Пікір • 02 Қыркүйек, 2022

Ауыл медицинасы сапасына баса назар аударды

616 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа кезекті Жолдауын жариялап, салалардағы түйткілді мәселелерге кеңінен тоқталып, бұған тиімді шешім ретінде нақты тапсырмаларын берді. Оның ішінде ауыл медицинасын қолдауға қатысты айтқан тұсын ерекше атап өткім келеді.

Ауыл медицинасы сапасына баса назар аударды

Ауылдағы ағайынның денсаулығын дұрыс күтпейтіні, оған лайықты медицина­лық инфрақұрылымның да шалғайдағы елді мекендерде дұрыс жасақталмаға­ны көптен бері айтылып жүрген көкейкесті мәселе еді. Ел халқының жартысына жуығын ауыл халқы құрайтындықтан, бұл жағдайға баса мән беріп, жолға қою өте маңызды. Аталған мәселені Президенттің қатысуымен өткен жиындарда өзім де көтергенмін. Сондықтан осы Жолдау аясында нақты тапсырмалар арқылы ауыл медицинасын жақсарту бағытында ілкімді іс-шаралар қолға алынатынына қуанып қалдым.

Мемлекет басшысы айт­қандай, бүгінде елімізде 650 елді мекенде емдеу ме­кемесі жоқ. Бұл – біле-білгенге үлкен мәселе. Өйткені осынша ауыл-аймақтың халқы сапалы медицинадан тыс қалып отыр деген сөз. Енді осы олқылық жойылып, Жол­дауда жүктелген тапсырма бойынша алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынатын болды, сондай-ақ оған қажетті құрал-жабдықпен толық қамтама­сыз етіледі. Өз кезегінде осы бастама арқылы мемлекет 1 млн-нан аса адамның алғаш­қы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды.

Ауыл-аймақпен қатар аудандағы ауруханалардың да ахуалы әжептәуір жақ­сарады. Айталық, Жолдау­да 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналатыны айтылды. Бұл ауруха­наларда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Осылайша, 4 млн-нан аса адамға көрсетілетін меди­ци­налық қызметтің сапасы артады. Сонымен қатар телемедицина бағытын дамыту жолға қойылып, шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетіледі. Президент айтқандай, мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға бастайды.

Осы орайда ерікті меди­циналық сақтандыру жүйесін енгізуді де жақсы бастама деп атап өтер едім. Себебі медициналық сақтандыру жүйесіне халық тарапынан туып жатқан арыз-шағым, қынжылыстар аз болмай тұр. Басынан сын арылмай қойған бұл медициналық көмектің мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінгені аса тиімді бола қоймағанын уақыт көрсетті. Мұны Пре­зидент дұрыс айтып отыр. Алда бұл мәселенің де оң шешімін табатынынан үміт­тенеміз.

 

Абай БАЙГЕНЖИН,

«Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ басқарма төрағасы