Елімізде 2012 жылдан бастап адам құқықтарын қорғаудың халықаралық және ұлттық тетіктерін талқылауға арналған семинар-тренингтер өткізіліп келеді. Қалыптасу үстіндегі дәстүрге сай, кеше Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінде осындай іргелі де көкейкесті мәселені өзек еткен басқосу мәреге жетті. Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішев жетекшілік еткен семинар-тренингке мемлекеттік қызметшілер мен өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел үлгісінде өрістеген шара барысында оған қатысушылар Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары саласындағы бақылау функцияларымен танысты. Бүгінде адам құқықтары жөніндегі халықаралық конвенциямен құрылған бақылау органдарының құзырлары көпшіліктің бәріне бірдей мәлім еместігі де жасырын емес. Өзара пікір алмасу сәтінде бұл мәселе жөнінде де нақты мысалдар келтірілді. Азаматтардың жеке арыздары БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінде қаралу тетіктері де оқырмандарды енжар қалдыра қоймайтын шығар. Семинарда бұған қатысты да толыққанды жауаптар қайтарылды.
Иә, бүгінде мемлекетімізде адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі орнығып келеді. Оның аясын тек бір ғана мемлекеттік органдармен немесе сот жүйесімен шектей салуға болмайды. Бір сөзбен айтқанда, мұндай үлгідегі ұлттық жүйе дегеніміз – адам құқықтарын қорғайтын барлық институттардың бір-бірімен өзара қарым-қатынасы мен үйлесімі деген сөз. Бұл жөнінде Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшесі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Еңлік Нұрғалиева орамды ой қозғады.
Қазіргі күні республика азаматтарының немесе ел аумағында тұрақты, яки уақытша тұрып жатқан өзге де адамдардың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау мәселелері де өзекті болып отыр. Сондай-ақ, қазіргі кезде әртүрлі еңбек жанжалдарын оңтайлы шешудің және әлеуметтік серіктестікті орнықтырудың тетіктері көп жағдайларда еліміздің Кәсіподақтары федерациясына да жауапты міндеттер жүктейді. Бұған қатысты комиссия мүшесі Қайрат Амандықов егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.
Семинар-тренингке қатысушылар адам құқықтарын қорғау мен көтермелеу мәселелері бойынша өзара ой-пікір алмасып, бұған дейінгі жинақтаған тәжірибелерін ортаға салды. Оны комиссия хатшысы Тастемір Әбішев қорытындылап, тиісті түйін жасады.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.