Қоғам • 02 Қыркүйек, 2022

Бала күтімі бойынша жәрдемақы мерзімі қалай ұлғайтылады

788 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер мерзімі ұлғайтылады, деп хабарлайды Egemen.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Бала күтімі бойынша жәрдемақы мерзімі қалай ұлғайтылады

Мемлекет басшысының 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақы және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем төлеу мерзімдері ұлғайтылады. Ана мен баланы қолдаудың осы және басқа да шаралары ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында қарастырылады.

Әлеуметтік кодекс жобасында қолданыстағы мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер толық сақталғанын атап өту қажет. Сонымен қатар, құжатта балалы отбасыларды мемлекеттік деңгейде әлеуметтік қолдауды жақсартатын келесі нормалар қарастырылған:

«Біріншіден, бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы және әлеуметтік төлем төлеу мерзімдері бір жылдан бір жарым жылға дейін ұлғайтылатын болады», делінген ведомство хабарламасында.

Бұл ретте, МӘСҚ-тен төлем алушы жұмысқа ерте шыққан жағдайда, оның мөлшері мемлекеттік жәрдемақы деңгейінде сақталады. 

Жұмыс берушілердің олардың қызметкерлері үшін МӘСҚ-ке әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесінің мөлшері өзгеріссіз қалатынын атап өту қажет.

«Екіншіден, бала туылғанға дейінгі соңғы 2 жылда әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 6 айдан аз уақыт қатысқан ата-аналар жұмыс істемейтін адамдармен қатар республикалық бюджеттен төленетін бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы алатын болады.

Үшіншіден, әлеуметтік әділеттілікті орнату үшін наградталған аналарға берілетін жәрдемақының мөлшері сараланады. Мәселен, «Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналар үшін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін ұлғайтылады», делінген хабарламада.

Сондай-ақ 6 және 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей жәрдемақы алады.