Спорт • 04 Қыркүйек, 2022

Жүлде қоры – 200 миллион теңге

369 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

17 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда шахматтан Women Grand Prix-2022 деп аталатын аса ірі халықаралық турнирдің тұсауы кесіледі. Жүлде қоры 200 млн теңгені құрайтын жарыста әлемнің таңдаулы 12 ойыншысы бақ сынайды. Бұл ақпаратты «Қазақстан шахмат федерация­сы» республикалық қоғамдық бірлестігі таратып отыр.

Жүлде қоры – 200 миллион теңге

Әйелдер арасында өтетін жа­рыста Қазақ елінің намысын әлем­дік рейтингте 14-орында тұр­ған Жансая Әб­дімәлік (2495 ұпай) қор­ғай­ды. Регламентке сай қа­был­даушы ел турнирге тағы бір ойыншыны қосуға құ­қылы. Бұл ретте таңдау Би­бі­сара Асу­бае­ваға (2439) түсті. Қа­зіргі кез­де ол үздіктер тізі­мінде 32-орын­ды иеленуде. Әри­не, оған қарағанда Ди­нара Сә­дуақасованың (2446) көр­сет­кіші біршама жақсы. Тә­жі­рибелі шахматшымыз бұл күндері 28-сатыға жайғасты. Алайда Динара соңғы кездері дүбірлі додаларға сирек қа­тысып жүр. Сол себепті де ұлт­тық құрама бапкерлері Би­­­бісараға сенім артуды құп көрді. Қалай болғанда да, біз жер­лестерімізге үлкен үміт ар­тып отырмыз. Өз елімізде, өз же­рімізде өтетін байрақты бә­­секеде қазақ қыздары на­мыс­­ты қолдан бермейді деген ойда­мыз.

о

Нұр-Сұлтанға келетін «ойлылар ойыны» өкілдерінің төртеуі – ресейліктер. Олар – Алек­­сандра Горячкина (ФИ­ДЕ рейтингінде №2 орын, 2579 ұпайы бар), Ека­те­рина Лагно (№4, 2547), Алек­­­сандра Кос­тенюк (№11, 2521) және По­лина Шувалова (№12, 2510). Сонымен қатар бақ сы­нау­шылар арасында қы­­­тайлық Тань Чжунъи (№9, 2525) мен Чжу Цзиньэр (№21, 2464), польшалық Али­­на Кашлинская (№15, 2504), германиялық Ди­на­ра Вагнер (№116, 2341) мен Эли­­забет Петц (№13, 2484) және үндістандық Ко­неру Хампи сынды әйгілі шахматшылар бар. Олардың рейтинг­те жоғары орындарға жай­ғасқандарын айтпағанда, кей­бірі кезінде әлем чемпио­ны ата­ғынан да үміткер болған.

Міне, елорда төрінде өте­тін дүбірлі додада біздің бұрым­дыларға осындай атақты шах­матшылармен шеберлік байқасуға тура келеді. Осы жарысты тамашалау үшін елі­міздің Мәдениет және спорт министрі, ФИДЕ прези­денті және тағы басқа да лауа­­зымды тұлағалар келеді деп кү­тілуде. Ең бастысы, Women Grand Prix-2022 тур­нир­лері сериясында ең көп ұпай жиған ойыншы әлемдік тәж үшін таласу мүмкіндігіне ие бо­лады.