Еліміздегі оқу ошақтарында салтанатты жиындар ұйымдастырылып, алғашқы сабақтар өткізілді. Сондай жиынның біріне Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов қатысты. Елордадағы №86 мектеп-гимназиясына барған ведомство басшысы қазақстандық педагогтер, білім алушылар мен ата-аналарды Білім күнімен құттықтап, жаңа оқу жылында енгізілген білім беру саласындағы бірқатар өзгеріс пен жаңалыққа тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтер мен оқушыларды қолдауға ерекше көңіл бөліп отыр. 2023 жылғы қаңтардан бастап педагогтердің, балабақша тәрбиешілерінің және басқа да білім саласы қызметкерлерінің жалақысы тағы да 25%-ға өседі. Халықаралық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған дарынды балаларға 4,7 млн теңгеге дейін сыйақы төленеді. Мұндай олимпиадалар тізімі тағы 7 зияткерлік сайыспен толығады. Оларға ЖОО-да оқуға гранттар да беріледі. Ұстаздар да біржолғы төлем алады. Бұл – ата-аналардың қолдауы, мұғалімдердің қажырлы еңбегі, оқушылардың талабы мен табандылығының нәтижесі. Үлгерімі төмен балаларға ерекше қолдау және олардың жетістікке жететініне сенім қажет екенін түсіну маңызды. Сол себепті биыл Президенттің қолдауымен оқушылардың «БИЛ», «Дарын» сияқты мектептерде білім алуы үшін 15% квота енгіздік. Онымен қоса бірқатар арнайы бағдарламаны қолға алдық. Біз дарынды немесе үлгерімі төмен оқушыларды ғана емес, ерекше қажеттіліктері бар балаларға да қолдауды күшейтіп келеміз. Осыған орай ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар өздерін барынша жайлы сезініп, мектептерде оқи алуы үшін педагог-ассистенттер санын көбейтіп жатырмыз, – деді А.Аймағамбетов.
Министрдің мәлімдеуінше, университеттерге түсуге және өмірдегі жаңа кезеңнің басталуына дайындалатын соңғы сынып оқушылары үшін ыңғайлы жағдай биыл да жасалады. Былтырдан бері ҰБТ-ға қатысты бірнеше артықшылық енгізілді. Яғни бұл – тестілеуді 4 рет тапсыруға және грантқа түсуге 2 мүмкіндік.
– Міне, қазір алдымызда тұрған 1-сынып оқушыларына да арналған бірқатар өзгеріс бар. Биылдан бастап қазақ тілінде білім алатын балапандарымыз 1-сыныпта бұрынғыдай үш тілді қатар оқымайды. Олар алдымен қазақ тілінде әліппесін оқып, жазып үйренеді. Содан кейін барып 2-сыныпта орыс тілін, 3-сыныпта ағылшын тілін қосып оқыту балаларға оңай болады деп сенеміз. Мұндай өзгеріс дидактикалық, әдістемелік жағынан алғанда өте маңызды, өйткені бұл балалардың оқу үлгеріміне әсер етеді. Тағы бір маңызды мәселе, Президент бірнеше құндылықты айтты, соның бірі – еңбекқорлық. Жас ұрпақты еңбекқорлыққа мектеп қабырғасынан бастап баулуымыз керек. Сол себепті осы оқу жылынан бастап Еңбекке баулу пәнін бірінші сыныптан бастап енгіздік. Алдыңғы жылы Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында мектептерді салу жөнінде Үкіметке тапсырма беріп, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 277 мектеп салынды. Бұл – ең жоғары көрсеткіш. Бірақ мұның өзі аз. Сондықтан биыл да 260-қа жуық мектепті пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Жалпы, 2025 жылға дейін кем дегенде 1 мың мектеп салынады. Осы шешім оқу ошақтарындағы орын тапшылығы мәселесін шешуге бірден-бір қадам болатыны анық, – деді министр.
А.Аймағамбетовтің айтуынша, 3 млн-нан аса бала мен 2, 1 ауысымды мектептер 5 күндік жұмыс форматына көшеді. Алайда 3 ауысымды мектептер мұндай форматқа көше алмайды. Өйткені бұл білім беру сапасына әсер етеді. 3 ауысымды оқу ошақтарындағы балалар саны биылғы желтоқсанға дейін ашылатын жаңа мектептердің есебінен азайып, содан кейін ғана кезең-кезеңімен 2 ауысымда білім бере бастайды. Осыдан соң 3 ауысымнан 2 ауысымға ауысқан мектептердің кейбірі қаңтар айынан, енді бірі жыл соңынан бастап 5 күн жұмыс істейді.