Олар Кеңес өкіметіне неге қызмет еткен?
Ресейдегі Қазан төңкерісінен кейін алашордашылар тәуелсіздікті ту ғып көтеріп, ұлттық мемлекет құруды көздеді. Осы мақсатпен олар Мұстафа Шоқай басқарған Қоқан үкіметін, генерал Калединнің «Оңтүстік-Шығыс одағын», Колчакты қолдады, Кеңес өкіметіне қарсы шықты. Тұрар Рысқұлов «Қазақстан» деген еңбегінде атап көрсеткеніндей, «олардың ұлтшылдық арман-мақсаты мен көмек аламын деген ойы ақталмады: ақтар бәрібір ұлтшылдарға сенбеді, ал олар болса сонда да большевиктерге қосылудың орнына колчактардың қорлығына шыдағанды жөн көрді», – дейді.
Кейін саяси хал-ахуал өзгерді: қазақ зиялылары қызылдар жағына шыға бастады.
1919 жылдың қыркүйегінде Түркістан майданының әскері Орынбор губерниясы мен Торғай облысынан ақтарды, оның ішінде А. Дутовтың бөлімшелерін толық қуып шыққан еді. Ал 7 және 12 тамыз аралығында өзінің қарамағына Орал және Торғай (XIX ғасырдың II жартысынан бастап ол Орынбор генерал-губернаторлығының құрамында болған), Семей, Ақмола облыстарымен қоса Бөкей ордасы (Астрахан губерниясының қазақтар мекендейтін бөлігінде) кіретін Қазревком 1-мәжілісін өткізді. Бұған Ахмет Байтұрсынов та қатысты. Бірақ ол кезде Қазревком пәрмені көп жағдайда шартты түрде ғана болатын Соғыс әрекеттері аяқталғанша шын мәніндегі билік Түркістан майданы, кейін партиялық құрылымдар, оның ішінде, әсіресе, орталық жіберген большевиктердің қолында болды. Солай бола тұрса да Орынбордағы Қазревкомға өлкенің күнделікті мәселелерімен айналысу және кеңестік автономияны құру үшін бүкілқазақтық съезді дайындау міндеті жүктелді. Құрылтайға әзірлік көктемде басталған еді. Алайда, әскери-саяси жағдайдың күрделілігіне байланысты 1919 жылы мұндай іс-шара өткізілмеді.
10 қыркүйекте Орынборда Қазревкомның жауапты қызметкерлері және Түркістан майданы, 1-армияның саяси бөлімінің революциялық әскери кеңесінің өкілдері қатысқан мәжілісте принципті проблема – Орынбордың Қазақстанға қосылуы қаралды. Қалай болған күнде де шешуді керек ететін іс-әрекеттің түйінін тарқату үшін бұған орталықтың тікелей араласуының қажеттілігі айқындала түсті. Талқылау барысында Орынбор губерниясына Орал облысы мен Ақтөбе уезі қосылсын, Орынбордың Қазақстан құрамына кіруі мүмкін емес, болашақ құрылымның астанасына Семей қаласы лайықты деген сияқты қарама-қайшы пікірлер көп айтылды. Күн тәртібіндегі мәселені сараптауға Қазревком мүшелері А.Байтұрсынов, С.Меңдешев, М.Тұнғаншин, т. б. қатысты.
20 қыркүйектегі Орынбор губком партиясының, губерниялық атқару комитетінің, Түркістан майданының жоғары басшылығының мәжілісіне осы жағдайды реттеу мақсатымен башқұрт және қырғыз (қазақ) өкілдерінің жауапты қызметкерлері бас қосып, бұған БОАК төрағасы М. Калининнің өзі келді. Алқалы жиында А. Байтұрсынов сөйлеп, өз тобының көзқарасы есебінде мәселені толыққанды шешіп, ұлттың өзін-өзі басқару принципін жүзеге асыру пікірін табандылықпен қорғады. Ол партия жиналысының автономиялық республиканың шекарасын белгілеуге құқығы жоқ екенін ескертіп, дауыс беруден бас тартты.
Болашақ автономияның аумағы мен шекарасын анықтау жағдайы қызу талқыға түсті, қарама-қарсы ұсыныстар жасалды, алайда, оның анық-қанығы қалай екендігіне ешкімнің көзі жетпей бәрінің басы қатты. Осыған орай 1919 жылдың 15 желтоқсанында М.Калининнің төрағалығымен болған кеңесте Башқұрт, Татар және Қазақ (мәтінде – қырғыз) республикалары туралы мәселе қаралды. Қазақ және Башқұрт шекарасын анықтау, сонымен бірге, Орынбордың тағдырын шешу БОАК жанындағы әкімшілік комиссиясына тапсырылды. Қазревком 1920 жылдың 16 мамырында көп сұрақтары бар дүдәмал екіұшты облыстар мен уездерді басқару жөнінде Әйтиев, Ермеков, Кулаков, Авдеев қатысқан комиссияның ұсыныс-пікірінің жобасын қабылдады, оны Сібір, Челябі ревкомдарына, Мәскеу мен Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты Қазақ өкілдіктеріне хабарлады. Шекараны анықтап, тиянақтау үшін келісімге келу мақсатымен Ермеков Мәскеуге жіберілді.
1920 жылдың 9-10 тамызында Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты коллегиясының мүшесі А.Каменскийдің төрағалық етуімен кеңес өтті. Бұған Семей облысының өкілі, әрі баяндамашы болып Ә.Ермеков, Қазревком атынан М.Мырзағалиев, С.Пестковский, А.Байтұрсынов, Ғ.Әлібеков және басқалар қатысты. Сібір, Омбы ревкомдары, Челябі губерниялық атқару комитеті, Қазревком мүшелері арасында қиян-кескі дау-дамай өрістеді. Алаш жерінде ұлттық автономия құру мүмкін емес, ол аумақтық құрылым ғана болуы керек, қазақ даласында Кеңес өкіметі әлі нығайған жоқ, сондықтан Сібірдің кейбір жерлерін Қазақстанға қосуға реті келмейді деген сияқты т. б. әртүрлі пікір-ұсыныстар айтылды.
Қазақ елінің мұң-мұқтажын қорғауда Ермеков ерекше көзге түсті. Ал Байтұрсынов: «Анығын айту керек. Егер Қазақ өлкесі өзін басқара алмаса, республика деңгейіне өсіп-жетілмеген, яғни оны құруға жағдай жоқ, олай болса мұны сөз қылудың қажеті қанша? Ең алдымен республиканы құрамыз ба, жоқ па, соны анықтап алғанымыз жөн. Егер бұл мәселені тиянақтап шешкіміз келсе, онда өлкені басқара алатын күштерді жасақтауымыз керек, ал бұған мүмкіндік бар», – деді ( Д. Аманжолова. На изломе. Алаш в этонополитической истории Казахстана. / Алматы, 2009, 363-б.).
Осы алқалы жиыннан соң орталыққа бағынатын жеке республиканы құру жағдайы жеделдетіле түсті: 12 тамызда В.Лениннің төрағалығымен өткен Ұлт істері жөніндегі Халық комиссариаты кеңесінде республика туралы негізгі құжаттың жобасы мақұлданды. Бұдан соң іле-шала БОАК Президиумының әкімшілік комиссиясы, РСФСР Совнаркомы қолдап, 1920 жылдың 26 тамызында декретке қол қойылды.
Қазақ республикасының қалай құрылғандығына қысқаша шолу жасап отырғандағы басты мақсат – Алашорда қайраткерлері большевиктер басқарған құрылымның әртүрлі саласында ғана қызмет істеп қойған жоқ, Кеңес өкіметінің іргетасын қаласқандардың басы-қасында болғандығын айтып, осы шындыққа тағы бір назар аудару.
Сөйтіп, сыртқы күштерден ешқандай қолдау таппаған алашордашылар кеңес өкіметі жағына біртіндеп шыға бастады. Өйткені, бітіспес, ымыраға келмейтін қиян-кескі ұрыс-керіс жағдайында жеңіс пен күштің большевиктер жағына ойысып бара жатқаны айдан анық еді. Алашорда көсемдері большевиктермен текетірестің ешқандай нәтиже бермейтіндігіне көзі жетті. Оларды қолдай отырып, қазақ қауымының арман-мақсаттарын орындауға қол жеткізуге болады деп есептеді. Коммунистік партияның сол кезде барлық жұртшылық үшін түйіні тарқалмаған көкейкесті саяси, экономикалық проблемаларын шешеміз, ұлттық қатынас саласындағы бағдарламада көрсетілген, әсіресе, ұлттардың өзін-өзі билеу жөніндегі ұсыныс-пікірлерін, жалпы пролетариат қана емес, сонымен бірге, қазақ сияқты орталыққа кіріптар халықтардың серкелері де мұндай ой-өрімді түсіністікпен қабылдағанын атап өткеніміз жөн. Сондықтан да қазақтардың жаппай қырғынға ұшырап, азып-тозып кетуін сезген Алаш қозғалысының серкелері Кеңес өкіметіне жақындай түсті. Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің басшыларына кешірім жасау туралы Қазақстан ОАК-нің белгілі қаулысы да бұған елеулі әсер еткені сөзсіз.
Мәселен, Ахмет Байтұрсыновты алайық. Ахаңды сен компартияға кір деп ешкім қорқытып-үркіткен жоқ. Осы ұйымға ол жүрек қалауымен кірді. Қазақ халқына азаттық әперудің бірден бір жолы осы деп ойлады, коммунистік партия қатарына саналы түрде енді. Бұл жөнінде облыстық партия комитетінің рұқсатынсыз Ахаңның 50 жылдық мерейтойын өткізіп, сонда жасаған баяндамасында Совнарком председателі Сәкен Сейфуллин «өзі үшін ұлтшыл болған қулардан бөлініп, Ахмет сол ұлт қамы үшін коммунист партиясына да кірді. Әрине, Ахмет коммунист партиясында да көп бола алмады. Көп бола алмайтындығы белгілі еді... Ахаң байлардың құлдығында шіріген жарлылардың айғайшысы емес, олардың шоқпаршысы емес, бірақ байын, кедейін айырмай, қазақты ғана сүйетін адал жүрек, таза ұлтшыл», – еді деп оның қазақ тарихында алатын орнын тұңғыш рет анықтап берді.
Шынында, Ахаң компартия қатарында бір жарым жылдай ғана болды. Ол мені партиядан шығарыңдар деп өтініш жазған жоқ. 1920 жылдың сәуір айынан бері коммунист болған Ахаң келесі жылдың қараша айында Қазақ халық ағарту комиссариатының коммунистік ұясының партияны тазалау жөніндегі аудандық комиссиясының қаулысымен партия қатарынан шығарылды. Қандай себеппен?
Бұл туралы Ахмет Байтұрсыновтың өзі былай деп мәлімдейді. «Маған жеткізілген хабарға қарағанда, менің шығарылуыма, біріншіден, партия жиналыстарына қатыспағаным, екіншіден, мүшелік жарнаны уақтысымен төлемегендігім және үшіншіден, менің Алашорда ұйымына қатыстығым сылтау болса керек. Маған қойылып отырған бұл айыптардың қайсысынан болсын мен бас тартпаймын», – деп жазады». Алматы, «Алаш», 2006, 5-т. 221-б.).
Ахаң қазақ халқын азат етудің жолдарын ұзақ уақыт бойы іздестіруден соң барып РКП(б) бағдарламасын қабылдаған едім деп атап көрсетеді. Өтінішінің 3, 4, 5-баптарында оның неліктен партияға кіретіндігін айқын жазған еді. Еңбекші қауымның диктатурасын қолдап (3-б.), қазақ халқы осы бағдарлама төңірегіне топтасады (4-б.), қаналған ұлт ретінде халқымыздың мүдделері қанағат таба алады (5-б.) деген принципті қағидалар жүзеге асырылады деген сеніммен партияға кірген едім дейді.
Ахаң өзі жазған түсініктемеде мына жағдайларға назар аударады: «Халық ағарту комиссары бола тұрып, КазЦИК төралқасының мүшесі әрі қазақ оқулықтарын жасау жөніндегі редакциялық алқаның төрағасы ретінде мен екінің бірін таңдауға: не қазақ тілінің оқулықтарын даярлау ісімен айналысуды, немесе, шынын айтатын болсақ, мен сияқты басқа да қазақ жолдастарға ешқандай пайдасы жоқ партиялық жиналыстарға қатысуды қалауға мәжүбір ететін жағдайға тап болдым. Мен мұның алғашқысын қаладым, неге десеңіз, өзімді қазақ тілі турасындағы еңбекке икемдірек және пайдалырақпын деп ойлаймын, бұл саладағы менің қызметім партиялық жиналыстардағы отырыстармен салыстырғанда, анағұрлым нәтижелірек болатындығына еш шүбәм жоқ.
Партия жиналыстарына жұмсалуға тиісті уақытты мен босқа (ойын-сауыққа) яғни партия қызметіне еш пайдасыз істерге жұмсаған болсам ғана, жиналысқа қатыспауым туралы айыпталуымның мән-мағынасы болар еді. Дәл осы сияқты жарнаны уақтысында төлемеуім жөнінде кінәлануға да баспа станогі РКП қолында болмаған жағдайда орынды болар ма еді, ал станок партия қолында тұрғанда мүшелік жарнаның төлену мерзімі партиялық істерде айтарлықтай маңызды рөл атқармайды».
Ал Алашорда ұйымына қатысуы туралы сөз етсек, бұл мәселе оны партияға мүшелікке алғанда сарапталып, зерттеліп қана қоймай, сонымен бірге, Кеңес өкіметінің – Қырғыз (Қазақ) автономиялық әскери-революциялық комитетінің – органы болып есептелетін «Известия» газеті (№ 16, 1920 ж.) сол кез үшін А. Байтұрсыновтың партияға кіруге берген өтінішінің маңызы зор екендігін хабарлап, атап көрсеткен болатын.
Осы ақпарды Ахаң былай деп толықтыра түседі: «Мен Алашорданы алғашқы құрушылардың бірімін және де осы ұйымның ішінен кеңес өкіметін бірінші болып мойындаған да мен едім. Кеңес өкіметі жағына шығуға мәжүбір етілдім дейтіндер жаңылысады (астын сызған –
А.К.).
... Егер де мені коммунистік идеяға қайшы келетін әрекеттерім үшін партиядан шығаратын болса, жұмған аузымды ашпас едім. Ондай қадамдар мен қылықтарға мен барғам жоқ, сондықтан мені партиядан шығару туралы комиссияның қаулысын қанағаттанарлық негіз жоқ деп есептеп, оны өзгертуді өтінемін» (бұл да сонда, 224-б).
Ахмет Байтұрсыновтың Кеңес өкіметін қолдап, Қазревком төрағасының орынбасарлығына тағайындалуы елдегі жалпы саяси хал-ахуалдың өзгеруіне елеулі ықпал жасады. Бұдан соң алашордашылардың Батыс бөлімшесі, Орскідегі үлкен топ та осындай қадамға барды, ақтарға қарсы соғыс операцияларына қатысты.
Кеңес өкіметі жағына шығуды алашордашылар қазақ халқына төнген кезекті апатты жағдайдан құтылу мақсатымен туындаған бірден бір амал-әрекет деп түсінді. Азамат соғысы аяқталған соң ашаршылыққа ұшыраған қазақ өлкесіндегі халыққа көмек көрсетуді ұйымдастыру алаш зиялыларының осы бағыттағы алғашқы қадамы деп есептегеніміз жөн. А. Байтұрсынов, Ә. Ермеков, М. Тынышпаев, Х. Ғаббасов, А. Кенжин, С. Досжанов, А. Қозыбағаров және басқалардың кеңес өкіметімен қоян-қолтық жұмыс істеуінің нәтижесінде ашаршылық пен оның зардаптарын ұйымшылдықпен және мақсатты түрде жоюға бағытталған игі шаралар жүзеге асырылды.
Кеңес өкіметі ұйымдастырушылық қабілеті бар, қазақ халқының ел-жұртқа сөзі өтетін қоғам қайраткерлерін уақытша болса да өздерінің қатарына тартқаны шындық. 1920 жылдың қазан айында Қырғыз (қазақ) Кеңестік Социалистік Автономиялық Республикасы құрылуына байланысты
А.Байтұрсынов тұңғыш халық ағарту халкомы болып тағайындалды. Ә. Ермеков Қазақ өлкесінің Мәскеудегі өкілдігіне жетекшілік етті, Х. Ғаббасов Сібір ревкомында өкіл болып, Б. Сәрсенов жалпықазақ құрылтай съезін шақырумен айналысатын өлкелік комиссияның мүшесі қызметін атқарды, ал А. Кенжин Казревкомның бір бөлімін басқарды.
Ұлттық интеллигенцияны лауазымды қызметтерге тарта отырып, орталық жергілікті билікті нығайтуды көздеді. Дей тұрсақ та, Мәскеу қазақ зиялыларына әр уақытта күдікпен қарады, оларды уақытша тек өз мақсаты үшін пайдаланды. Мәселен, 1919 жылдың шілде айында Қазревком енді құрылды-ау деген кезде И. Сталин РКП(б) ОК-нің хатшысы Е. Стасоваға Байтұрсынов туралы: «Мен оны революционер-коммунист немесе оған іш тартады деп есептеген жоқпын және олай есептемеймін де, солай бола тұрса да оның ревкомда болуы қажет», – деп жазған.
А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Х.Ғаббасов және оның серіктестері С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, С.Меңдешевтермен бірге ҚКАР жариялаған Құрылтай съезін дайындауға және оның жұмысына тікелей қатысты. Олардың күш-жігерімен тарихи-статистикалық, экономикалық, этнографиялық, жағырапиялық деректер ұқыптылықпен жиналып, Қазақстанның аумақтық шекарасы анықталып белгіленді.
Міржақып Дулатов большевиктік баспасөзде істеді.Түркістан Компартиясы Орталық Комитеті мен ТүркАКСР-ы ОАК-нің органы «Ақ жол» газетін басқарды. Семейдегі сот мекемесінде, партияның «Еңбекшіл қазақ» газетінде істеді. Коммунистік партияның көсемі В.Лениннің шығармаларын қазақшаға аударды.
Партия қатарына өткен Жүсіпбек Аймауытов Қазақстан Кеңестерінің Құрылтай съезіне делегат болды. Ұзақ уақыт Семей губревкомында істеді, Халық ағарту наркоматында бөлім басқарды. «Еңбекшіл қазақ» газетіне жетекшілік етті. «Ел қорғаны» деген пьесада: «Коммунистік партия бастаған кеңес өкіметі – дүние жүзінде болмаған өкімет, бұл бар адам баласын сәулетті, бақытты тұрмысқа көш бастаған өкімет», деп жазды.
Алашордашылардың кеңес өкіметі жағына шығуына Мұхаметжан Тынышпаев елеулі ықпал жасады. Ол 3-ші Түркістан атқыштар дивизиясының бөлімшесінде Д.Фурманов және О. Жандосовпен бірге жұмыс істеді. 1921-1922 жылдары Түркістан республикасының Егін шаруашылығы министрлігінде жауапты қызмет атқарды. Түркістан каналының жобасын жасады. Бірінші бесжылдықтың екпінді құрылысы – Түркісіб темір жолын салуға белсене кірісті. Қазақ тарихына байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оны жариялады.
1918 жылы Колчак әскерінен қашқан Мағжанға құшағын ашып, пана болған қызыл әскер бөлімшесі еді. Ол Сібір ревкомының газеті «Кедей сөзі» мен Ақмола облыстық партия комитетінің газеті «Бостандық туында» істейді. Мағжан «Автономия кімдікі» деген мақаласында барша халықты кеңес өкіметін қолдауға шақырады. Ал оның «Қызыл жалау» (1924) деген өлеңі «қызыл» Сәкеннің «Жас қазақ марсельезасымен» (1918) үндес. Мағжан «Қызыл шоқ жалау... сенікі, қазақ, сенікі» десе, одан бұрынырақ жазылған Сәкен жырында «Қызыл ту – шылауың, қорғаның, Тізе қос, тізе қос, Тізе қос» деп, «Ақниет азамат ерлерді бір тудың астына жинайық», – деп ұлттың бір бөлігін ғана емес, бәрін ынтымақ-бірлікке шақырады.
Солай болса да қазақ зиялыларының жағдайы оңала қоймады. Жаппай қырып-жою, репрессия дегеніңіз кеңестік жүйенің ажырамас бөлігі екендігі айқын көріне бастады. Билік интеллигенция арасындағы идеялық талас-тартысты өрістетіп қана емес, сонымен бірге, ұлтшылдар осылар, демек кеңес өкіметінің жауы деп анықтап, аты-жөнін белгілеп, тізімін жасап отырды. Мәселен, бұлар Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұхаметжан Тынышпаев, Елдес Омаров және басқалары болып есептелді. Міне, «ұлтшылдар» осылар болса оларға революциялық қанатқа жатады деп есептелген Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ғаббас Тоғжанов, Әбдірахман Байділдин және басқаларын қарсы қойды. Бастарын біріктірмеді, атыстырды, шабыстырды.
Коммунистік партия осы екі топтың – «таза» алашордашылар мен нағыз большевиктер деп танылған қазақ зиялыларының арасына сына қағып, үнемі өзара жауластырып, атыстырып-шабыстырып отырды. Ал шын мәнінде бұлардың қайсысы болсын елі, оның азаттығы, тәуелсіздігі үшін белсенді еңбек еткен, сол үшін сталиндік репрессияға іліккен. Сондықтан да олар бір кезде кеңес өкіметіне қызмет еткен еді деп жазғыру әділеттілікке жатпайтындығын ұмытпайық.
Амантай КӘКЕН,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
АСТАНА.