Саясат • 04 Қыркүйек, 2022

Негізгі салаларды қайта жаңғырту керек

2346 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі тапсырмаларды тиянақтаған Үкімет отырысы өтті. Онда Премьер-Министр Әлихан Смайылов Жолдауды іске асыру бойынша тапсырмалар берді.

Негізгі салаларды қайта жаңғырту керек

Премьер-Министр Мемлекет басшы­сы қазіргі жағдайда экономиканың сапалы дамуын қамтамасыз етуге жә­не халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі және салалық шаралар кешенін айқындап бергенін атап өтті. «Осы маңызды құжатта бүгінгі таңда азаматтарымызды толғандырып отырған негізгі мәселелердің бәрі қамтылған. Жолдауда айтылған міндеттерді шешу экономиканың тұрақтылығын және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болады», деді Үкімет басшысы.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров экономика мен мемлекеттік басқарудағы реформаларды іске асыру жөніндегі негізгі шаралар жөнінде айтты. Оның айтуынша, Президент Жолдауын іске асыру мақсатында ведомство жүргізетін жұмыс бойынша үш негізгі бағытты белгіледі. Олар – жаңа экономикалық саясат; нақты секторды дамыту; мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту.

Бүгінде коммуналдық желілердің тозуы 60%-ды қамтиды, оның ішінде электр энергетикасы, жылу және сумен жабдықтау, су тарту бар. Осыған бай­­ланысты табиғи монополиялар сала­­­сында «нақты» реформалар талап еті­ле­ді. Табиғи монополиялар саласын реттеудің мүлдем жаңа тұжырымдамасы – «Тарифті инвестицияларға айырбас­тау» ұсынылады. Осы реформа аясында мүлік иелері есебінен салаға инвес­тиция­­ларды ұлғайту; табиғи монополия­лар және қоғамдық маңызы бар нарықтар саласында жұмыскерлердің жалақы деңгейін арттыру; одан әрі реттеуді табиғи монополиялар саласына озық инновациялар енгізуді ынталандыру жолымен жүзеге асыру; кірістің белгілі бір үлесін сақтай отырып, мүлік иелері шығындарының үлесін қайта бөлу есебінен инвестициялық салымдарды ұлғайту; тұтынушылар топтары арасында тарифтер деңгейін теңестіру есебінен тарифтерді тоғыспалы субсидиялаудан біртіндеп бас тарту; желілердің тозу көрсеткіштерін қысқарту көзделеді.

Ә.Қуантыров салық саясатын реформалау туралы сөз қозғады. «Фискалдық реттеуді қайта жүктеу мақсатында 2023 жылы салықтық әкімшілендіруді түбегейлі қайта қарауды, салық мін­деттемелерін орындау рәсімдерін цифр­ландыруды көздейтін жаңа Салық кодексінің жобасы әзірленеді», деді министр. Сонымен қатар салық мөлшер­лемелерін саралау, пайданы қайта инвестициялау кезінде корпоративтік табыс салығын төмендету, арнайы са­лық режімдерін оңайлату, бөлшек салықт­ы қолдануды кеңейту, «сән-салта­нат салығын» енгізу бойынша жұмыс жүргізіледі. Қазіргі уақытта Мем­лекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін 2030 жылға дейінгі са­лық саясатының тұжырымдамасы әзір­леніп жатыр, оны қабылдау осы жылдың соңына дейін жоспарланған. Тұжырымдамаға енгізілген тәсілдер жаңа Салық кодексіне негіз болады.

Сондай-ақ бюджет саясатын реформалау туралы да айтылды.

Қаржы вице-министрі Ержан Бір­жанов бюджет, салық саясаты және мемлекеттік сатып алу жөнінде баяндады. Вице-министрдің айтуынша, Қаржы министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы және уақтылы орындауды қамтамасыз ету үшін келесі шараларды қабылдайды. Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бойынша заң бұзушылықтардың алдын алу фискалдық және камералдық бақылау кезінде, сондай-ақ тексеру­лер кезінде тәуекелдерді басқару жүйе­­сін одан әрі жақсарту жолымен қам­тамасыз етіледі. Сондай-ақ камерал­дық бақылаудың орындалмаған хабарламалары бойынша тәуекелдерді басқару жүйесін қолдануды кеңейту және қосылған құн салығын қайтару кезінде тексеру жүргізбей тәуекелдерді бағалау ұсынылады. Жалған мәмілелерді жасау кезінде электрондық шот-фак­ту­раларды онлайн мониторингтеу жолымен олардың жолы кесіледі. Мемле­кеттік органдар мен ұйымдардың дерек­тері негізінде барлық хабарлама­ны орталық деңгейде кезең-кезеңімен автоматты түрде қою жоспарланып отыр. «Салық төлеушілердің өз конт­р­агенттерін дербес тексеруі үшін тиісті сақтық қағидатын енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, бұл сот талаптарының санын азайтады», деді Е.Біржанов.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев көлік, өнеркәсіп және құрылыс мәселелері, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері туралы баяндады. Сондай-ақ Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев сумен қамтамасыз ету және жер қойнауын пайдалану салаларын жақсарту жөніндегі жоспарлар, Әді­лет министрі Қанат Мусин реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету жө­нінде, Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов құқық қорғау жүйесін реформалау және нашақорлыққа қарсы күрес мәселелері, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектепке дейінгі және орта білім беру мәселелері, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары білім беруді дамыту мәселелері туралы айтты. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту жөніндегі іс-шаралар және медицина саласын қаржыландыру тәсіл­дерін қайта қарау туралы баяндады.

Мемлекет басшысы Жолдауында денсаулық сақтау саласына қаржының жеткілікті бөлінбеуі келеңсіз жағдайға айналғанын, соның кесірінен азаматтар сақтандыру жүйесіне қосылса да оларға медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отырғанын атап өткен еді. Денсаулық сақтау министрі саланы қаржыландыру тәсілдерін қайта қарап, мынадай іс-шараларды іске асыру ұсынылып отырғанын айтты: ТМККК шығыстарын (жыл сайын шамамен 200 млрд теңге) және халықтың 15 жеңілдікті санаты үшін мемлекеттің медициналық сақтандыру жүйесіне аударатын жарналарын қосымша қаржыландыру мәсе­лесін пысықтау; қаражатты әкім­­ші­лендіруді оңайлату және оны тиім­ді пайдалану үшін ТМККК мен МӘМС жүйесі пакеттерінің қаржылық шы­ғы­нын біріктіруді заң бойынша реттеу­ді іске асыру жоспарланып отыр. «МӘМС жүйесін енгізу жағдайында ерікті медициналық сақтандыруды толық іске қосу үшін медициналық көмектің бағыттары, ерікті медициналық сақтандыру қаражатымен жабылатын қызметтер тізбесі айқындалады, сондай-ақ шетелдіктер, атап айтқанда, еңбек мигранттары мен шетелдік студенттер үшін жүктелген медициналық сақтандыру заңнама бойынша бекітіледі және іске асырылады», деді А.Ғиният.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова әлеу­меттік саясат мәселелері жөнінде баян­дады. Аталған ведомство Мемлекет басшысының барлық тапсырмасын іске асырудың нақты алгоритмін әзірледі. Мәселен, Отбасының цифрлық картасын енгізу жөніндегі тапсырманы іске асыру аясында мыналар көзделген: 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бас­тап жәрдемақылар мен әлеуметтік тө­лем­дердің 9 түрі бойынша ОЦК-ны қанат­қақты режімде іске қосу; осы жыл­дың желтоқсан айында Әлеуметтік кодекс жобасы аясында ОЦК енгізу және «Дербес деректер туралы» және «Ақ­параттандыру туралы» заңдарға өз­геріс­тер енгізу; 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік кепілдіктер беру; 2024 жыл­ғы 1 қаңтардан бастап ОЦК арқылы денсаулық сақтау және білім беру сала­ларында мемлекеттік кепілдіктер беру; 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрін қамту. «Ең төменгі жалақыны 70 мың теңгеге дейін арттыру жөніндегі тапсырманы орындау аясында осы жылғы қыркүйекте «2023-2025 жылдарға ар­налған республикалық бюджет туралы» заң жобасына өзгерістер енгізу, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақ­тан­дыру қорынан тағайындалатын әлеуметтік төлемдерді есептеу алгоритм­дерін түзету көзделіп отыр», деді Т.Дүйсенова.

Оның мөлшерін кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік беретін ЕТЖ анықтаудың жаңа әдістемесін енгізу мақсатында келесі жылдың наурыз айында министрлік Дүниежүзілік банкпен бірлесіп зерттеулер жүргізуді және жаңа тәсілдер әзірлеуді жоспарлап отыр. Ал 2023 жылғы желтоқсанда Ең­бек кодексіне және «Ең төменгі әлеу­меттік стандарттар туралы» заңға ЕТЖ және оны арттыру тетіктерін белгілеу бөлігінде тиісті өзгерістер енгізіледі.

Келесі жылы 100 мың жасты түрлі жұмыспен қамту шараларымен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырманы іске асыру аясында осы жылдың қазан айында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсен­ді іс-шараларының тетіктері қайта қаралады.

Сонымен қатар осы айдың өзінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жастар кәсіпкерлігіне жылдық 2,5%-бен жеңілдікпен микрокредит берудің жаңа тетігін енгізу үшін республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыру қажеттілігі бойынша есептерді ұсынады.

Жұмыстан айырылу бойынша МӘСҚ-тен төленетін төлем мөлшерін биыл желтоқсанда орташа айлық табыстың 45%-ына дейін арттыру бо­йынша тапсырманы орындау мақсатында Әлеуметтік кодекс жобасы аясында әлеуметтік сақтандыру жүйесінің пара­метрлерін өзгерту көзделген. Жаңа мөлшердегі төлемдер 2023 жылғы 1 қаң­тардан басталады.

Қазақстан экономикасына бір уақытта 300 мың доллардан астам инвестиция салған шетелдік бизнесмендер үшін инвестициялық визаны, сондай-ақ тапшы кәсіптері бар шетелдіктер үшін визаларды енгізу жөніндегі тапсырманы іске асыру аясында биылғы қыркүйекте Көші-қон саясатының 2023-2027 жыл­дарға арналған тұжырымдамасына, ал 2023 жылғы маусымда «Халықтың көші-қоны туралы» заңға өзгерістер енгізіледі.

Бұдан басқа осы жылғы желтоқсанда «Қуатты өңірлер – ел дамуының драй­верлері» ұлттық жобасы аясында қандастардың қоныс аударуын ынталандырудың және ішкі көші-қонды реттеудің арнайы бағдарламаларын әзірлеу аяқталады.

Бала күтімі бойынша төлем кезеңін бір жарым жасқа дейін ұлғайту жө­нін­дегі тапсырманы іске асыру үшін биылғы қыркүйектен қазанға дейін жұмыс істемейтін аналар үшін рес­пуб­ликалық бюджеттен қосымша қаржы­ландыру қажеттілігі бойынша есеп­теулер ұсынылады және жұмыс істейтін ата-аналар үшін МӘСҚ-тен төленетін әлеуметтік төлемдерді есеп­теу алгоритмі түзетіледі. Биыл желтоқ­санда Әлеуметтік кодекс жобасы аясында балалы отбасыларды қолдау жүйе­сі­нің параметрлерін өзгерту және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемле­кеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау және төлеу бойынша ақпараттық жүйелерді дайындау көзделген.

Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% көлеміне дейін, ал ең жоғары мөл­шерін 120%-ға дейін кезең-кезеңімен арттыру және әйелдер үшін зейнетақы жасын белгілеу жөніндегі тапсырмаларды орындау мақсатында осы жылғы қазаннан бастап, 2023 жылдан 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде БЖЗҚ-дан тағайындалатын зейнетақы төлемдерін есептеу алгоритмі түзетіледі. Осы жылдың желтоқсанында Әлеуметтік кодекс жобасы аясында зейнетақы жүйе­сінің параметрлерін өзгерту және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнет­ақы тағайындау және төлеу бойынша ақпараттық жүйелерді дайындау көзделген.

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша мемлекет пен қоғамның барлық негізгі саласын қайта жаңғырту керек екенін айтты.

«Мазмұны жағынан Президенттің халыққа Жолдауы Әділетті Қазақ­стан құру жолындағы ең маңызды қадам. Қазіргі жағдайда бәріміз нақты және үйлесімді әрекет етуіміз қажет», деді Ә.Смайылов.

п

Үкіметтің алдында экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін, азаматтардың әл-ауқатының сапалы және инклюзивті өсуін арттыру, бәріне бірдей мүмкіндіктер беру, қоғамдық қауіпсіздік пен ішкі тұрақтылықты сақтау міндеттері тұрғаны атап өтілді. Осыған байланыс­ты Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне орта мерзімді кезеңге арналған Экономикалық саясат жобасында Президент елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша айтқан бағыттарын ескеруді тапсырды.

Сонымен қатар жаңа Салық кодексі­нің қазіргі ахуалдың сын-қатерлеріне дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік беретін, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатын жүзеге асырудың негізгі құралына айналуға тиіс екенін айтты.

«Фискалдық саясатты одан әрі же­тілдіру салықтық әкімшілендірудің түсінікті, нақты және ашық рәсімдерін белгілей отырып, іскерлік белсенділікті ынталандыруға, инвестициялық тартым­дылықты арттыруға, салық базасын кеңейтуге және бюджеттің кіріс бөлігін нығайтуға бағытталуға тиіс», деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысының айтуынша, жаңа Салық кодексі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, сарапшылардың және бизнес өкілдерінің қатысуымен әзірленуге тиіс.

Ә.Смайылов Президенттің тапсырмасы бойынша Үкіметтің бюджеттік жоспарлауды реформалау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатқанын еске салды. «Мемлекет басшысы бюд­жеттік процестерді жеңілдету, бюд­жетті жос­парлау кезінде шекті норма­тивтерді бекіту, бюджеттік тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу, өңірлердің қаржылық тәуелсіздігін арттыру бойынша нақты міндеттер қойды. Бұл іс-ша­ралар жүргізіліп жатқан бюджет саясатының тиімділігін және мемле­кеттік шығыстардың нәтижелілігін сапалы түрде арттыруға мүмкіндік береді», деді ол. Осыған байланыс­ты Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне осы тапсырмаларды заң жүзінде бекіту мәселесін жедел пысықтап, жаңа Бюджет кодексінің жобасын әзірлеу тапсырылды.

Жолдауда айтылған негізгі міндет­тердің бірі – мемлекеттік басқару­ға әкімшілік реформа жүргізу. Осы жұмыс аясында құрылымдық өзгеріс­тер азаматтардың мүдделерін қамтама­сыз етуге және экономикада оң өзгеріс­терге қол жеткізуге бағытталуға тиіс. «Мемлекеттік басқару моделі «Халық үніне құлақ асатын», тиімді, есеп беретін, кәсіби және прагматикалық мемлекет қағидаттарына сай дамуын жалғастырып, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырудың бағдары болуға тиіс», деді Ә.Смайылов.

Осы міндетті іске асыру үшін Ұлт­тық экономика министрлігіне мемле­кет­тік органдармен бірлесіп, Үкімет, министрліктер мен әкімдіктер арасын­дағы өкілеттіктердің аражігін ажырату бойынша жаңа ұсыныстар топтамасын дайындау тапсырылды. Премьер-Министрдің сөзіне қарағанда, бұл реформа Үкіметке салааралық мәселелердi шешуге көбiрек көңiл бөлуге мүмкiндiк бередi. Одан бөлек, мемлекеттік органдар басшыларының дербестігі мен жауапкершілігі артады.

Сонымен қатар Ә.Смайылов отандық экономиканың дамуына құрылыс сала­сының ықпалы зор екенін ерекше атап өтті. «Тұрғын үймен қамтамасыз ету – халық үшін ең өзекті мәселенің бірі. Дегенмен сапасыз құрылыс фактілері, құрылыс салушыларды таңдау рәсім­дерінің ашық болмауы, мегаполис­терде құрылыстардың тығыз салынуы жұрт­шылықтың орынды наразылығын тудыруда», деді Премьер-Министр.

Бұл саладағы ахуалды жақсарту мақсатында Индустрия және инфрақұ­рылымдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, сала мамандарын, сәулетшілерді, ғылыми қауымдастықты тарта отырып, Қала құрылысы кодексінің жобасын әзірлеу үшін жұмыс тобын құру және бастамаларды кеңінен талқылау тапсырылды.

Әлеуметтік блок туралы сөз қозғар алдында Ә.Смайылов ұлт денсаулығын нығайту Үкіметтің басым міндеті екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы денсаулық сақтауды және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру тәсілдерін қайта қарауды тапсырды. Біз медициналық инфрақұрылымды, оның ішінде мем­ле­кет-жекеменшік әріптестігі механизм­дерін қолдану арқылы жақсарту жөнінде кешенді шаралар қабылдауымыз қажет», деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне Қаржы министрлігімен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, денсаулық сақтау саласын одан әрі жетілдіру бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды.

Ә.Смайылов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қар­жы және Ұлттық экономика министр­ліктерімен бірлесіп, ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру мәселесін пысықтауы қажет екенін атап өтті. «Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне өзгерістер енгізу, бала күтімі бойынша және жұ­мыс­сыз қалғанда берілетін әлеуметтік төлемдерді ұлғайту, Отбасының цифр­лық картасы мен Әлеуметтік әмиянды енгізу бойынша жұмысты жалғастыру қажет», деді Премьер-Министр.

Одан бөлек, Үкімет басшысының айтуынша, қандастарды қоныстандыру сая­сатын түбегейлі реформалау және ішкі миграцияны реттеу үшін барлық қажетті шараны қабылдау керек.

Жиынтық зейнетақының мөлшерін ұлғайту, әйелдердің зейнет жасын 61 жасқа дейін төмендету және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық тартымдылығын қамта­масыз ету үшін зейнетақы заңнамасына тиісті өзгерістер енгізу тапсырылды.

Отырыс соңында Әлихан Смайылов Ұлттық экономика министрлігіне Үкімет­тің келесі отырысына Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың жобасын енгізуді тапсырды. «Әріптестер, біз қоғамның сенімін ақтау үшін барынша жұдырықтай жұмылып жұмыс істеуіміз керек. Мемлекет басшысы атап көрсеткен реформаларды жүзеге асырудың тиімділігіне бірінші кезекте біз жауаптымыз. Осыған байланысты Президент тапсырмаларын іске асыруға асқан жауапкершілікпен жедел кірісуді тапсырамын», деп түйіндеді Премьер-Министр.