Мысық туралы әркім әрқалай пікірде. Алайда, мысық біраз отбасының сүйікті досына, тіпті сенімді серігіне айналып алды. Сарайдағы қапты тесіп, кесірін тигізеді деп мазаланатын ауылдағылар тұрмақ, қаладағылар өздері сығылысқан тар бөлмелерінен мысығына орын табады. Солай бола тұра, көңілінің қылтасы бар жанды «мысық тілеу» деп жаратпайтыны тағы бар.
Қазір жәндік, шыбын-шіркейді өлтіретін дәрі-дәрмек, асай-мүсей түрлері көп. Бұл мысықтардың міндетін жеңілдетіп қана емес, толықтай арқалап алды деуге болады. Мысықтар, қазір тек сүйкімділік үшін ұсталатын жануарға айналды. Бірақ, әңгіме мұнда емес, олардың аса сезімталдығында, алдын ала мазасыздану қасиетінде болып тұр. Ол қандай қасиет?
Бізге Л.Брежновтің қара мысығы мен оның алдын ала білдіру арқылы өз қожайынын екі рет апатты жағдайдан құтқарып қалғандығы туралы әңгіме белгілі. Мұндай жағдайлардың өз арамыздан кездесіп жүргендері де жоқ емес. Әдетте, біреулер «қара мысық кесіп өтті, жолымыз болмайды екен» деп шошына кесіп-пісіп жатады. Расында, ол жолы болмаудың емес, керісінше, мысықтың кездесуі мүмкін қатерді ескертіп, сақтану қажеттігін білдірген емеуріні болар?
Біз тұратын шағын ауылда әкемнің жалғыз құрдасы болды. Екі үйіміз де мысық асырайтынбыз. Алдымен әкемнің құрдасы сырқаттана бастады. Ұзақ ауырған ол кісі үзілген күні жанынан бір елі ұзамайтын мысығы да аяқ асты жан тәсілім еткен. Арада көп уақыт өтпей әкем ауырып, төсек тартып жатып қалды. Біздің үйдің мысығы балалармен асыр салған бұрынғы еркетотайлығын сап тыйып, әкемнің көрпесінің үстіне, аяқ жағына жайғасты. Бұйығып алып басын бір көтерсейші. Ара-тұра сүлесоқ күйде сыртқа шығады да жан-жағына селқос қарап, орнына қайтып келеді. Әкем қайтқан күні мысық жоғалып кетті, бірақ намаздан соң әкемді шығарып бара жатқанда қора үстінде мең-зең күйде жылап тұрғанын көргендер бар. Әкемді шығарып салған болу керек, сосын ізім-қайым... Өңкей мал шаруашылығымен отырған шағын ауыл маңы шиыр-шиыр мал шығарған, жоқ іздеген малшылар, бота арқандап, бұзау жетелеген қыз-келіншек, ойын соңында қара жолдың шаңын бұрқырата жүгіріп, ауылдан ұзап кетіп жүрген бала-шаға – бірде-біреуі қайтып сол мысықтың өлімтігін де көре алмағандарын айтады.
«Мысықты қалай лақтырсаң да төрт аяғымен түседі» дегенді «зерттеп» көрмек болған біреу оны тоғызыншы қабаттан төмен қарай зытырса керек. Өз қасиетінен танбаған мысық шіркін, төрт аяғымен тең түскен. Бірақ, жауырын терісі жыртылып кеткен. Мысықтардың тағы бір ерекшелігі – жершілдігі. Мысығынан оңай құтылуды ойлаған бір ауылдасым алыс сапарға кетіп бара жатып, оны жол-жөнекей ауылдан шамамен 100 шақырымдай қашықтыққа тастап кете барған ғой, түнделетіп оралып, таңертең сыртқа шықпақ болып есігін ашса, мысығы үйге кіріп келе жатыр екен!..
Міне, мысықтың мінезінде мән бар, бірақ қандай?
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.