(Еліміздің біртуар ұлы Бәйкен Әшімовтің дүниеден өткеніне 100 күн толуына орай)
Өткен ғасырдың 60-шы жылдары. Ол кезде үлкен, ортақ Отанымыз – Кеңес Одағы, кіші отанымыз деп Қазақстанды ұғынатынбыз. Сол жылдардың орта тұсында шаруашылық реформа басталып, соның басы-қасында КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Алексей Николаевич Косыгин болды. Шаруашылық реформаның сәтті жүргізілгені сондай, ел-жұртымыздың еңсесі көтеріліп, әжептәуір қоңданып қалды. Әсіресе ауылдағы ағайындардың мал саны өсіп, элеваторлар салынып, қалаларда өнеркәсіп жанданып еді. Кішігірім қалалар (Кентау, Жаңатас, Рудный, т.б.) бой түзеп, кейін олардың саны 47-ге жетті. 70-ші жылдары да А.Косыгин тағы бір реформаны, яғни шаруашылық дербестікті, жеке маман адамды ынталандыруды қолдайтын үдерісті бастайын деп еді, алайда сол кездегі Саяси бюрода бұл бастаманы жақтамай, сөйтіп одан әрі 80-ші “тоқырау жылдары” дегенге ұласты.
Міне, сонау 60-шы, 70-ші мамыражай кезеңге келейік. Ағаларымыз:
– Халықтың әл-ауқаты жақсарып, тойлар көбейіп келеді. Көңіл-күйлері жақсы, бәрі де дүркіреп көтерілуде, – деп айтушы еді сол мезетте.
Ал Қазақстан Үкіметін осынау жылдары халқымыздың данагөй ұлы, абызы, ардагер азамат, қажымас қайраткер Бәйкен Әшімұлы Әшімов басқарған еді. Ол Министрлер Кеңесін басқаруға 1970 жылдың көктемінде келді. Алдында Талдықорған облыстық партия комитетін, ал оның алдында Қарағанды облыстық атқару комитетін басқарды.
Ол жастайынан еңбекке, бейнетке шыңдалған жан. Қан майданда қан төккен жауынгер. Салиқалы ойлы, сарабдал мінезді азамат еді. Өзі сұлу Көкше жерінде 1917 жылдың 10 тамызында дүниеге келген. Бұл күн данышпан ақын-ойшылымыз Абай атамыздың да туған күні.
Бәйкен аға байтақ жеріміздің, сайдақ еліміздің экономикасын бүге-шігесіне дейін бес саусақтай білді десек, артық болмас. Сол тұста Қарағанды металлургия комбинаты тұңғыш прокат болатын өндіріп, дүние жүзіне паш етті. Ермак жылу электр стансасы, Қапшағай су электр стансасы іске қосылды, кейінірек 80-ші жылдардың басында Одаққа мәшһүр аса қуатты Екібастұз электр стансасының алғашқы блоктарының генераторлары ток бере бастады. Ақтөбе, Ақсу ферроқорытпа, Жаңа Жамбыл фосфор зауыттары, Петропавл, Орал мәшине жасау өнеркәсіп орындары сапалы, тың өнімдер өндіріп шығарды.
Қазақстан ғылымы да қарыштап дамыды. Биотехнология өркендеп, академик Мұрат Айтхожин бастаған ғалымдар Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды, Мұхтар Өтелбаев атты математик өз жаңалықтарымен таң қалдырды, Ғылым академиясында ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби мұраларын зерттеу секторы ашылды, Есік қорғанында “Алтын адам” киім-кешегімен, қару-жарағымен табылды.
Әдебиет пен мәдениетіміз де кең қанат жайды. 1974 жылы халық әртісі Серке Қожамқұлов, 1976 жылы халық жазушысы Ғабит Мүсірепов Социалистік Еңбек Ері атанды, көптеген ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері КСРО, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлықтарының лауреаттығына, КСРО халық әртісі атақтарына ие болды. Ол кезде бұл үлкен дәреже, абырой еді. Кейін Халық Қаһарманы атанған Әзірбайжан Мәмбетовтің қойылымымен “Ана – Жер-ана”, “Қан мен тер” спектакльдері Мәскеуде, шет елдерде аншлагпен көрсетілді.
Осының бәрі бір жағынан экономикаға, әлеуметтік-мәдени салаға біліктілікпен басшылық жасаудың арқасы еді. Бәйкен Әшімұлы табиғатынан мінезге бай, парасатты, ақылға кенен болғандықтан әр мәселені байыпты, байсалдылықпен шеше білді. Жанында жастай қосылған адал жары Бақыт Әсетқызы әманда қайраткердің қасынан табылып, отбасының ұйытқысы, бала-шағасының қамқор жанашыры болды. Екеуі Ұлы Отан соғысынан кейін қосылыпты. Содан санасаңыз, 65 жылдай бірге өмір сүріпті, бір ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсірген. Қосағымен қоса ағарған, үлгілі отбасы деген осы да. Бәйкен аға 50-ші жылдары Көкшетау облысындағы Зеренді аудандық партия комитетінің екінші хатшысы кезінде Зерендіде менің қайын жұртым Әсеновтер отбасымен көрші тұрыпты. Сол кісілердің кейінгі бір қызы туғанда, Бақыт Әсетқызының үлгілігі сондай, соның атына орай есімін Бақыт деп қойыпты. Сол жылдары Зерендіде Әшімовтің ұлы Оңдасын да туған. Қазір ол Петропавлдағы М.Қозыбаев атындағы мемлекеттік университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі.
Кезінде Оңдасынмен біз Қазақ политехникалық институтының (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы техникалық университет) энергетика факультетінде (соңынан Алматы энергетика және байланыс институты) бір курста бірге оқыдық. Бір ғажабы, Оңдасын да салмақты, сабырлы, кескіні әкесіндей. Достыққа адал болды, сабақты жақсы оқыды. Алғаш рет біз 1969 жылы Алматының түбіндегі Боралдай кентінде студенттік құрылыс отрядында таныстық. Нұрлан Рамазановпен, Кенжебек Әкімқұлов атты балалармен бәріміз волейбол ойнайтынбыз. Менің әзіл-қалжыңы аралас “программа максимум-минимум” дегенімді екеуі әлі күнге еске алып күледі. Мені “молодой” деп атап кетті, бұл лақап атты мен курстағы ең жасы болғандықтан иелендім.
1971 жылы тағы да студенттік құрылыс отрядында бірге болдық. Бұл жолы Қапшағайға жақын “Шеңгелді” кеңшарында тұтастай Энергетиктер көшесін салдық. Отряд командирі – Нұрлан Рамазанов, комиссарымыз – Асқарбек Құсайынов, аудандық штаб командирі – Оңдасын, комиссары Әлібек Сұлтанғазин еді. Оңдасын мен Нұрлан үлкен мемлекет қайраткерлерінің ұлдары екенін білетінбіз. Бұл жерде бір оқиға еске түсіп тұр. Екінші курс басталғанда қарасақ, аудиторияда (дәрісханада) бір бөтен бозбала отыр. Бірінші курста оқығанда оны мүлдем көрмеппіз, бірақ бізбен бірге оқуға (күндізгі бөлім) түскен екен. Сөйтсек ол да бір дөкейдің (Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бюро мүшесі) ұлы болып шықты. Курстағы старостамыз деканатқа барып бүге-шігесін біле жаңағы “оқымыстының” қылығын әшкерелеп берді, сөйтіп ол кешкі не сырттай оқитын бөлімге ауысып кетті. Мен мұны неге қозғап отырмын? Салыстыру үшін. Манағы “блатноймен” біздің курстас Оңдасынды. Оңдекең болса сабақты да жақсы оқумен бірге қоғамдық жұмыста да белсенді болды, студенттік, мәдени-спорттық шаралардан қалыс қалған жоқ. Міне, бұл әкесі Бәйкен Әшімұлы мен анасы Бақыт Әсетқызының үлгілі тәрбиесінің жемісі еді.
Бәйкен Әшімов Үкіметімізді ең ұзақ (14 жыл) басқарған басшылар санатынан. 1984 жылдан 1985 жылға дейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Төралқасының Төрағасы болып, сол лауазым орнынан зейнеткерлікке бір-ақ шықты. 1977 жылы ересен ерен еңбегі үшін Қазақстанның миллиард пұт астық тапсырғанына және өзінің 60 жылдығына орай Социалистік Еңбек Ері атанып, кеудесіне Алтын Жұлдыз тағылды. Зейнеткерлік кезінде де ширек ғасыр – 25 жыл бойы Бәйекең қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, кейінгі толқын жастарға ақылшы, Ардагерлер кеңесінің, сан алуан ұлағатты ұйымдардың мүшесі болып қызмет істеді. Осы еңбегі үшін және 90 жылдық құрметіне байланысты оның кеудесіне Елбасының өзі 2007 жылы жоғары марапат – “Отан” орденін тақты.
Өзінің асқан ақылымен және кеңпейілділігімен Бәйкен аға бәрімізді баурап алатын. Ондай көзі де, сөзі де ойлы, салмақты, парасатты жан кемде-кем. Әр сөзін безбендеп, лайықтап айтатын. Бұған өзімен қызметтес, ағайын-жұрағаттас болған көптеген жандар куә шығар.
Бәйкен аға ұлағатты ұстаздай адам еді. Жүріс-тұрысымен, істеген ісімен, айтқан сөзімен барша қауымға Темірқазық жұлдызындай жол сілтеді. Ол кісінің батасын алу қандай ғанибет. Марқұм Жамбыл көкеміз үлкендерге асқан кішіпейіл, жаны жомарт, дастарқаны кең еді ғой. Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтан кейін Ғылым академиясының президенті болған академик Шапық Шөкиннің “Халық Қаһарманы” атағын иеленгеніне орай 1996 жылы Жәкеңнің үйінде Шәкең ақсақал, Бәйкен аға, Кәкімбек аға, достары Советхан Нұрпейісов (Жоғарғы Кеңес Төралқасының хатшысы, кейін Энергетика министрінің орынбасары), Әнуарбек Тілеулесов (“Дәуір” баспасының директоры), Рахымжан Елешев (ауыл шаруашылығы саласының академигі) жұбайларымен бірге бас қосты. Ой, сонда Жәкең ағамыздың көңілінің көл-көсір бір асып-тасып, шалқығаны-ай! Ағаларының батасын ала отырып өзінің тұжырым сөзінде ол былайша толқып тебірене айтты:
– Қараңдар, жарандар, менің шаңырағымда қандай ұлағатты, біртуар жандар отыр деп қазір шаттықтан далаға шығып бар дауысыммен айғайлағым келеді. Бақыттан басым айналғандай!
Ағамыз өзімен аралас-құраласқан ел-жұрттың пайымдауынша, ешкімді ұлтына, руына бөле алалап бөлмеген. Тек азаматтың біліктілігі мен біліміне, іс-тәжірибесіне, адамгершілігіне қарайтын. Алайда сол кезде бірен-саран өзімшілдік, өркөкіректік, төрешілдік үрдістер байқалатын. Мәселен, айтулы академиктер Ебіней Бөкетовтің, Шаһмардан Есеновтің, Төрегелді Шармановтың нақақтан, себепсіз қудалануы халықтың наразылығын тудырғаны шындық еді. Қазақтың ауруы – осындай көреалмаушылық пен қызғаншақтық, іштарлық, етектен тартушылық. Бәйекең мұндай қылықтардан ада болды. Ал 90-шы жылдарда біліктілікке, еңбек жолына қарамай жоғары лауазым орынтақтарына тәжірибесіз, можантопай жас, тиісті саланы білмейтін, мүлдем басқа саланың адамдарын қонжиту етек алды. Мұны Елбасы да кейінгі кездері сынады. Біліксіздігіне, мемлекеттің тілден мақрұм болғанына қарамай, бесіктен белі шықпаған олардың кланшылдығына, топшылдығына не жорық десеңізші?! Міне, жастар алдыңғы буын ағалардан тәлім алсын дейтініміз де сондықтан.
Өзі 93 жыл ғұмыр сүріп, жан жарымен 64 жыл отау тігіп, өнегелі ұрпақтар тәрбиелеп, жас кезінде толарсақтан саз, тобығынан су кешіп, республиканың халық шаруашылығын дәргейлі биікке дейін өркендетуге бар қажыр-қайратын аямай жұмсап, тектілермен тең болып, кектілерге кең болып, артында өшпейтін атын, көшпейтін даңқын қалдырған абыз ақсақал Бәйкен Әшімұлының күн дидарлы мейірімді жүзі, әманда тік жүретін тұлғасы, сабырмен, баппен айтқан сөзі біздің мәңгі есімізде қала бермек...
Бақытжан ТОБАЯҚОВ,
ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан
Жазушылар одағының мүшесі.