Қоғам • 05 Қыркүйек, 2022

Қазақстан Ресейден 100 мың тонна дизельдік отын сатып алады

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Энергетика министрі Болат Ақшолақов ішкі нарықты мұнай өнімдерінің қажетті көлемімен қамтамасыз ету шаралары туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан Ресейден 100 мың тонна дизельдік отын сатып алады

Ақшолақовтың айтуынша, биыл Қазақстанда мұнай өңдеу және жанар-жағармай өндіру көлемі артқан.

«2022 жылға арналған мұнай өнімдерін өндіру болжамы 13,72 млн тоннаны құрайды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1 млн тоннаға артық. Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша дизельдік отын өндірісі 3,53 млн тоннаны құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 259 мың тоннаға немесе 10,5%-ға артық», деді министрлік басшысы.

Басқарма басшысы 2022 жылдың қыркүйек айының соңына жоспарланған өндіріс көлемін ескере отырып, мұнай базаларындағы қалдық 153 мың тонна деңгейінде болжанғанын, барлығы 275 мың тоннаны құрайтынын атап өтті. Бірақ соған қарамастан елде дизель отынының тапшылығы әлі де байқалады. Осыған байланысты жақын арада Қазақстанға Ресейден тағы 100 мың тонна дизель отыны әкелінбек.

«Болжам бойынша көлемі екі партия, жалпы көлемі 100 мың тоннаға дейін жетеді. Бұл көлем Ресей Федерациясынан болатыны анық. Жақын маңдағы басқа жеткізушілерде мұндай көлемде дизельдік отыны жоқ. Мұның барлығы индикативтік теңгерімдерге енгізілген», деді Болат Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.