік мектепке – 34 млн теңге, 100 балаға – білім гранты

357 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылордада мыңға жуық педагог қатысқан тамыз кеңесінде білім саласының өзекті мәселелері қаралып, үздік ұстаздар марапат мін­берінен көрінді. Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлі­баев, Оқу-ағарту вице-ми­нистрі Ғани Бейсембаев, Парламент Сенатының депу­таттары Мұрат Бақ­тияр­ұлы, Ақмарал Әлна­зарова, мәслихат депутаттары және сала ардагерлері, мектеп директорлары мен ұстаздар қатысты.

Үздік мектепке – 34 млн теңге, 100 балаға – білім гранты

Кеңес алдында қатысушылар театр дәлізіндегі баспалар өнімдері мен түрлі жобалар көрмесін аралады. Өңір ұстаздарын «Алматы­кітап» баспасының бас редакторы Өмірзақ Әбдішүкірұлы биыл баспадан жарық көрген оқу­лық­тармен таныстырып, TopIQ элек­трондық оқулықтар плат­фор­масының білім берудегі артық­шылықтары туралы айтып өтті.

«Білімді ұлт: терең білім, ең­бек­­қорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбында өткен кеңес­те облыс басшысы салаға жаса­лып жатқан қолдау мен жеткен жетіс­тіктерге, алда тұрған мәсе­ле­лерге тоқталды.

Соңғы жылдары білім сала­сында ауқымды реформалар жү­зеге асырылып, педагог мәр­те­бесін көтеруде тың бастама­лар қолға алынды. Жүйелі жұ­мыс­ты қажет ететін саладағы оң өзге­рістер аймақтарда да байқалады. Мысалы, биыл облыста білімге бөлінген қаржы былтырғыдан 17 пайызға артып, 204,8 млрд теңгеге жетті. Осы жылы сала қаржысы бюджеттің 42,8%-ын құраса, алдағы кезеңдерде оның көлемі арта бермек.

 Үкіметтің кеңейтілген оты­ры­сында балабақшаларға ли­цен­зия­лау тәртібін қайта енгізу міндеті қойылғаны белгілі. Бала қауіпсіздігіне тікелей қатыс­ты бұл міндеттер бірінші кезек­те орындалуға тиіс. Бүгінде облыс­тағы 601 балабақшаның 439-ы жеке сектор үлесінде. Осы бала­бақша құрылтайшылары жоға­ры жауапкершілік танытып, қауіп­сіздік мәселесіне жете мән беруі керек. Облыстық білім басқармасы мен білім саласында сапаны қам­тамасыз ету департаменті мәселеге қатысты тиісті дайындық шараларын жүргізуді қолға алғаны жөн.

– Алдағы 3 жылда аймақта 20 мем­лекеттік мектептің ірге­та­сы қа­ланады. Бүгінде демеу­ші­лердің өз қаражатына салын­ған жеке мектептер желісі 20-ға жетті. Алдағы жылдары инвестор есебінен тағы 12 мектеп салына­ды. Ал биыл облыста 6 жаңа мек­теп бой көтереді, оның 2-еуін ке­лер айда, қалған 4-еуін жыл соңы­на дейін пайдалануға береміз. Орын тапшылығы жағдайы­ның алдын алу үшін жыл аяғына дейін 1,6 млрд теңге көлемінде қар­жы жұмсап, қаладағы Абай мекте­біне – 550, №101 мектепке 375 орын­ға лайықталған қосымша құры­лыс салынатын болады, – деді облыс әкімі.

Конференцияда Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев өзгерістер заманында білім беру саласының даму қарқынына ілесу үшін ұстаздардың әдістемесі де жаңарып отыру қажет екенін айтып, жаңа оқу жылының жаңа­лықтарына тоқталды. Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы оқу­лықтар мәселесін шығару, кол­ледждерде маман даярлау мә­се­лесін қозғады.

Кеңесте облыс әкімі ардагер ұстаздар Төлепберген Қасы­мов пен Марк Подольскийге «Қы­зылорда облысының құр­метті азаматы» атағын табыс­тап, тоқсанның төріне шыққан қос қарияның саланың дамуына сіңірген еңбегіне тоқталды. Өңір басшысы жуырда кәріз құдығына құлаған сәбиді құтқарған 15 жас­тағы Арман Аманжоловтың қатар­ластарына үлгі болатын ерлігін атап өтіп, бозбалаға демеу­шілер жасаған сый – екі бөлмелі пәтер кілтін табыстаған сәтте бүкіл зал орнынан тұрып, айрықша қошемет танытты.

Үздік білім беру грантына жыл сайын өткізілетін конкурстың биылғы жеңімпазы Арал қала­сындағы Ұзақбай Қараманов атын­дағы №262 мектебі 34 млн тең­генің сертификатын жеңіп алды. Ал облыс әкімінің грантын иеленген 100 оқушының бір­қатарына осы жиында білім беру гранты тапсырылды.

 

Қызылорда облысы