Кеңес алдында қатысушылар театр дәлізіндегі баспалар өнімдері мен түрлі жобалар көрмесін аралады. Өңір ұстаздарын «Алматыкітап» баспасының бас редакторы Өмірзақ Әбдішүкірұлы биыл баспадан жарық көрген оқулықтармен таныстырып, TopIQ электрондық оқулықтар платформасының білім берудегі артықшылықтары туралы айтып өтті.
«Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбында өткен кеңесте облыс басшысы салаға жасалып жатқан қолдау мен жеткен жетістіктерге, алда тұрған мәселелерге тоқталды.
Соңғы жылдары білім саласында ауқымды реформалар жүзеге асырылып, педагог мәртебесін көтеруде тың бастамалар қолға алынды. Жүйелі жұмысты қажет ететін саладағы оң өзгерістер аймақтарда да байқалады. Мысалы, биыл облыста білімге бөлінген қаржы былтырғыдан 17 пайызға артып, 204,8 млрд теңгеге жетті. Осы жылы сала қаржысы бюджеттің 42,8%-ын құраса, алдағы кезеңдерде оның көлемі арта бермек.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында балабақшаларға лицензиялау тәртібін қайта енгізу міндеті қойылғаны белгілі. Бала қауіпсіздігіне тікелей қатысты бұл міндеттер бірінші кезекте орындалуға тиіс. Бүгінде облыстағы 601 балабақшаның 439-ы жеке сектор үлесінде. Осы балабақша құрылтайшылары жоғары жауапкершілік танытып, қауіпсіздік мәселесіне жете мән беруі керек. Облыстық білім басқармасы мен білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті мәселеге қатысты тиісті дайындық шараларын жүргізуді қолға алғаны жөн.
– Алдағы 3 жылда аймақта 20 мемлекеттік мектептің іргетасы қаланады. Бүгінде демеушілердің өз қаражатына салынған жеке мектептер желісі 20-ға жетті. Алдағы жылдары инвестор есебінен тағы 12 мектеп салынады. Ал биыл облыста 6 жаңа мектеп бой көтереді, оның 2-еуін келер айда, қалған 4-еуін жыл соңына дейін пайдалануға береміз. Орын тапшылығы жағдайының алдын алу үшін жыл аяғына дейін 1,6 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсап, қаладағы Абай мектебіне – 550, №101 мектепке 375 орынға лайықталған қосымша құрылыс салынатын болады, – деді облыс әкімі.
Конференцияда Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев өзгерістер заманында білім беру саласының даму қарқынына ілесу үшін ұстаздардың әдістемесі де жаңарып отыру қажет екенін айтып, жаңа оқу жылының жаңалықтарына тоқталды. Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы оқулықтар мәселесін шығару, колледждерде маман даярлау мәселесін қозғады.
Кеңесте облыс әкімі ардагер ұстаздар Төлепберген Қасымов пен Марк Подольскийге «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағын табыстап, тоқсанның төріне шыққан қос қарияның саланың дамуына сіңірген еңбегіне тоқталды. Өңір басшысы жуырда кәріз құдығына құлаған сәбиді құтқарған 15 жастағы Арман Аманжоловтың қатарластарына үлгі болатын ерлігін атап өтіп, бозбалаға демеушілер жасаған сый – екі бөлмелі пәтер кілтін табыстаған сәтте бүкіл зал орнынан тұрып, айрықша қошемет танытты.
Үздік білім беру грантына жыл сайын өткізілетін конкурстың биылғы жеңімпазы Арал қаласындағы Ұзақбай Қараманов атындағы №262 мектебі 34 млн теңгенің сертификатын жеңіп алды. Ал облыс әкімінің грантын иеленген 100 оқушының бірқатарына осы жиында білім беру гранты тапсырылды.
Қызылорда облысы