Жалпы, мамандар әлемдік жылыну үдерісі үдеген сайын бір тұтанса сөнуі қиын орман өртінің көп елде жиілеп кеткенін алға тартады. Мәселен, шілденің аптабында Калифорния ормандарын үйтіп өткен өрттің салдарынан 2 мың халық эвакуацияланып, жүздеген тұрғын үй мен маңызды инфрақұрылымдық нысан күлге айналды. Таяуда ғана болған орман өрттері Батыс Еуропаның бірқатар мемлекетіне де орасан зардап келтіріп, есеңгіретіп тастағаны мәлім. Ал Ресейдің Саха аймағынан жеткен ресми мәліметтерге сүйенсек, бұл өңірде осы жаздың өзінде 520 мың гектардан астам аумақты қамтыған 500-ден астам орман өрті тіркеліпті. Қостанай облысына жақын жатқан Орал ормандарының өзінде мыңдаған гектар аумақты алып жатқан ну ағаш сидиған қу ағашқа айналды.
Биылдың өзінде шекараның арғы бетінен келген қалың түтін бірнеше рет Қостанай аспанын тұмшалап алып, күн көзін көрсетпей тастаған. Сонда осы зауалдың бәрі бізге келместей көрінетін. Өкінішке қарай, олай емес екен. Үшінші қыркүйек күні таңертең Торғай төрінде басталған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының тойына аттанып бара жатқанымызда, жайқалып тұрған жасыл орманды соңғы рет көргенімізді білмеппіз. Кешкілік жаманат хабар Торғайға да жетіп, той басталмай жатып тарқап, түнделетіп кері қайтып келе жатқанымызда, қаңқасы ғана қалған Аманқарағайдың құдды бір ауыр артиллерияның толассыз атқылаған жойқын шабуылына ұшырағандай кейпін көрдік. Көрдік те, күйзелістен қабырғамыз қайысып кетті. Қылқаны күл боп ұшып, бұтағы мүйізге, діңі киізге, қабығы кебінге айналған жансыз қарағайлардың түбінде тозақ оттары жымыңдағандай болып әлі сөне қоймаған қызыл жалын бейкүнә маздап жатты. Қолқаны қапқан күйіктің иісі жайлап алған. Жолдың оң жағында қаптап тұрған тұрғын үйлердің шатыры жерге түсіп, қабырғалары шала өртеніп жатыр. Бұл таңнан кешке дейін талмай тажалға қарсы күрескен жансебіл өрт сөндірушілердің алғашқы тойтарысынан кейінгі көрініс еді.
Ертеңінде, яғни, төртінші қыркүйекте таңертең өрт басталғалы осы өңірде жүрген Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Юрий Ильин арнайы баспасөз жиынын өткізді. Министрдің айтуынша, өрт 2 қыркүйек күні шамамен сағат 15.10-да басталған.
– Жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жететін желдің салдарынан тілсіз жау тез өршіп, орман алқабын қызыл жалынға орады, елді мекендерге қауіп төнді. Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдай қызметкерлері тарапынан қолға алынған жедел іс-шаралардың нәтижесінде 3 қыркүйекте өрт қаупі төнген елді мекендерден 1 мың 800-ден астам адам эвакуацияланды. Өкінішке қарай, бүгін таңертең Аманқарағай ауылында жанып кеткен ғимарат үйіндісін аршу жұмыстары барысында 1936 жылы туған бір адамның мүрдесі табылды. Алапат өрт 106 мың гектар аумақты алып жатқан Аманқарағай орман шаруашылығының 43 мың гектардан астамын шарпығаны анықталды. Жел күшейсе қайта өршіп кетуі мүмкін 8 өрт ошағы әлі сөнбей жатыр. Тілсіз жаудың елді мекендердегі тұрғын үйлерге өтіп кетуіне жол бермеу мақсатында 3 жауынгерлік жасақ жұмыс істеп жатыр. Өрттің таралу жолын кесу үшін әуеден 3 тікұшақ су бүркуде. Қауіпті аймақта кешеден бері Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты барлық бөлімшелер, жергілікті атқарушы органдар тынымсыз өртке қарсы күрес жүргізуде. Сындарлы сәтте темір жолшылар тарапынан үлкен көмек көрсетілгенін айта кету керек. «Қазақстан Темір жолы» АҚ-на қарасты бөлімше Аманқарағайда жарылған мұнай базасынан шыққан өрттің таралуына жол берген жоқ. Соның нәтижесінде тілсіз жаудан төніп тұрған орасан қауіптің беті қайтарылды. Өртке қарсы күрес жалғасуда, – деді министр.
Министрдің сөзінше, зауалдан зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетіледі. Халықтың өртеніп кеткен дүние-мүлкінің бәрі қайта ресімделеді. Мемлекет басшысы мен Үкімет тұрғындардың өрт салдарынан болған шығындарын түгелдей өтеп беру үшін қаржы бөлу туралы шешім қабылдаған.
Қазірге бізге белгілісі, Аманқарағай ауылында – 98, Озерный елді мекенінде – 8 және Лесное ауылында 1 үй өртеніп кеткен. Өрт аумағынан эвакуацияланған тұрғындардың біразы туған-туыстарының үйіне орналастырылды. Ал біразы Әулиекөл орта мектебі мен Әулиекөл мектеп-интернатында тұрып жатыр. Өртке қарсы күрес шаралары барысында жедел ұйымдастырылған мұндай қамқорлық орындарына орналасқан тұрғандарға үш уақыт тегін ас беріліп, дәрігерлер мен психолог мамандар көмек көрсетуде.
– Бұл оқыстан болған жағдай. Өрт шыққан күні Аманқарағай ауылын қалың тұман басып кетті. Шеткі үйлердің біразы өртеніп кетті. Құтқарушылар көшелерді көлікпен аралап, хабар беріп, бәрімізді Әулиекөлдегі мектеп-интернатқа әкеліп орналастырды. Осында алғашқы көмек көрсетті. Тамақтандырып, жатын орын берді. Өрт құрбандарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Алла елге бірлік, адамға сабыр берсін! – дейді өрттен зардап шеккен Аманқарағай ауылының тұрғыны Дүйсенбай қария.
Төтенше жағдайлар министрлігі жанынан құрылған жедел штабтың соңғы мәліметі бойынша, қазір 2 елді мекенде – Аманқарағайға кіретін күре жолдың бойында, сондай-ақ орман аумағындағы 8 учаскеде өрт сөндіру жұмыстары жүріп жатыр. Өртті сөндіруге 111 арнайы техника, 5 тікұшақ, 5 өрт сөндіру пойызы, 703 құтқарушы жұмылдырылған. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарынан көмекке келген өрт сөндірушілер бар.
«Аманқарағай, Лесное, Озерное елді мекендерінде өрт сөндіру жұмыстары жүргізілуде. ТЖМ жедел желісіне ақпараттық сипаттағы 25 қоңырау келіп түсті. Әулиекөл ауданының эвакопунктінде орналасқандарға облыстық ТЖ қызметінің екі психологы көмек көрсетіп жатыр. Новонеженка ауылында зардап шеккен халықты қабылдау үшін 9 шатыр ашылды. Жарақат алып, күйік шалған, ыс тиген 10 адам анықталды. Олардың ішінде 5 тұрғын, 1 орман шаруашылығының қызметкері, 1 әкімдік қызметкері, 3 ТЖМ қызметкері, сондай-ақ кәмелетке толмаған 1 жасөспірім бар. Өрттен зардап шеккендердің төртеуі орталық аудандық ауруханада, алты адам тексеруден өтіп, дәрігерлік көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді. Облыс әкімдігі жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялау мәселесін пысықтауда», деп мәлімдеді ТЖМ-ның жедел штабы.
Қазірге дейін келіп түскен мәліметтер бойынша, өрт сөндірушілер тілсіз жаудың бетін тойтарып, бақылауда ұстап отыр. Кешеден бері өрт басында жұмыс жүргізіп жатқан жедел штаб елдің дүние-мүлкін түгендеп, шығынын өтеп беру мәселесімен айналысып жатыр.
Сондай-ақ, Бас прокуратура Қостанай облысының төрт елді мекенінде –Аманқарағай ауылы, Озерное, Калинино және Лесноеда алдын ала мәлімет бойынша 108-ге жуық тұрғын үй мен ғимарат бүлінгенін хабарлап отыр. Қазіргі таңда келтірілген залал мөлшері анықталып жатыр. Бұдан бұрын алапат өрт кезінде Аманқарағай ауылының 86 жастағы тұрғыны қаза тапқаны жөнінде ақпарат тараған еді. Ал, 3 қыркүйекте Қостанайдаға «Оружейная палата» дүкені өртеніп, соның салдарынан дүкеннің жеті қызметкері зардап шекені белгілі болып отыр. апат кезінде үшеуін күйік шалып, барлығы ауруханаға жатқызылған. Өкінішке қарай, төртеуі қаза тапқан.
Осы деректер бойынша Бас прокуратура Қылмыстық кодекстің 204-бабының 2-бөлігі (отпен абайсыз жұмыс iстеу арқылы ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе аса ірі залал келтірілген іс-әрекет), 341-бабының 1-бөлігі (ормандарды жою), 292-бабының 3-бөлігі (абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша алдын ала тергеп-тексеруді бастады. Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, тергеу барысын Бас прокурор жеке бақылауына алған.
Қостанай облысы