Аймақтар • 02 Қыркүйек, 2022

Ауыз суға жаритын күн бола ма?

289 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Облыс орталығына Сергеев және Шағалалы су қоймаларынан келетін суды сүзгіден өткізіп, тазалайтын станса 1972 жылы пайдалануға берілген. 1986 жылы тозуына байланысты есептен шығару туралы ұсыныс жасалған. Әртүрлі себептермен жаңғырту жұмыстары жүргізілмегендіктен, әлі күнге жұмыс істеп тұр. Қазіргі көкшетаулықтардың ішіп отырған ауыз суы мүлдем сын көтермейді.

Ауыз суға жаритын күн бола ма?

Бұл жолы ауыз суға байланысты шу облыс орталығының іргесіндегі Застан­ционный кентінен шықты. Осы маңда тұратын зейнеткерлер, үйінде су таситын адамы жоқ отбасылар өкпелерін айта бастады. Өкпе-наздың туындау себебі, кент көшелеріндегі суағарларды ешкім­ге ескертпестен кесіп әкете бастағанда шыққан. Іле тұрғындар айдың-күннің аманында ауыз сусыз қалдық деп тиісті орындарға жанайқайын жеткізгенімен, ұзақ жылдардан бері қордаланып қалған күрделі мәселе шешілмеген. Жауапты мекеме басшылары құбыр арқылы келе­тін суды жеке қаражатқа үйге тартқы­зып алу жөнінде кеңес беріпті. Алайда қала сыртындағы бұл кентте негізінен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар тұрады. Олардың құбырдан үйге дейінгі қашықтыққа байланысты шамамен 300-350 мың теңгелік шығынды жабатын қаражаты жоқ. 9 мыңнан астам тұрғыны бар кентті қоныстанушылардың күні 4 суағарға ғана қарап қалған. Енді амал жоқ, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдар әлденеше шақырым жерден суды тасуға мәжбүр.

– Бұл мәселе бұрыннан келе жатыр, – дейді «Көкшетау су арнасы» кәсіп­орнының басшысы Ермек Өмірғалиев, – кейбір үйлер ертеректе су құбырына рұқсатсыз қосылған. Негізінен қарыздың қордаланып қалғанын айту керек. Қыстыгүні су құбыры жиі қатып, апатты жағдай орын алады. Оның бәрін жөнге келтіру үшін көп қаражат қажет.

Бұрын кентте 20 суағар болған екен. Кейбірінің орнатылғанына кемінде – 40 жыл. Тозығы жеткендіктен, есіл су айдалаға ағып жататын да кезі болады. Бәлкім, шығынның көп қордалану себебін осы арадан іздеген жөн болар.

– Біздің жанымызға бататыны, күні бұрын ескертіп, көпшіліктің келісімін алмауы, – дейді кент тұрғыны Абзал Қонысбаев, – суағарларды бір күнде келіп жинап алып кеткен. Қалғанын бұздырмау үшін күзетіп отырмыз. Тұрғындардың қарызы 11 млн теңгеден астам делін­генімен, құбыр бойындағы босқа рәсуа болған суды неге есептемейді?!

Қазір жүзге жуық отбасы техникалық құжат алып, суды үйіне тартып алмақ. Мамандардың айтуына қарағанда, суағар­дан су тасу өткен ғасырдың енші­сінде қалған шаруа. Олар алдағы уақытта барлығын ретке келтірмек.

Бірақ бар мәселе алақандай кенттегі су құбырын бүтіндеп, суағарларды ретке келтірумен шешіле қоймайды. Ең алдымен Бұқпа тауының етегінде орналасқан су тазалау стансасын жаңғырту қажет. 2011 жылы Көкшетау қаласы әкімдігі­нің құрылыс бөлімі тәулігіне 60 мың текше метр су тазалауға қуаты жететін жаңа құрылғы салу жөнінде «Aegis ins» серіктестігімен келісімшарт жасаған. Мемлекеттік сатып алу тәртібімен 1,623 млрд теңгенің келісімшарты жасалған. 2011 жылы 583,1 млн теңгесі игерілген. Серіктестік бірнеше ғимарат салғанымен, іс аяқсыз қалған. 2012-2013 жылдары қайтадан конкурс өткізіліп, бұл жолы «АП Импекс» мердігерлік ұйымы үзілген жұмысты жалғастырып, 181,24 млн теңгені игерген. Бұл уақытта жоба құны өзгеріп, станса құрылысы тоқтап қалған. Барлығы 719 млн теңге игерілгенімен, таза суға зәру болып отырған ел үміті ақ­талмады. 2014 жылы мемлекеттік сараптама жасалып, Көкшетау қаласының су тазалау құрылғысын кеңейту және жаңғыртуға қажетті жоба қолға алынған. Бұл жолы 2 млрд 397,7 млн теңге қарас­тырылған. 2016 жылы сағыздай созылған жобаға тағы да 3,3 млрд теңге қажет деп есеп­телінген. Осылайша, қыруар қаржы жұм­­салғанымен, су тазалайтын құрыл­ғы­ға арналған талпыныс нәтижесін берген жоқ.

Жаңа құрылғы салынбағандықтан, Көкшетау қаласының тұрғындары сапасыз су ішуге мәжбүр. Жоғарыда облыс орталығы суды Сергеев және Шағалалы су қоймаларынан алатынын айттық. Қаладан 12 шақырым жер­дегі Шағалалы өзенінің бойындағы су қоймасы 1969 жылы пайдалануға берілген. Жалпы сыйымдылығы – 28 млн текше метр. Осы арада айта кететін бір жайт, су қойма­сының жанын­дағы тәртіпсіздік. Қала тұрғындары су қоймасы іргеде тұрған­дықтан, жаз бойы өздері суын ішетін жерге келіп суға түседі. Жағалауда шашы­лып жатқан тұрмыстық қалдық аткөпір. Өздері шомылғаны былай тұр­сын, көлігін жуып, итін шомылдыра­ды. Шағала­лы өзенінің бойына қоныстанған елді мекендердің мал қораларының қайсы­бірі жағалауға жақын салынғандықтан, көктемгі қызыл су жүрген кезде бар қалдық лықсып өзенге құйылады. Су тазалайтын стансаның жайы белгілі болғандықтан, дәл осы арада тазалық туралы тіс жарудың өзі артықтау.

– Көктемде пәтерге келетін суды ішу мүлде мүмкін емес, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Болат Сәрсенбаев, – амал жоқ тасымалдап ішуге тура келеді. Бірақ облыс орталығында таза су ала қоятын жер де тапшы. Әуезов көшесінің бойындағы Бұқпаның баурайынан ағатын бұлақ та бітеліп қалған. Бұрын ауыз суды сол жерден алып ішетін едік. Қазір ауыз суды тегін беретін Тумгоевтардың үйінен жарты Көкшетау су алып ішіп отыр. Атам қазақ «ауру – астан» деп тегін айтпаған. Кімді көрсең де, өтімізге тас байланып, бүйрегімізге құм жиналды деп арызын айтып жатады. Соның барлығы осы сүзгіден дұрыс өткізілмеген лай судың кесірі емес деп кім айта алады. Білетіндердің айтуына қарағанда, судағы зиянды зат хлор арқылы жойылады екен. Оның өзі денсаулыққа зиян емес пе?

Қазір көпқабатты үйлердің жанындағы сүзгіден өткізілген суды сататын жаңа кәсіп өрістеп тұр. Литрі – 10-15 теңге. Мәселе тіпті қаржысында да емес, бұл су да орталық құбыр арқылы келетін су ғой. Сүзгіден өткізілгенімен, толық тазартуға қауметі жетпейді. Қала тұрғындары соң­ғы кезде орталық су құбыры арқылы көп­қабатты үйлерге келетін суда әлдебір жағымсыз иіс пайда болды десіп жүр. Көпшілік қазір бұл суды тек тұрмыстық қажеттілікке қана пайдалануда. Ауыз суды тасымалдайтын көлігі, адамы жоқ мүмкіндігі шектеулі адамдар мен зейнеткерлерге адам айтқысыз қиын болып тұр.

«Көкшетау су арнасы» мекемесіне тиесілі 344,882 шақырымды құрайтын құбыр желісі бар. Оның 295,5 шақырымы Көкшетау қаласына тиесілі болса, 25,3 шақырымы Станционный және 24,065 шақырымы Краснояр кентінде. Осы су жүйесінің 37,72 пайызының тозығы жеткен.

Әзірге жағдайдың түзелетін түрі көрін­бейді. Елдің ендігі үміті – халық үніне құлақ асатын мемлекетте. Сан жылдар бойы сапасыз сары суды ішіп отырған бүтін бір облыс орталығының өкпе-назына көңіл аударатын уақыт жетті емес пе?!

 

КӨКШЕТАУ