Қоғам • 02 Қыркүйек, 2022

Ата жұртты аңсап жеткендер

310 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Түрікменстаннан Керекуге көш келді. Он бір отбасыдан тұратын қандастарымыз Ертіс-Баян өңіріне аман-есен жетіп, осында тұрақтап қалудың қамына кірісті. Атажұртын аңсап жеткен ағайынды жергілікті жұртшылық пойыздан салтанатпен қарсы алып, құрмет-қошеметін көрсетіп, дәм-тұзын ұсынды.

Ата жұртты аңсап жеткендер

Ұрпағының келешегін ата­меке­німен байланыстыруды қалаған қан­дастарымыздың алғашқы тобы әуелі Павлодар қаласына табан тіреп, осы жерде көші-қон қызметі мен жұмыспен қамту органдарының үйлестірумен ауыл-аймақтарға бө­лін­ді. Арқа даласындағы қазақтың құтын арттырып, өңірдің дамуына өз үлесімізді қосамыз деп келген аға­йынға қала-аудандардың атқарушы билік өкілдері бос жұмыс орындары туралы әңгімелеп, жергілікті жердегі баспанамен қамту мүмкіндіктерін ұсынды.

Дүниежүзілік қазақтар қауым­дас­тығы өңірлік филиалының жетек­шісі Болат Зауыттың айтуынша, қан­дас­тарымыз Түрікменстаннан арнайы визамен көшіп келген.

«Кездесу барысында мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер туралы толық ақпарат берілді және шетел азаматтарының Қазақстанда болу тәртібі, олардың құжаттарын рәсімдеу мәселесі егжей-тегжей түсін­дірілді. Сондай-ақ қандастардың жеке сәйкестендіру нөмірін иеленуі, Қазақстан Республикасы азаматты­ғын рәсімдегенге дейінгі мемлекеттік қыз­меттерді алу тәртіптері айтылды. Тәуел­сіздік жылдары облысқа шетел­дерден көшіп келген қазақтардың жет­кен жетістіктерін баяндадық, олар­дың жаңа ортаға тез бейімделуіне қа­тысты ақпараттық ақыл-кеңесімізді ұмытпадық», дейді ол.

Жыл басынан бері Павлодар облы­сына Ресей, Моңғолия және Өзбек­станнан жалпы саны 216 қандасы­мыз көшіп келген. Сырттан қоныс аударушылар үшін биыл 800 квота бөлінсе, тек Түрікменстаннан 427 адам Ертістің бойын ен жайлаған өңірімізден тұрақ табады деп күтілу­де. Бұл азаматтар облыс­та кемінде ­5 жыл тұруы керек. Заңға сәйкес жеке сәй­кестендіру нөмірін алған соң оларға «қандас» мәртебесі беріледі. Одан соң орныққан жері бо­­йынша тіркеліп, Қазақстан аза­мат­тығын алу­ға құжаттар тапсырады.

Өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдар­ла­малар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова шеттен келген қандастардың Павлодар облысын таңдауы үлкен қуаныш екенін айтып өтті. Өңірге қанша адам келсе де облыс билігі оларға жағдай жасауға әзір.

– Біздің басты мақсатымыз – осы кісілерді жұмыспен қамтып, өңірде тұрақтап қалуына мүмкіндік жасау, – деп атап өтті басқарма басшысы.

Қоныс аударушының әрқайсы­сына мемлекет тарапынан 214 мың теңге көлемінде көмек беріледі. Бұл келушілердің көшіп-қону шығы­нына арналған қаражат. Одан соң бір жылға дейін баспана жалдап тұруына қаражат бөледі. Ол сома бір отбасы үшін ай сайын шамамен 45-91 мың теңге аралығында, мөлшері қоныстанушының қала, аудан орталығын немесе ауылды таңдауына байланысты бекітіледі. Ал баспананы бірден сатып алуға мүмкіндігі бар­ларға жалдауға бері­летін қаражат­тың бір жылдық жиын­тығы бірден төленеді. Одан бөлек, жеке кәсіппен айналысқысы келетін азаматтарға ар­найы грант қарастырылған. Яғни кәсіпкер арнайы бизнес курсын оқып, бизнес жоспарын әзірлеп ұсынған жағдайда 1,2 млн теңге көлемінде қай­тарымсыз грант беріледі. Бұл – мемлекет тарапынан бекітілген ресми қолдау түрлері. Бұдан бөлек еңбекке қабілеттілерін жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығымен айналысамын деушілерге жер телімдерін рәсімдеу, шағын кәсіппен шұғылданушыларға қажетіне қарай ғимараттар мен арнайы орындар тауып беру секілді жұмыстар да жүргізіледі.

Бүгінде Павлодар облысында сырттан көшіп келушілерге арналған болжалды карта әзірленген. Онда 111 елді мекен белгіленген және мыңнан астам бос жұмыс орындары бар. Қандастарымыз қай елді мекенге баратынын өздері таңдап, жергілікті жерде мамандығы бойынша еңбек орнына орналасады. Түрікменстаннан көшіп келіп жатқандардың басым бөлігі – техникалық білімді игергендер. Қазір өңірдің денсаулық сақтау және білім беру салаларына мамандар аса қажет. Болашақта бұл кем-кетіктің орны да сырттан әлі де келетін қандастардың күшімен толтырылады деген сенім зор.

Бұған дейін Түрікменстаннан өңірге көшіп келген бір отбасы Ақсудың ауылдық аймағына қоныстанған болатын. Әулет үлкені, 67 жастағы Ескендірхан Сүйіқұлов қартайған шақта атамекеннің топырағына табан тірегенді жөн көргенін айтады. Бұл жақта жылы жүзбен, үлкен қамқорлықпен қарсы алғанын, бас­пана беріп, барлық көмекті көрсетіп жатқанын жеткізді.

«Бір балам Атырау өңірінде қалып қойды. Немерелерім өсіп қалды, олар Қазақстанда жетіліп, ана тілінде білім алса деп армандаған едім. Арманым жүзеге асқанына айрықша қуанып тұрмын. Құдайға шүкір, өз жұртыма келіп қосылғанымыз үлкен бақыт болды», деп ой бөлісті қария.

Қандасымыздың бірі Мақсат Сүйесінов ауылдық жерге барып, мал өсіруді ойға алыпты.

– Түрікменстандағы Балқанабат өлкесінен көшіп келдік. Отбасымызда төрт жан бар, зайыбым екеуіміз бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Қызым биыл 8-сыныпқа барады. Өз мамандығым электрик, ал әйелім үй шаруашылығымен айналысады. Бұл өңірдегі Май немесе Аққулы аудандарының біріне барамыз деп шешім қабылдадық. Ол жерде мал өсіріп, шаруашылық құрсақ па дейміз. Балқанабатта біз төрт түлік өсіріп, сонымен күнелткен едік, – дейді отағасы.

Айтып өтейік, бүгінде Түрікмен­станда 20 мыңдай қазақ тұрады.

 

Павлодар облысы