Бүгінгі таңда еркін күрестен өтетін дүбірлі додаларда негізгі бәсекелестік Ресей, АҚШ, Иран және Грузия құрамалары арасында өрбуде. Алысқа бармай-ақ, соңғы үш әлем чемпионатының нәтижелеріне зер салсақ, біраз жайтқа қанық боламыз. Мәселен, 2017-2021 жылдары ұйымдастырылған үш әлем чемпионатында 30 алтын медаль сарапқа салынса, соның 12-сін ресейліктер олжалады. Бас жүлденің сегізі АҚШ балуандарына бұйырды. Иранның пехлевандары төрт рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Грузияның үш тарланы теңдессіз деп танылды. Сондай-ақ Куба, Жапония және Польша құрама командаларының мүшелері бір-бір реттен топ жарды. Міне, осы жеті елдің өрендері ғана төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан соңғы бес жылдағы бәсекелерде өз елдерінің әнұрандарын шырқатты. Қалған мемлекеттің өкілдеріне ондай бақ бұйырмады.
Спорттық шежіренің сарғайған беттеріне үңілсек те, дәл сондай көріністің куәсі боламыз. Бұрындары КСРО, одан кейін Ресейдің еркін күрес шеберлері көп жағдайда жалпыкомандалық есепте көш бастады. Бірақ бір қызығы, көрші мемлекеттің қоржынын толтырып жүргендер арасында орыс ұлт өкілдерінің қарасы аз. Олжаға кенеліп жүргендердің дені Қап тауының қырандары екенін барша жұрт жақсы біледі. Сөзіміз дәлелді болу үшін төмендегі деректерді алға тартайық.
1996-2021 жылдар аралығында жеті рет Олимпия ойындарының алауы тұтанды. Еркін күрестен өткен бәсекелерде барлығы 51 бас жүлде сарапқа салынды. Соның 17-сін Ресей құрамасы иеленді. Бірақ араларында бірде-бір орыс балуаны жоқ. Алтын тұғырға көтерілгендердің барлығы да кавказдықтар. Атап айтсақ, үш Олимпиадада қарсылас шыдатпаған Бувайсар Сайтиев – (1996, 2004, 2008) Чешенстанның тумасы. Екі реттен алдына жан салмаған Мавлет Батыров (2004, 2008) пен Абдулрашид Сайдуллаев (2016, 2020) авар ұлтының перзенттері. Сондай-ақ авар Хаджимурат Магомедов (1996), Мурат Умаханов (2000), Сагит Муртазалиев (2000), чешен Адам Сайтиев (2000) пен Жамал Омарсултанов (2012), грузин Давид Мусельбес (2000), осетин Вадим Богиев (1996), Хаджимурат Гацалов (2004), Заурбек Сидаков (2021), Сослан Рамонов (2016), лакец Ширвани Мурадов (2008), құмық Бахтияр Ахмедов (2008) пен Заур Угуев (2021) және кабардин Билал Махов (2012) сынды саңлақтар «мәңгі тозбас» атаққа қол жеткізді.
Ресей Федерациясының қарамағындағы автономиялық республикалардың өкілдері Олимпия ойындарында өзге мемлекеттердің де әнұранын сан мәрте шырқатты. Нақтылап айтсақ, 2004 жылы Афинадағы айқаста қос осетин атой салды. Олар – украиналық Эльбурс Тадеев пен өзбекстандық Артур Таймазов. 2008 жылы Бейжіңде Түркияның туы астында өнер көрсеткен чешен жігіті Рамазан Шахин шашасына шаң жұқтырмады. 2012 жылы Әзербайжанның намысын қорғаған аварлық Шариф Шарифовтың тегеурініне ешкім шыдай алмады. Олардан бөлек, грузин Реваз Миндорашвили мен Владимир Хинчегашвили және әзербайжандық Тогрул Әскеров пен Намик Абдуллаев алтын алып, өз отандастарын қуаныш пен шаттыққа бөледі. Өздеріңіз байқағандай, 1996-2021 жылдар аралығында Қап тауының баурайын жайлаған шағын ғана ұлттардың 29 өр мінезді өрені Олимпия ойындарында бас жүлдені қанжығаларына байлаған екен. Олардың арасында бірде-бір орыс жоқ. Егер тарихқа жүгінсек, соңғы рет аталған ұлт өкілдері арасынан 1988 жылы әйгілі Сергей Белоглазов Сеулде Олимпиада чемпионы атанды. Одан кейін оның жеңісті жолын бірде-бір қандасы қайталай алған жоқ. Әлем чемпионатындағы жағдай да дәл солай. Соңғы рет дәл сол Белоглазов 1987 жылы Францияның Клермон-Ферранне қаласында өткен дүниежүзілік додада алдына жан салмады.
Қазақстан жайында айтар болсақ, әлем чемпионы деген атақ біздің балуандарға бірде-бір мәрте бұйырған емес. Тіпті алғашқы 10-15 жылда көшке ілігудің өзі оңай болмады. Сол аралықта санаулы ғана жерлесіміздің жеңіс тұғырына көтерілуіне күш-жігерлері жетті. Біздің жігіттер жеңіп алған жүлделердің жалпы саны – 15. Оның бесеуі күміс және 10-ы қола медаль. Бұл жүлделердің иегерлері: Күміс – Елмәди Жабырайылов (1995), Нұрлан Бекжанов (2016), Нұрислам Санаев (2018), Дәулет Ниязбеков пен Нұрқожа Қайпанов (2019). Қола – Мәулен Мамыров (1997), Геннадий Лалиев (2003), Магомед Круглиев (2005), Леонид Спиридонов (2009), Әбілхәкім Шәпиев (2010), Дәулет Ниязбеков пен Дәурен Жұмағазиев (2011), Ақжүрек Таңатаров (2017) және Нұрислам Санаев пен Данияр Қайсанов (2019).
Сербияның астанасында Қазақ елі намысын 10 балуан қорғайды. Солардың арасында бұған дейін әлем чемпионатында жүлде алған бір ғана балуан бар. Ол – Нұрқожа Қайпанов. 74 кило салмақ дәрежесінде күш сынасып жүрген 24 жастағы қазақ жігіті 2019 жылы Сианьда Азия чемпионы және Нұр-Сұлтанда әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Өз елімізде өткен жарыстың ақтық айқасында ол ресейлік Давид Баевқа есе жіберді. Азамат Дәулетбеков (86 кило) пен Әділет Даулынбаевтың (92 кило) бір бастарына жетерлік атақ-даңқтары бар. 28 жастағы Азамат Азия чемпионаты жүлделерінің толық жиынтығын жеңіп алды. 34 жастағы Әділет Исламиадада құрлықтық ойындар мен біріншілікте жүлдегерлер санатынан көрінді.
23 жастағы Талғат Сырбаз (70 кило) былтыр Алматыда өткен Азия чемпионатында алдына жан салмаса, биыл Ұланбатырда қола медаль еншіледі. 29 жастағы Олег Болтин де (125 кило) Алатау баурайында Азия чемпионы атанды. Болтинмен түйдей құрдас Болат Сақаевтың (79 кило) өнері көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Биыл ол Алматыда өткен «Болат Тұрлыхановтың кубогы» деп аталатын рейтингтік турнирде қазақстандық балуандар арасынан жалғыз өзі бас жүлдені олжалап, дүйім жұрттың зор қошеметіне бөленді. Сондай-ақ осы жарыста Рахат Қалжан (57 кило), Асыл Айтақын (61 кило), Әділ Оспанов (65 кило) және Мамед Ибрагимов (97 кило) сынды спортшыларымыз өз өнерлерін ортаға салады.
Сөз орайы келгенде Қазақстанның спортсүйер қауымы ғана емес, күллі Алаш жұртының қазақтың бір ұлы Олимпия ойындары немесе әлем чемпионатының алтын тұғырына көтерілсе деген асқақ арманы бар екенін айта кеткен абзал. Қазіргі кезде елімізде еркін күрес үйірмелері әр аймақта бар. Балуандардың алаңсыз даярлануына барынша жағдай жасалған. Оқу-жаттығу жиындары үздіксіз өтіп тұрады. Жарыстарға да жиі қатысып жүрміз. Бірақ алтын тұғыр жерлестеріміз үшін арман болып тұр. Осыған дейін ұлттық құраманың тізгінін талай маман ұстады. Майталман мамандар да болды, жалынды жастарға да сенім арттық. Бірақ көздеген мақсатымызға қол жеткізе алмадық. Бәлкім, білікті бапкер Мадияр Құрамысов тізгінін ұстаған команда мүшелері арасынан бұл жолы біреуі суырылып шығып, төрткүл дүниенің теңдессізі атанар... Бұл – күллі жанкүйердің арманы!