Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Саяси реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұжырым – қоғамымыздың мызғымас тұғыры. Реформалардың мазмұны жан-жақты толыға бермек. Жалпыұлттық ынтымақты және билік пен қоғамның серіктестігін нығайта береміз», дей келе, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы. Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл – еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу. Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ», деп нақты айтты.
Сондай-ақ жалпыхалықтық референдумда ортақ қабылданған конституциялық өзгерістер әділетті Қазақстанның символына айналатынын жеткізді. «Біз Ата Заңымызда «жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі» деген басты қағидатты бекіттік. Бұл құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы», деді Президент.
Мемлекет басшысы әділетті қоғам орнатудың басты бағдары ретінде елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру мәселесіне айрықша тоқталды. «Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс», деп атап өтті. Шындығында елдің тұрмыстық жағдайы түзелмей, өзге салада жетістікке жетуіміз неғайбіл.
Экономика саласында қордаланған түйткілдер баршылық, еліміздің әлі күнге шикізатқа тәуелді болып отырғаны, еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз екені жасырын емес. Ұлттық табыстың игілігін елдің бәрі бірдей көруі үшін оның нақты жолдарын қарастыру қажеттігі анық. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру, сонымен қатар шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру кезек күттірмейтін заман талабы.
Өркениетті, дамыған елдер экономикасында шағын және орта кәсіпкерліктің рөлі басым. Көптен бері айтылғанмен, елімізде бұл салада олқылық аз емес. Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті қолдау тапсырмасының екі жылдан бері орындалмай келе жатқанына қынжылыс білдірді.
«Бұл жұмыста бәрін басынан бастап реттеу керек. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мұндай тәсілді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет», деген Президент жаңа экономикалық саясаттың басым бағыты жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру екенін алға тартты.
Жолдау барысында ауылшаруашылық мақсатындағы жерді пайдалану жайына арнайы тоқталған Қасым-Жомарт Кемелұлы игерілмей жатқан жердің 2,9 млн гектарға жуығы мемлекетке қайтарылғанына, жыл соңына дейін тағы 5 млн гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отырғанын жеткізді. Осындай қараусыз, күтімсіз бос жатқан жерлер егіннің, малдың жайын білетін шаруаға тисе, бұл да өз кезегінде қарапайым шаруаның еңбек етіп, тұрмысы түзелуіне оң әсер етер еді.
Қаңтар қасіреті елімізде, жалпы қоғам өмірінде, атап айтқанда экономикалық-саяси, әлеуметтік-рухани салаларда түбегейлі реформалар қажет екенін ашық көрсетті. Ел Тәуелсіздігіне қатер төндірген бұл жағдайдан әрқайсымыз сабақ алуымыз керек.
Қаңтардағы қатерлі күндерде ел мүддесін басты орынға қойған Мемлекет басшысы жедел шешімдер қабылдап, саяси ерік-жігерінің арқасында жағдайды тұрақтандыра білді. Президент: «Біз кез келген ашық арандатушылыққа және заңсыз іс-әрекетке қатаң тосқауыл қоюымыз керек. Ел ішіне іріткі салған және заң бұзуға шақырған адамдар қатаң жазадан құтылып кетпейді. Бізге ел бірлігі ауадай қажет», деп атап өтті.
Президент қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетіп, бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдады. Алайда Мемлекет басшысы лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға рақымшылық болмайтынын қатаң ескертті.
Жолдауда Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстан құрудың жаңа міндеттеріне тоқталып, халықты ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырды.
Шынында, өз тарихында аз теперіш көрмеген халқымыз бүгінгі Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең түсінуі керек. Қазақ қоғамында мұндай жағдай қайтып орын алмауға тиіс.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдарынан құрылған арнайы сарапшылар Қаңтар оқиғасының себеп-салдарына үңіліп, қоғамдағы түйткілді мәселелерге ғылыми-талдаулар мен арнайы әлеуметтік мониторинг жүргізуде. Эксперттеріміз құқықтық бағалау, модельдеу жұмыстарын жүргізіп, идеологиялық сипаттағы іс-шараларды өткізудің әдістері мен технологияларын, әлеуметтік-тәрбие жұмыстарын тиімді ұйымдастырудың әдістемелік нұсқауларын, алгоритмдерін қарастыруда.
Осы мәселелерді жан-жақты талқылау мақсатында әр саланың білікті мамандарының қатысуымен университеттің Ютуб каналынан апта сайын қазақ, орыс тілдерінде «Ойталқы», «Мозговой штурм» бағдарламалары іске қосылды.
Әрине, ел дамуындағы айрықша бетбұрыстар әр салада жаңа, креативті шешімдер қабылдауды қажет етеді. Кез келген реформаны іске асырудың кілті ғылым мен білімде екені сөзсіз. Сондықтан өркениетке ұмтылған жаңа Қазақстанның кескін-келбетін білімді жастар мен еңбекқор мамандар жасайтыны анық. Бұл орайда, Жолдау жоғары білім беру жүйесіне жаңаша талаптар мен жауапты міндеттер жүктеп отырғанын түсінеміз. Мемлекет басшысы отандық жоғары оқу орындарының сапасын арттыруды, білім беру гранттарын ҰБТ нәтижелеріне және басқа да көрсеткіштерге байланысты саралауды тапсырды. Сондай-ақ барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес екенін жеткізді. «Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім беру экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс. Мақсатты капиталдың мұндай қорлары әлемдегі озық университеттерде ғылымды және инновацияны қаржыландырудың өзегі саналады», деді Президент.
Шын мәнінде, университеттер бүгінгі таңда ғылыми-техникалық әлеуетін арттырып, экономикалық және әлеуметтік үрдістерді дамытудың қозғаушы күші рөлін атқаруда. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жоғары білім ордалары ғылыми-зерттеу университеті дәрежесіне өту арқылы бірінші кезекте ғылымды дамытуда мол мүмкіндіктерге ие болады.
Қазіргі кезеңде қазақстандық жоғары оқу орындарының алдында отандық ғылыми-зерттеу нәтижелерінің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру, оларды коммерцияландыру және экономикаға енгізу мақсаты тұр.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздің ең ірі ғылыми және білім беру орталығы. Біздің терең тарихымыз, оқытушылар мен ғалымдарымыздың ғылыми әлеуеті, білім алушы жастарымыздың біліктілігі – университеттің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің негізі.
2022 жылғы 25 шілдеде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға ғылыми-зерттеу университеті мәртебесі берілді. Білім ордасын зерттеу университетіне айналдыру тек қаржылық инвестицияны ғана емес, сонымен қатар дұрыс басқару стратегиясын қажет ететін күрделі жұмыс. Біз қазақстандық және халықаралық тәжірибемен салыстыра отырып, өз көрсеткіштерімізге жан-жақты талдау жасадық. Нәтижесінде, ҚазҰУ-дың 2022-2026 жылдарға арналған даму бағдарламасы әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті ретінде әзірленді. Бағдарламада біздің мүмкіндіктеріміз, қазіргі заманғы үрдістер мен еліміздегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіндегі мемлекеттік саясат ескерілген.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Трансформация арқылы университет төрт стратегиялық міндетті шешеді деп көзделуде:
Бірінші міндет – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейінде ғылыми қызмет пен оқу үдерісін интеграциялау, білім берудің ғылыми-зерттеу бағыттарын күшейту.
Екінші міндет – білім беру бағдарламаларын болашақ жағдайларға жүйелі түрде бейімдеуге бағытталған.
2021-22 оқу жылында 119 жаңа білім беру бағдарламасы ашылды. Олар: неврология, вирусология, қоршаған ортаны қорғау инженериясы, креативті индустрия, цифрлық экономика, киберфизика және т.б. Сонымен қатар техникалық бағыттағы білім беру бағдарламалары бойынша практик мұғалімдерді өндірістен тартамыз. Біз дуалды оқытуға көшеміз, сонымен қатар студенттерді дипломдық жұмыстардың орнына дипломдық жобаларды орындауға бағыттаймыз.
Бүгінгі таңда университет еліміздегі ғылыми жобалар мен ғылыми жарияланымдар саны бойынша көшбасшы болып тұр.
Жердің жасанды серігін жасау бойынша ұтымды жобаларымыз іске қосылған. Ғарыш кеңістігіне екі наноспутник ұшырылды, олар ауыл шаруашылығына жан-жақты көмек көрсетіп, экологиялық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ғалымдарымыз наноиндустрия саласында ғылыми жобаларды жүзеге асыруда және айтарлықтай нәтижелер бар.
Пандемия кезінде университет ғалымдары табиғи қосылыстар негізіндегі жаңа дәрі-дәрмектерді жасау бойынша ғылыми жобаларды жүзеге асырды. ҚазҰУ ғалымдарының 100 инновациялық әзірлемесі нәтижелерінің толық сипаттамасын қамтитын «Инновациялық технологиялар және ғылымды қажет ететін өнімдер» атты екі томдық жарық көрді. Университет ғалымдарының өндіріспен, экономиканың нақты секторымен, ірі кәсіпорындармен тығыз байланысын қамтамасыз ету және университеттің ел экономикасына нақты үлесін арттыру міндеті тұр. Бұл – біздің үшінші міндетіміз.
Ұлттық цифрландыру жобасы аясында жоғары білікті ІT мамандарын даярлауға ерекше басымдық берудеміз. Қашықтан оқыту барысындағы ақпараттық жүйелердің сапасын арттыру үшін сапалы және инклюзивті білім беруді қамтамасыз етуіміз керек.
Университетте «цифрлық университеттің» түбегейлі жаңа архитектурасы құрылуда. Бүгінде оқытушылардың, студенттердің және қызметкерлердің цифрлық ойлауын қалыптастыру, «қағазсыз университет» форматына көшу өте маңызды. Бұл – университеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін тиімді корпоративтік басқару моделін құруды көздейтін төртінші міндет.
ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу университетіне трансформациялануы отандық ғылым мен білімнің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, жаңа зияткерлік өнімдерді, инновацияларды құру арқылы өңірлік және республикалық инновациялық экожүйелерді дамытуға және нығайтуға мүмкіндік береді.
Жаңа трансформация ғылым-білім-өндіріс интеграциясын жетілдіріп, инвестиция тарту, бизнестің барлық салаларын ынталандыру, аймақтардың әлеуметтік-мәдени дамуына серпіліс беретіні сөзсіз.
Мемлекет тарапынан ғылымға деген көзқарас жылдан-жылға артып келеді. Келесі жылы ғылым саласына бөлінетін қаржы төрт есеге көбейгелі отыр. Бұл – үлкен қолдау. Біз осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ғылым саласын жаңа бағытта жетілдіруіміз қажет.
Президент жұрт назарына ұсынған келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. «Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекет-жекеменшік серіктестігі орнату тәсілін барынша енгізу керек», деді Мемлекет басшысы. «Студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болатыны» да көңілге қонымды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 2022-2026 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес жұмыс істеп тұрған 14 жатақхананы қайта жаңғыртып, жаңадан 6 жатақхана салу жоспарлануда. Қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін басты назарда ұстайды.
«Білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі. Бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы әріптестік және өзара жауапкершілік қағидатын нығайта түседі», деді Президент. Күнделікті тәжірибе көрсетіп отырғандай, баласы ақылы бөлімде оқитын ата-аналардың, әсіресе толық емес отбасылардың оқу ақысын уақтылы төлеуге мүмкіндігі келмей жатады. Студенттерге берілетін бұл несие олардың қатарынан қалмай білім алып, маман иесі атануына жасалған тиісті жеңілдік.
Жаңа Жолдаудың қорытынды жаңалығы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді және Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды.
«Мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Мемлекет басшысының саяси жүйені жаңғырту және мемлекеттілікті нығайту жөніндегі ұсыныстарының маңызы зор. Кезектен тыс президенттік және парламенттік сайлау өткізу бастамаларын ҚазҰУ ұжымы мен студенттері толық қолдайды. Біздің ұжым «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» – тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа парақтарын ашатынына сенімді.
2021-22 оқу жылы университетіміз үшін өте табысты жыл болды. Университет QS WUR жаһандық рейтингі бойынша Топ-200 ішінде 25 позицияға жоғарылап, 175-орыннан 150-орынға көтерілді. Жаңа 2022-23 оқу жылында да алға қойған межелі міндеттеріміз бар. Бұл жоспарды мемлекет қолдауымен жүйелі жүзеге асыра бермекпіз.
«Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек. Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы керек. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады». Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сөзі оқытушы-профессорлар арасында күнделікті басшылыққа алынып, білім алушы жастарға түсіндіріледі. Жолдаудағы Президент тапсырмасына сәйкес келешекте ел тұтқасы болатын жастардың сапалы білім алып, кәсіби маман санатына қосылуына бар күш-жігеріміз бен тәжірибемізді жұмсаймыз.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы – ректоры