Ел Президентінің 2021 жылғы Жолдауына орай 103 тармақтан тұратын Ұлттық жоба қабылданды. Солардың бәрі кезең-кезеңмен орындалып, Жаңа Қазақстанның даму тұжырымдамасы орнықты. Осы мерзімде «Отбасы банкі» арқылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құны 230 млрд теңге болатын 20 мың жеңілдетілген несие берілді. Қазақстанда «әуелі экономика, содан соң саясат» бағдарламасы жаңа форматқа көшірілді. Саяси реформалар жасалмай, экономикалық даму да болмайтынын өмір көрсетті.
2021 жылға көзделген еліміздегі саяси реформалар толықтай жүзеге асырылды. Жалпыұлттық референдум өтіп, қоғамды дамытудың концепциясының жолы мен бағыттары анықталды. Халықтың саяси мүддесі мен әлеуметтік-экономикалық қорғалуының межелері белгіленді.
Әлемдік шиеленіс, Ресейге бағытталған санкциялар Қазақстанға әсер етуі мүмкін бе? Енді не істеу керек? Бұл сұрақтар халықты алаңдатып отырғаны белгілі.
Президент Қ.Тоқаевтың қос палаталы парламенттің бірлескен отырысында жасаған Жолдауы сайлаушылардың да, біздің де көкейімізде жүрген көп сұрақтың түйінін шешті деп нық айта аламын. Жолдауда айтылған саяси жаңғыру, Әділетті Қазақстан құрудың көкейкесті мәселелері «елімізде жаңа экономикалық саясаттың» бастау алғанын көрсетті.
Жаңа кезеңдегі Қазақстан дамуының алғышарттары қандай? Осы мәселелердің бәрі шикізатқа тәуелді Қазақстанның жаңа жолын айғақтап берді. Сондықтан басты мақсат – қоғамның тазалығын, шағын және орта бизнесті дамыту, адами капиталды көтеріп, халықтың әлеуметтік жағынан қорғалуы мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналды.
Президент жаңа салық саясаты қажет екенін айта отырып, 2023 жылы осы сала бойынша жаңа заң қабылданатынын жеткізді. Бюджеттік саланы реформалау да жалғасын таба бермек. Ұлттық қордың қаржысын орынсыз жұмсау тоқтатылады. Әрі жаңа «Бюджет кодексін» қабылдау күн тәртібінде тұрғанын қадап айтты. Ұлттық банк, кредиттік жүйені реттеу мәселелеріне де Президент ерекше назар аударды.
Әрине, білім мен ғылым саласының маманы ретінде мені Мемлекет басшысының төмендегі тұжырымдары ерекше толғантты. Президент білім, ғылым, жастар тәрбиесіне басым бағыт берді. Келесі жылы 100 мың жас жұмыспен қамтылатынын және оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыздан аспайтын шағын несие берілмек.
Жолдауда мектеп, балабақша мәселелері де басты назарда болды. Президент «орта білім сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты» екенін атап өтті. Бұл тезистің өміршеңдігін соңғы жылдары жасалып жатқан реформалар көрсетіп отыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы халық көңілінен шықты. Енді 2025 жылға дейін 800 мың бала заманауи жасақталған мектептерде білім алады.
Жалпыхалықтық референдумда қабылданған Ата Заңға сәйкес жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі болып табылады. Ендеше, оны халық игілігіне жұмсаудың қандай тетіктері бар? Осыған орай Мемлекет басшысы отыз жылдан бері айтылып, бірақ орындалмай жүрген бір түйткілді мәселенің түйінін шешті. Енді жеріміздің байлығы халық мүддесіне жұмыс істейді.
Әрбір отбасы ұлттық қазба байлықтарынан өз үлестерін алуға тиіс. Балалар жылының аясында Қ.Тоқаев «Ұлттық қор – балаларға» атты бұрын-соңды болмаған жаңа жоба ұсынды. Енді ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы 18-ге жеткенше балалардың арнайы есепшоттарына аударылады. Мұны әрбір ата-ана, әрбір қазақстандық қуанышпен қабылдағанына сенімдімін.
Ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықтарды жою Үкімет алдындағы жауапты міндеттердің бірі болып қалмақ. Сондай-ақ оқушылар қазақ және орыс тілдерін қатар жетік білуі замана талабы екенін де қадап айтты.
Отандық жоғары оқу орындарының мақсаты мен мүддесі, олардың кадр даярлаудағы әлеуеті, жауапкершілігі де назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы «ҰБТ нәтижелері мен өзге де көрсеткіштерге байланысты 30-дан 100 пайызға дейінгі сараланатын білім гранттарына ие болатынын жеткізді». Әрі ЖОО студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету үшін мемлекет пен жекеменшік серіктестікті тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.
Қазақстан Президенті мемлекеттік дамудың басым бағыттары туралы сараптама жасай отырып, кейбір орын алған кемшіліктерді де сын тезіне алды. Мәселен, денсаулық сақтау саласын алайық. Әрине, бұл сала бойынша біраз реформа жүргізілді. Бірақ оның барлығы халық сұранысына жауап бере алмады. Бұған Жолдаудағы Президент сөзі айғақ. «Еліміздің басты құндылығы – Адам. Бұл айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Дегенмен оның жағдайы әлі мәз емес», деді Мемлекет басшысы. Кемшілікті түзеу үшін мемлекет не істеуі керек? Бұған да жауапты Жолдаудан табасың.
Әрине, Президенттің кезекті Жолдауын терең талдап, сараптама жасау – уақыт еншісінде. Жаңа Қазақстан құру – саяси реформаларсыз өтпейтіні белгілі. Сондықтан Президент қойған міндеттерді орындау үшін саяси реформалардың мәні мен маңызын түсіну қажет.
Шын мәнінде, жалпыұлттық ынтымақтастық, билік пен қоғам серіктестігі Қ.Тоқаев реформасының алтын желісіне айналып отыр. Өйткені «күшті Президент, ықпалды парламент, есеп беретін Үкімет» бір мақсатқа, бір ұлттық мүддеге жұмыс істегенде ғана қоғам дамиды, экономикасы өседі, халық әлеуметтік жағынан қорғалады.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды, – деді Президент. – Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойласумыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні осы. Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу. Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ».
Жолдауда Президент мемлекет қауіпсіздігі мен жалпыұлттық көкейкесті мәселелерді көтерді. Әлем саясаты шытынап тұр. Көрші мемлекетке жасалып жатқан санкциялар Қазақстан саясаты мен экономикасына әсер етпей қоймайды. Петербургте өткен саммит кезінде Қазақстан Президентінің сөйлеген сөзі әр қазақстандықтың жүрегіне жетті, патриоттық сезімін ұялатты.
Президент халықтан ештеңені жасырған жоқ. Қалыптасқан әлемдік саяси текетірес тұсында оған «халықтың жаңа сенім мандаты» қажет. Сондықтан да, Мемлекет басшысы «мемлекет мүддесі үшін Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажеттігін» халыққа мәлім етті. «Президент мандатының ұзақтығы 7 жылдық бір мерзімнен аспайтын болады», деді Қ.Тоқаев «Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады».
Қалыптасқан геосаяси жағдайда бұл шешім дер кезінде айтылып отыр деп есептеймін. Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу – ел мен жер тұтастығы үшін кезек күттірмейтін мәселе. Біз өз Президентімізбен бірге тарихи таңдау жасағанда ғана ұлттық қауіпсіздігімізді сақтай аламыз. Бұл – әрқайсымыздың азаматтық, әрі адами парызымыз.
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
Сенат депутаты