Қазақстан • 02 Қыркүйек, 2022

Халық мүддесін көздеген құжат

150 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, ел дамуының алдағы уақыттағы басым бағыттарын жүйелі түрде белгілеп берді. Жолдауда жаңа экономикалық саясат, экономиканың нақты секторын дамыту, мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту, мемлекеттік басқаруды қайта жаңғырту, құқық үстемдігі қағидаттарын іске асыру және тағы басқа стратегиялық бағыттар туралы айтылды.

Халық мүддесін көздеген құжат

Жаңа экономикалық саясаттың мақ­саты – сапалық және инклюзивтік тұр­ғы­дан халықтың әл-ауқатын артты­ру. Оның аса маңызды қағидалары жеке кә­сіп­керлік бастамаларды ынталандыру, бәсекелестікті дамыту және ұлттық табысты әділ бөлу екенін атап өткен жөн.

Президентіміз мемлекеттік капита­лизм­нен және мемлекеттің экономи­каға шектен тыс араласуынан бас тарту қажеттігін айтты. Сондай-ақ әлеумет­тік жағынан әлсіз топтағы азаматтардың мүдделерін қатар ескере отырып, баға белгілеу саласында экономикалық субъектілерге тиісті мүмкіндіктер беріледі.

Әлеуметтік-экономикалық салада әділеттілік қағидатын іске асыру үшін салық реформасын жүргізу көзделіп отыр. Соған сәйкес экономиканың түрлі саласында дифференциалды салық мөлшерлемесіне көшу және «сән-салтанатқа салық» салуды енгізу мәселесі көтерілді.

Мемлекет басшысы Жолдауда азамат­тардың Ұлттық қордың қара­­жатын әділ бөлуге қатысты сұраныстарына да жауап берді.

«Ұлттық қор – балаларға» атты аса маңызды бастаманың дәл балалар жылында жариялануы символикалық мәнге ие. Осы игі бастама аясында ұлттық қор­дың жыл сайынғы инвестициялық табы­сының жартысы балалардың арнау­лы жинақтау­шы есепшотына олар 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады. Жинақталған қаржы  болашақта балалардың баспана немесе білім алуына жұмсалады.

Ұлттық қордың негізгі міндеті болашақ ұрпақтың жинағы ретінде қыз­­­­мет ету екені белгілі. Жаңа бастама қордың сол миссиясының іс жүзін­дегі көрінісі деуге толық негіз бар.

Сонымен қатар Жолдауда саяси саланы әрі қарай дамыту мәселелері де қамтылды. Мемлекет басшысы кезектен тыс Президент сайлауы және Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы туралы жариялады.

Алдағы кезеңдегі электоралды циклдің мерзімін ашық жариялау жаңа саяси мәдениеттің көрінісі екені сөзсіз. Мұндай қадам қоғам мен билік арасындағы сенімді күшейте түседі.

Республикалық референдумда қолдау тапқан конституция­лық реформаның ауқымды бөлі­гі басты саяси инс­титуттарды, яғни Парламентті, партияларды, мәслихаттарды, сондай-ақ пар­тиялық және сайлау жүйесін табанды түр­де қайта жаңғыртуға бағыт­тал­ғаны белгілі. Осы ретте кезектен тыс сайлау негізгі билік органдарын Конституцияның жаңартылған нормаларына сәйкестендіретінін атап өткен жөн.

Бұл өзгерістер мен бастамалардың бәрін тиісті деңгейде заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету қажет.

Сенаторлар жаңа, әділетті Қазақ­­­станның құқықтық базасын қалып­­­тастыру үшін осы бағы­т­та Мәжіліс пен Үкіметтегі әріп­тес­­­терімен, сарап­­шы­лармен және қоғам өкіл­­дері­мен бірлесіп, белсен­ді жұ­мыс істейді.

 

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

Парламент Сенатының Төрағасы