Театр • 05 Қыркүйек, 2022

Түркістан театрының тартуы

403 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордалық талғампаз көрерменді елең еткізген елеулі жаңалық биыл небәрі екінші маусымының шымылдығын түргелі отырған еліміздегі ең жас өнер ордасы – Түркістан музыкалық драма театрының бас шаһар төріндегі табыс­ты өткен гастрольдік сапары десек, қателеспейміз. Алыстан ат ары­тып жеткен жас өнер ұжымы «Астана Опера» театрының Үлкен залы сахна­сында екі күн қатарынан Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Ермек Аманшаевтың либреттосына қойылған белгілі ресей­лік балетмейстер, өнертанушы Константин Семеновтың «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклін ұсынды.

Түркістан театрының тартуы

– Түркістан музыкалық драма театрының ашылғанына көп уақыт өтпесе де, театрымыз қазірдің өзінде республика көлеміне танымал бола бастады. Бұл – біздің ұжымның елордаға жасаған екінші гастрольдік сапары. Осыған дейін Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры сахнасында астана халқына арнап жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты Дулат Исабековтің «Бөрте» тарихи драмасын қойсақ, енді міне, араға аз ғана уақыт салып «Қорқыт туралы аңыз» қойылымын ұсынып отырмыз. «Астана Операның» тамаша сахнасында өнер көрсету – біз үшін үлкен мәртебе. Ал заманауи би мен операны біріктірген спектакліміз бас қаланың талғампаз көрермендерінің көңілінен шықты деп сенеміз, деді Түркістан музыкалық драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова.

Театр басшысы А.Көпбасарованың же­тек­шілігімен рухани астананың сәлемін ар­қалап жеткен айтулы спектакль көшпелі халықтардың тарихында терең із қалдырып, құнды әдеби-музыкалық мұра жасаған аңыз адам Қорқыт атаның өмірінен сыр шертеді. Либретто желісіне сәйкес, қобызының үнімен тіршілікті тербеткен күй атасы – Қорқыт пен жер бетін араздық алаңына айналдыруға ты­рысқан сиқыршы Мартудың арасындағы мәңгілік қақтығыс заманауи хореография тілімен әсерлі бейнеленеді.

– Тағдыры ерекше Қорқыт туралы шы­ғар­маны қолға алғанда, әрине, басында кілтін таба алмай біраз қиналдым. Кейін тұлға өмірін зерттей келе қойылым негізін музыка мен пластикадан іздеуге бекіндім. Неге десеңіз, Қорқыттың өзі де, өмірі де му­зы­ка емес пе?! Демек спектакльдің де өзегі қо­быз үнімен өрілуі керек деп түйдім. Сон­­дықтан да спектакльдің лейтмотиві – қобыз­дың қоңыр үні. Күмбір үннің аясында тұлға тағдырын толғадық. Мәңгілік өмір іздегенімен, өлімнен құтыла алмаған Қорқыт, қобызының арқасында екінші өміріне өлмес тағдыр сыйлады. Осы бір философиялық тақырып өнер адамы ретінде мені де қанат­тан­дырды, – деп «Қорқыт тура­лы аңыз» спек­таклі жайлы қойылымның ре­жиссері әрі қоюшы хореографы Константин Семенов сыр ашты.

Тағылымды туындыны жарыққа шығару жолында қоюшы хореографтан бөлек басқа да көптеген тәжірибелі мамандар тер төкті. Атап айтсақ, композитор Хамит Шаңғалиев, қоюшы суретшісі Татьяна Вьюшинская, жарық бойынша суретші Татьяна Мишина, бейнеконтент суретшісі Сергей Рылко, костюмдер бойын­ша суретшілер – Назым Жай­лаубаева мен Назым Қарпықова, декоратор-суретші Жанат Көкімбеков, балетмейстер Дәулет Мұратпеков, грим бойынша суретші Адэль Нұрқасымова бастаған кәсіби шеберлер еңбегі де айрықша атап өтуге тұрарлық сәтті ізденістер санатында деп сеніммен айта аламыз. Ойымызды театр мамандары да қолдады.

– «Астана Операны» Түркістан музыка­лық драма театрымен достық әрі шығарма­шы­лық қарым-қатынас байланыстырады. Көпшілікке белгілі, біздің балет труппамыз биыл маусымда алғаш рет Түркістанда гастрольдік сапармен болды. Драма театр сахнасында әртістер XX ғасыр жауһары – Н.А.Римский-Корсаковтың музыкасына қойылған кемеңгер хореограф М.Фокиннің «Шехеразада» балетін және балет труппа­сы­ның көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың авторлық гала-бағдарламасын орындады. Ара­ға екі ай салып «Астана Операда» жауап ретін­дегі гастрольмен киелі Түркіс­тан қаласынан келген әртістердің жоға­ры деңгейде өнер көрсеткеніне өте қуаныш­тымыз. Жас та болса өздерінің іргелі шығар­ма­шылық ізде­ністерінің нәтижесінде елорда­лық тал­ғам­паз көрерменнің ыстық ықы­ласы­на бөленіп, жоғары бағасын алған әріптес­теріміздің өне­ріне ерекше тәнтімін, – деді «Астана Опера» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.

Екі күн қатарынан бас шаһар көрермен­дері алдында Түркістан музыкалық драма театрының Еламан Әбдіқалық, Еркінбек Әубәкіров, Акылай Сыдығалиева, Алина Ормонбек, Рустам Шайхов, Гүлжанат Қаламғазина, Бақытнұр Дүйсенбаева, Мао Сакаи, Фархат Сәдуақасов, Дастан Саттар, Ілия Жарлықасымов, Алуа Төрегелді, Камила Әлімжанова, Мәдина Садубаева, Бекарыс Қарағулов, Данияр Досымбек, Алмас Жылқыбек, Фериде Толобаева, Дәулет Шоманов бастаған талантты әртістер тобы табысты өнер көрсетті.