Бұл хабарды тергеу изоляторында отырған жүздеген азамат күтіп отырды. «Аманат» комиссияның құрамында жүріп басқа бірде-бір мәселеге, тақырыпқа араласпадық. Рақымшылық жасау жөнінде бұған дейін бір емес, бірнеше мәрте ұсыныс білдірдік. Сондықтан да Мемлекет басшысының ауыр қылмысқа бармаған қаңтар оқиғасының қатысушыларына рақымшылық жариялауы әділеттіліктің орнауы.
Сегіз ай бойы тергеу изоляторында 600-ге жуық азаматпен жеке-жеке кездестік. Сол кезде бәріне бірдей «Сіз алаңға не үшін шықтыңыз?» деген «дәстүрлі» сұрағымызды қойдық. Әрине, хаттама толтырылған жоқ, қол қойылмады. Барлығының жауабы әділетсіздікке келіп тіреледі. Яғни халықты көшеге шығарғаны осы мәселе – әділетсіздік.
Қаңтар оқиғаларына қатысқанның барлығын қылмыскер деп санауға болмайды. Қылмыстық кодекстің 272-бабы 2-бөлігі бойынша, яғни жаппай тәртіпсіздікке қатысқандардың негізгі бөлігі 25-30 жас аралығындағы азаматтар. Тергеу изоляторында отырғандардың дені, тіпті 100 пайызы қазақы тәрбие көрген, қазақтілді азаматтар екенін көрдік. Азаматтардың ешқайсысы бұған дейін істі болмаған, құқық қорғау органдарының назарына ілікпеген. 2022 жылдың 4 қаңтарына дейін қылмысты айтпағанның өзінде тәртіп бұзбаған азаматтар бір күннің ішінде жаппай қылмыскер болып кетуі мүмкін бе?! Әрине, мүмкін емес. Біз құқық қорғау органдарының кейбір өкілдерінің қарсылығына қарамастан Президент әкімшілігі алдында осы мәселені төтесінен қоя білдік. Яғни жаппай рақымшылық қолдануды ұсындық. Әрине, Президент өзі атап өткендей, рақымшылықтың қолына қару алып, терроризммен айналысқандарға, елді арандатқандарға, тәртіпсіздікті ұйымдастырғандарға еш қатысы жоқ. Бұл арандап қалған азаматтарға ғана қатысты. Алдағы уақытта амнистия бойынша заң шығару, оның орындау тетіктерін іске қосу сияқты жұмыстар күтіп тұр. Біз, «Аманат» комиссиясы енді осы жұмыстарға ойысатын боламыз.
Көпшілікті алаңдатқан тағы бір мәселе бар. Ол – «Бұл заң бұрын сотталып кеткен азаматтарға қолданыла ма?» деген сұрақ. Ия, бұл заң сот үкімі шығып, сотталғандарға да, ісі тергеуде жатқан азаматтарға да, қысқасы қаңтар оқиғасына қатысқанның барлығына бірдей қолданылады. Сот шешімі шығып кеткендердің ісі қайта қаралады. Жазасы азайтылады немесе жазадан босатылады. Қандай баптар ілігетіні және ілікпейтіні туралы, өзге де мәселелер заң жобасы шыққаннан кейін белгілі болады.
Абзал ҚҰСПАН,
«Аманат» қоғамдық комиссиясының төрағасы,
заңгер