Сарапшылардың айтуынша, Президент Жолдауында айтылған мәселелердің халық игілігіне қарай тиімді жүзеге асуы Үкіметтің, жергілікті атқарушы органдардың және сарапшылар қауымдастығының үйлесімді жұмысына байланысты.
«Ulagat Consulting Group» ЖШС директоры, экономикалық сарапшы Марат Қайырленов алдағы уақытта инфляцияның тұрақталуы екіталай, сондықтан қарапайым тұрғындардың қалтасын қақпайтындай шешім шығару қажет деп санайды. «Бүгінде халық табысының 53 пайызын азық-түлікке жұмсайды. Бұл – әлем бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Инфляция деңгейі көтеріле береді», деді ол Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте. Сондай-ақ сарапшы елдегі салық саясатын өзгерту қажет деген пікірде. «Салық саласындағы өзгерістер де мұқият зерттеуді, қайта қарауды талап етеді, өйткені салықтың салмағы халыққа түскелі тұр. Тұрғындар онсыз да нарықтың шарықтаған бағасын арқалауға мәжбүр. Елдегі салықтың 25%-ы халықтан түсіп отыр, жеке кәсіпкерліктен 3%, өнеркәсіптен 2,5%-ды ғана құрайды. Бұл саланы қайта қарастыру қажет», деді М.Қайырленов.
Ал Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Дана Әшімханова ұлттық жобаларды, әсіресе әлеуметтік салада тиімді іске асыру үшін демографиялық даму ерекшелігін, демографиялық қауіпсіздікті ескеру қажет екенін айтады. «Мемлекет басшысының бұл бастамалары болашақта бала туудың өсуіне немесе ағымдағы деңгейде сақталуына себеп болуы мүмкін. Бұл бірнеше мәселені өзектендіреді: біріншіден, туу көрсеткіші халықтың әлеуметтік осал топтарына, табыс деңгейі төмен адамдарға берілетін болады; екіншіден, туу деңгейінің өсуі немесе оның ағымдағы деңгейде сақталуы әлеуметтік инфрақұрылымның, осы емхананың, мектептің қамтамасыз етілуі мәселелеріне, одан әрі еңбек нарығына көптеп шығуға алып келуі мүмкін; үшінші, оң өзгерістерден басқа, бұл бастамаларды іске асыру кезінде ескермеуге болмайтын белгілі бір тәуекелдерге әкелуі ықтимал. Президент ұсынған мемлекеттік сатып алу, экономика саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді жаңғырту қажеттілігі жөніндегі бастамалардан басқа, демографиялық мәселелер саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу қажет. Нақтырақ айтқанда, іске қосылатын ұлттық жобалардағы болжамды бағалау және демографиялық қауіпсіздік мәселелеріне назар аудару керек», деді Дана Әшімханова.
Брифингте Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев мерзімінен бұрын өтетін Президент және Парламент сайлауына тоқталды. «Мемлекет басшысының Президенттің өкілеттік мерзімін өзгертуге қатысты ұсынысы үлкен қызығушылық тудырды. Конституцияға өзгерістер енгізу қажет болады. Бірақ Жаңа Қазақстан жағдайында Конституцияға енгізілетін кез келген өзгерістерді Парламент арқылы қабылдауға тыйым салып, оларды референдум арқылы ғана енгізу керек. Ата Заңымыздың құбылмалылығы саяси жүйеміздің тұрақтылығы мен орнықтылығына тікелей әсер етеді. Биліктің көзі халық болғандықтан, Президент Тоқаев маусым айында бастамашы болған референдум арқылы ғана Ата Заңға өзгерістер енгізуі керек. Бұл дәстүр жалғасын табады деп үміттенемін. Екінші кезең – бұл сайлау туралы жаңа заң. Жаңа Қазақстанда сайлау бұрынғыдай өтпейді деп сенемін. Олар демократиялық елдердің үздік стандарттары бойынша өтуге тиіс», деп пікір білдірді сарапшы. Сондай-ақ Р.Ошақбаев «Сайлау туралы» Заңға өзгерістер енгізілген сәттен бастап бірде-бір жаңа саяси партия құрылмағанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл алдағы саяси тұрақтылыққа кері әсерін тигізуі мүмкін.
Халықты толғандырып жүрген мәселенің бірі– зейнеткерлік жас. Қазына қорының қаражатына қарайлаған үкімет зейнеткерлік жастың межесін қайта-қайта өзгертіп халықты, әсіресе әйелдер қауымын уайымға салды. Президент бұл мәселені де өз құзырына алып, әйелдерге 61 жасты мөлшерледі. «Біз бұл уақытша шешім екенін түсінеміз, одан әрі Үкімет үлкен жұмыс атқаруы керек, зейнетақы жүйесін трансформациялау қажет. Партия жанындағы институттың әлеуметтанушылары азаматтардың 95%-ы зейнеткерлік жас мәселесі туралы айтады. Бұл жерде мәселе тереңде жатыр: зейнетақымен қалай өмір сүру керек, зейнетақыға қалай жету керек. Жолдаудың тиімді іске асырылуы Жолдауды іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспарда үкіметтің қандай тетіктерді көздейтініне байланысты. Тетікті нақты пысықтау қажет», деді Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская.
Мемлекеттің басты байлығы мен тірегі – халық. Жалпы, Президент осы Жолдауын адамға, азаматқа қамқорлық көрсету, халықтың әл-ауқатын өсіруге бағыттады. Мұны Президент жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина сөз етті. «Ең маңызды бағыттардың бірі – адами капиталдың дамуы. Ауылдық жерлерде ауруханалардың дамуы, фельдшерлік пункттердің ашылуы – бұл өзекті мәселелердің бірі. Себебі бүгінде ауылда 7,5 млн жуық адам тұрады. Бұл – жалпы халықтың 38,8%-ы. Адам өмірінің сапасы, жалпы адамның әл-ауқаты денсаулықтан басталады. Бұған пандемиядан кейін көзіміз жетті. Тағы бір ауқымды бағыт мемлекеттік басқару. Мемлекеттік басқарудың тиімділігі, жаңаша көзқарас, жаңа механизмдер елімізде ұлттық жобаларды жүзеге асыруға тиімді әсерін тигізеді. Мемлекеттік басқару жүйесіндегі олқылықтар жаңартуды, жетілдіруді қажет етеді. Сондықтан осы бағытқа үлкен мән берілді. Үшінші бағыт – саяси институттардың одан әрі дамуы. Президент, парламент сайлауын өткізуге қатысты ұсыныстар Қазақстандағы саяси институттардың одан әрі дамуына септігін тигізіп, Жолдауда көрсетілген негізгі бағыттарды әрі қарай дамытуға мүмкіндік береді», деді ол.