Елбасының шақыруымен Түрік мемлекетінің Президенті Абдулла Гүл оңтүстікте болды
“Түркістан – ер түріктің бесігі ғой” деп Мағжан ақын жырға қосқан Түркістан Қазақстанмен арасын ұлы теңіз бөліп жатқан, бір қиырда жайлаған Түркиядағы түрік баласы үшін де аса қымбат. Базбіреулер айтатындай, қазаққа тәуелсіздік оңай келген жоқ. Ресей отарлаушылары мен кеңес империясының қитұрқы саясатынан өз жерінде азшылыққа айналған Қазақстан мойнынан бодандық қамытын сыпырып тастағанда ең алғаш тәуелсіздігін танып, бірінші болып құттықтаған Түрік Республикасы екенін есті қазақ ұмытпайды. Шын туысқан, жақын жанашыр деген осы.
Сол Түркия Президенті Абдулла Гүл Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Түркістанға келді. Ислам дінінің алтын діңгектерінің бірі, ұлы философ, ақын Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне келген мәртебелі қонақтарды университет ұстаздары мен қаланың зиялы қауымы қарсы алды. Өзара бауырлас Қазақстан мен Түркия және өзге де түркі тілдес халықтардың туыстық, достық қарым-қатынасын нығайту мақсатында құрылған Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті бүгінде елдегі іргелі оқу ордаларының бірі.
Сапар барысында екі ел президенттері мен қонақтар аталған университет қалашығының макетімен, содан соң клиникалық-диагностикалық орталықтың бөлімдері, биохимия лабораториясы және операциялық блоктармен бейнесалон арқылы таныстырылды. Н.Назарбаев пен А.Гүл жаңадан құрылысы басталатын жалпы ауданы 24827 шаршы метрді құрайтын 1850 студентке арналған оқу ғимаратының, 400 мың кітап қорына лайықталған кітапхананың іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Содан соң Қазақстан Республикасы тарапынан салынып біткен әкімшілік бас ғимаратты аралап көрді.
Университеттің мәдени орталығындағы үлкен залда өткен жүздесуді ХҚТУ ректоры Лесбек Тәшімов жүргізіп, әуел баста 300 студент оқыған Түркістан университетінің Елбасының қолдауы арқасында 14 мемлекеттен студенттер келіп оқитын дара халықаралық университетке айналған тарихын баяндады. Ректор сөзді Елбасына берді.
– Түгел түркінің тәу етер төрі болған Түркістанның ортақ тарихымызда алар орны айрықша. Бүгін осы құтты қоныс, рухани ордада туыс ел – Түркиядан келген мәртебелі меймандармен және сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын, – деп бастады сөзін Нұрсұлтан Әбішұлы. – Түркия – біздің тәуелсіздігімізді жариялаған сәттен бері сенімді стратегиялық серіктесіміз. Біз түрік елінің айнымас достық пейілі мен ыстық ықыласын жоғары бағалаймыз. Баршаңыз білесіздер, бауырлас екі елді байланыстыратын тұстар аз емес. Бәріміз байырғы баба – батыр түркінің кіндігінен өсіп-өнген ұрпақпыз. Тіліміз жақын, тілегіміз бір. Тағдырымыз ұқсас, тарихымыз ортақ. Жер арасы шалғай болғанымен, ғасырлар қойнауынан үзілмей жеткен асыл құндылықтарымыз алтын арқаудай бізді етене жақындастырады.
Осылай деген Қазақстан басшысы келесі кезекте тарихи тамырластығымыз екі ел қатынасының қарқынды дамуына оң ықпал етіп келе жатқанын айтты. Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық жыл сайын барлық салада барынша тереңдей түсуде. Қалтқысыз қарым-қатынастарымыздың айшықты бір көрінісі – осы оқу орны. Ұлы ақын, ғұлама ойшыл Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың атын иеленген бұл университет – түркі әлеміндегі тұңғыш халықаралық университет. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдан бастап мен Түркістанды қайта түлету идеясын көтеріп, оны жүзеге асыруға ден қойдым. Сондықтан, Түркістандағы университет 1992 жылы Халықаралық қазақ-түрік университеті болып қайта құрылды, деді Қазақстан Президенті.
Білім ордасына Түркістанның рухани ұстыны Әзірет Сұлтан бабамыз – Қожа Ахмет Ясауидің аты берілуі тегін емес, деп жалғады сөзін Н.Назарбаев. Өркениеттер қақтығысы туралы әңгіме өршіп тұрған бүгінгі алмағайып заманда ізгілік пен толеранттылықты ту еткен Ясауи ілімінің барша адамзат баласы үшін маңызы айрықша екені белгілі. Осылайша бір кездері шәкірттерін дүниенің төрткүл бұрышына аттандырған Ясауи бабамыздың аты ұрпақтарын құтты қонысқа қайта шақырған ұранға айналды. Игілікті істің басы-қасында сол кездегі Түркия Президенті, марқұм Тұрғыт Өзал екеуміздің бірге болғанымыз әлі күнге жадымда. Оқу орнының дамуында университеттің құрметті профессоры атағын алған Сүлеймен Демирел ақсақалдың да еңбегі елеулі болды. Бүгін осы құтты білім ордасының құрметті профессоры атанып отырған Абдулла Гүл де қазақ-түрік ынтымақтастығының кең қанат жайып, өрістей түсуіне қомақты үлес қосып келеді.
Университетте қазір 22 мыңға жуық жас 91 мамандық бойынша білім алуда. Қазақстан 2002 жылдан бері Түркия мен өзге де түркітілдес елдердің талапкерлері үшін осы білім ордасына жыл сайын тұрақты түрде 200 мемлекеттік білім грантын тағайындайды. ХҚТУ-дың халықтарымыздың білім беру саласында, өзара мәдени-рухани тұрғыдан жақындаса түсуінде маңызы орасан. Ол кезінде адамзатқа Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды әлемдік деңгейдегі ғұламаларды тарту еткен өңірдің қайта түлеуіне, жалпы өлкенің дамуына оң септігін тигізіп отыр. Бүгінде университет түркі тілдес елдердің білім іздеген талапты жастарының табысатын құтты орнына айналды. Мұнда әлемнің 14 мемлекетінен келген шәкірттер білім алуда. Олар түркі халықтарына ортақ дәстүр болған ізгілік ілімін озық ғылыммен ұштастыра түсуде. Оқу орнын бітірген түлектер Қазақстан мен Түркияда ғана емес, еліміздің ерікті елшілері ретінде ТМД және Еуропа елдерінде түрлі салалар бойынша жемісті еңбек етіп жүр, деді Қазақстан басшысы.
Нұрсұлтан Әбішұлы сондай-ақ шежірелі шаһар — Түркістан бағзыдан бүгінге дейін барша түркі халықтарының басын қосатын қасиетінен айрылмағанын атап көрсетті. Туыстас Түркия Президенті Абдулла Гүлмен бірге бүгін осы құтты қалаға келіп отырғаны соның бір айғағы екенін көлденең тартты. Тәңірге тәубе, түгел түркінің тұтастығы бағытында өзге туыстардың баршасына тірек болған Түркия мен Қазақстан арасындағы бауырластық биік белестерді бағындырып келеді. Бұл орайда мен Қазақстанмен тізе қосып, орасан еңбек сіңіріп келе жатқан бауырлас Түркия тарапына зор алғысымды білдіремін. Қазақстанның тәуелсіздігін әлемде алғашқы болып таныған түрік бауырларымыз осы Түркістанның ең басты, баға жетпес құндылығы – Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесін күрделі қайта жөндеуден өткізуге көмек еткенін ұмытпаймыз. Ағайын арасындағы мұндай көңіл сүйсінтетін абзал істер аз емес. Былтыр біз Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесін құру туралы келісімге қол жеткіздік. Енді Астанада халықтарымыздың және ортақ жалпы түркі мәдени мұраларын әлем деңгейінде насихаттап, таныту мақсатында Түркі әлемі академиясы ашылғалы отыр. Мені бір кезде түркі әлемінің мәдени-рухани мұраларын бірлесіп зерттеу туралы айтқан ойларымның іс жүзіне аса бастағаны қуантады. Жалпы, Қазақстан жоғары оқу орындарында қазіргі кезде Түркияның 450 азаматы оқып жатыр. Ал Түркияда 1992 жылдан бері 3000-нан астам қазақстандық талапкер білім алды. Осы жылдар ішінде қазақ-түрік лицейлерінің 300-ге жуық шәкірттері халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанды. Білімді елдің болашағы жарқын. Мен қай дәуірде болса да, ең сенімді инвестиция – адам ресурстарына салынған қаражат деп есептеймін, деп бір қайырды Қазақстан басшысы.
Мен Қазақстан халқына биылғы дәстүрлі Жолдауымда жоғары білім сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға жауап беруі тиістігін атап айттым, деп сабақтады сөзін Н.Назарбаев. Елдегі жоғары оқу орындары әлемнің жетекші университеттерінің рейтингіне енуге ұмтылулары керек. Университет жаңа ғасыр талабына сай сапалы білім беріп, жаһандық бәсекеге қабілетті мамандар әзірлеуі тиіс. Бұл білім сапасын арттыруға ықпал етіп, оқу орны түлектерінің кәсіби өсуіне, өмірде табысты болуына жол ашады. Сіздердің сондай биік үдеден шығатындарыңызға сенім білдіремін. Қазақстан Президенті сөзін осылай қорытты.
ХҚТУ ректоры Түркия Президентіне сөз берер алдында Абдулла Гүлдің екі мемлекетаралық қарым-қатынас, білім беру, мәдениет салаларындағы жасаған қажырлы еңбегіне орай Университет сенатының шешімімен Қ.А.Ясауи университетінің халықаралық қатынастар саласы бойынша құрметті профессоры атағы берілгенін хабарлап, мантия кигізіп, дипломын табыс етті.
Қазақстанға үшінші мәрте келіп тұрған Түркия басшысының Түркістан топырағын басып тұрғаны осы екен. Қазақ-түрікке тәржімеші керек емес, ол түрік тілінде сөйледі. Ата-бабасының тарихи Отанына келіп тұрғанын көңілінен сездіріп кеңінен толғады. Түркістан – бүкіл түркі халықтарының алтын ұясы, аяулы бесігі деді. Былтыр Нахчыванда өткен кездесуде Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесін құру туралы келісімге келгендерін айтты. Енді Астанада Түркі әлемі академиясы ашылғалы жатыр. Осындай туысқандық байланыстардың бастауында біздің қадірлі азаматымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұр. Қазақстан бүгінде Орталық Азия елдері ішінде экономикасы, әлеуеті дамыған, әлем таныған мемлекет болып дараланды. Мен Түркия елшілігінде өткен кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі елдерін біріктірудегі қажырлы еңбегін бағалап, түркі әлемінің көшбасшысы деген атаққа лайық екендігін айтқан едім. Алайда, Қазақстан басшысы ұсынысымды қолдаған жоқ. Бірақ, мен де өз ұстанымымнан қайтпай, сол ұсынысымды тағы да қайталап, айғағы ретінде асатаяқ ұстатып, иығына шапан жабамын, деді А.Гүл.
Түбі бір халық Қазақстан басшысының еңбегінің қадіріне жетіп, алғаусыз көңілімен зерлі шапан кигізіп, әшекейлі тастармен безендірілген асатаяқ ұстатып жатса, бұл – Қазақстан, оның түп иесі қазаққа да құрмет. Түркия – өркениетті елдер ішінде шоқтығы биік, намысты, жарамсақтанып ешкімнің алдында кішіреймейтін мемлекет. Халықаралық спорт бәйгелерінде де түрік намысы десе отқа да, суға да түсіп кетердей қасиетін танып жүрміз.
Түркияда Фатима Керік деген әйгілі актриса бар. Бұл өзі әкесі ерте қайтыс болған жесір әйелдің жалғыз қызы екен. Жарлы болыпты. Қоңторғай тұрыпты. Бір күні Голливуд студиясы түрік қыздары арасында киноға түсуге үлкен конкурс өткізеді. Бәйгесі – 1 млн. доллар. Сол сында өзі әдемі әрі ақылды он алты жасар Фатима Керік үздік болып танылады. Журналистер түріктің жап-жас қызы Голливудтың бас бәйгесін жеңіп алды деп жар салып мақала жазады. Теледидардан көрсетеді. Голливудқа кеткен қыз көп уақыт салмай кері оралады. Енді журналистер “Түріктің қызы Фатима 1 млн. доллардан бас тартты” деп жапа-тармағай жазады.
Бір күні Түркия Президенті Фатиманы шақырып алады. Осынша мол ақшадан неге бас тартқанын сұрайды. Сөйтсе, Голливудта Фатима жеңіп алған кино кейіпкерінің тәнін жалаңаштап, нәпсіге ерік беретін эпизод бар екен. “Мен түрік аналарының намысын жерге таптатқым келмеді”, дейді ақшадан түрік арын жоғары қойған тәкаппар қыз. Түркия Президенті қаршадай қыздың намысқойлығына, отансүйгіштігіне, патриоттығына разы болып, 5 миллион доллар бөлгізіп, жеке киностудия ашып беріпті. Міне, ер түріктің қасиеті.
Түркия Президенті Абдулла Гүлдің ұсынысы інілік ізеттен гөрі түркі әлемінің басын біріктіріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға тырысқан Қазақстан басшысының адал еңбегін бағалау еді. Жұрт солай түсініп, ұзақ қол шапалақтау арқылы алғысын білдірді. Бедерлі, сырлы асатаяқты Қазақстан басшысы мен Түркия басшысы сығымдай ұстап, біраз тұрды.
Тегі бір түркі баласы түгел болса, қуанышта да, қиындықта да бір жерде табылып, бір-біріне қолдау көрсетсе, алынбайтын қамал болмас. Асатаяқ ұстаған екі ел Президентінің қалпынан соны аңғардық.
Салтанатты басқосудан соң екі елдің Президенттері Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келіп, ұлы әруақтарға құран бағыштап, зиярат етті.
Бақтияр ТАЙЖАН,
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Түркістан қаласы.