Экономика • 05 Қыркүйек, 2022

6,1 млн гектардан бидай жиналды

2130 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Егін жинау науқаны басталғалы бері қазақ­стан­дық шаруалар 6,1 млн гектардан дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинап үлгерді. Бұл жоспардың 38 пайыздан астамын құрайды.

6,1 млн гектардан бидай жиналды

Ауыл шаруашылығы министр­лігінің ресми мәліметіне сүйенсек, орташа өнімділік гектарына 12,3 центнерді құрап отыр. Әзірше 7,5 млн тонна астық бастырылған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,5 млн тоннаға артық. 2021 жылдың 1 қыркүйегінде 5,1 млн тонна бастырылған еді.

Биыл өнімділіктің өсуіне ауа райының қолай­лылығы, сондай-ақ көктемгі дала жұмыстары кезін­де агротехникалық шаралар кешенін уақтылы жүргізу және өсімдіктердің өсіп-өну кезеңінде қолайлы фито­санитариялық жағдайды қамтамасыз ету ықпал еткен.

Министрліктің мәліметінше, ішкі тұтыну мен қазақстандық на­рық­ты қамтамасыз етуге және би­дай­дың бір бөлігін экспортқа жөнел­ту үшін астық­тың жеткілікті көлемі алынады деп болжанып отыр.

Қаржыландыруға келетін болсақ, 2022 жылы бюджеттік кредит 140 млрд теңгені құрады. Бұл – 2021 жылғы деңгейден екі есе жоғары. Астықты форвардтық сатып алу шеңберінде қаржыландыру 100 млрд теңгеге дейін көбейді немесе бір жыл бұрынғыға қарағанда 2,5 есе артты.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында «Жасыл даму» АҚ қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен несиелеу тетігі пысықталғанын атап өту қажет. Жеңілдікті лизингке шамамен 40 млрд теңге бөлінді.

Бұған қоса егін жинау жұмыс­тарын уақтылы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өнді­рушілерге 423,5 мың тонна жеңіл­детілген дизель отыны бөлінді.

Министрлік егін жинау жұмыс­тарын табыс­ты жүргізу мәселесін тұрақты бақылауда ұстап отыр. Ол үшін ведомствода барлық туындаған мәселені уақтылы шешуге арналған жедел штаб жұмыс істейді.