14 Мамыр, 2014

Банктерге талап күшейеді

291 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
0001-234Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Үкімет отырысын қорытындылаған бірнеше брифинг ұйымдастырылды. Соның алғашқысы Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің қатысуымен өтті. Ол қаржы саласын дамыту бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады. Қайрат Келімбетов осыдан біраз бұрын валюта бағамына енгізілген түзетулер ел экономикасына оң серпін бергенін атап өтті. Ұлттық банк төрағасының мәліметінше, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ағым­дағы есепшоттың оңтайлы сальдосына қол жеткізілген. Оның көлемі 5,5 млрд. долларды құ­рады. Мәселен, бізде өткен жы­лы ағымдағы шоттың төлем ба­лансының теріс сальдосы қалыптасқан екен, сөйтіп, оның деңгейі минус 118 млн. доллар көлемінде болды. Яғни, осы орайда жүргізілген валюталық тү­зетулерде экономиканың оң­тай­лы қарқыны айқын байқалып отыр. Мемлекет басшысы елі­міздің халықаралық қорының жиынтық көлемі жақында арада 100 млрд. доллардан асуын мақсат етіп қойған еді. Бұл меже де еңсерілді. Оның деңгейі 101,9 млрд. долларды құраған. Ал бұл Қазақстандағы макроэкономикалық тұрақ­тылықтың айқын белгісі екендігі сөзсіз. Келімбетовтің мәліметіне сүйенсек, Ұлттық қор активі мен Ұлттық банк резервінің жиынтық көлемі де артып, оң нәтиже көрсетіп отыр. Айталық, бүгінде Ұлттық банктің алтын-валюта қоры 28 млрд. доллардан асып түсті. Белгілі болғандай, Ұлттық қордың активтері 73 млрд. доллардан асқан. Ал инфляция жайына келер болсақ, ол да қалыпты деңгейде. Яғни, сәуірде инфляция 0,6 пайызды құрады. Бірінші тоқсанда оның деңгейі 3,3 пайыз болып, төрт айдың қорытындысы бойынша 3,9 пайызды қамтыды. Қ.Келімбетовтің сөзіне қара­ғанда, ақпандағы инфляция сер­пілісін есепке алмағанда, елімізде оның деңгейі қалыпты дәлізге түсіп отыр. «Осы орайда 2014 жылы инфляция 6-8 пайыз дәлізінде болады деп жоспарлаудамыз»,  деп түйді сөзін Ұлттық банк басшысы. Қазіргі күні елімізде қызу тал­қыланып жатқан капиталды заңдастыру жұмыстары да қарқынды деңгейде. Тіп­ті, Қазақстанда қаржыны заң­дас­тыруға мүмкіндік беретін заң жобасы әзірленіп қойыпты. Бұл туралы Қ.Келімбетов «Ұлттық банк пен Үкімет бірлесе отырып, заң жобасын даярлады. Ондағы негізгі жаңалықтардың бірі азаматқа өзінің қаржысын екінші деңгейлі банктердің арнайы есепшотына орналастыру арқылы заңдастыру құқығына байланысты», – деді. Оның айтуынша, қаржыны орналастыру талаптарының аясында ортамерзімді кезеңде, яғни 5 жыл уақытта қаржы депозитте жатуы тиіс. Сонымен қатар, бұл қадамдар банк жүйесінің ұзақ мерзімді қор жинау мүмкіндігін арттырады. Ұлттық банк жұмыс іс­те­мейтін несиелер мәселесін біржақты ету жөнінде де жүйе­лі жұмыстар атқаруда. Соның нәтижесінде алдағы бір-бір жарым жылда жұмыс істемейтін несиелер мәселесі түбегейлі шешілмек. «Нашар активтердің немесе жұмыс істемейтін не­сиелердің проблемасын біз жалпы жүйе үшін 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін шешуді жос­парлап отырмыз», деп атап өтті Қ.Келімбетов. Осы орайда Ұлттық банк Үкіметпен және екінші дәрежелі банктермен бірлесе отырып Салық кодексінің өзгерістері бойынша тұтас шаралар әзірледі. «Сонымен қатар, жақында біз Проблемалы несилер қорын басқару бойынша тұжырымдама жобасын даярладық. Ұлттық банк 2 жыл бұрын құрған бұл арнайы ұйым қызметінің тиімділігін арттыру аясында арнайы құжат қабылданатын болады», деді Ұлттық банк басшысы. Қаржы секторын дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыстарды түгел тізбектей келе, Қ.Келімбетов еліміздің банк жүйесіне алдағы уақытта халық­аралық талаптар күшейе түсе­тінін де айтып өтті. «Соңғы қаржы дағдарысынан кейін әлемдік монетарлық билік банктік жүйесі тәуекелдері мен тұрақтылығына қатысты қадамдарды қайта қарастырды. Оның ішінде банктік қадағалау бойынша Базель комитеті ор­та­лық ұйымы «Базель-3» атауымен кешенді шаралардың топтамасын ұсынды. Мұнда капиталға, өтімділікке, контрциклділік жағдайында банктер жұмысы мәселесі тұрғысында белгілі бір өзгертулер мен талаптар қарастырылған», деді ол. Қа­зақ­станда 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап банктер «Базель-3» талаптарына көшуді бастамақ. Алғашқы үш жылда банктер үшін талаптар өзгермейді, алайда 2018-2019 жылдардан бас­тап жоғары талаптар жасалады. Жоспарға қарағанда, 2019 жылғы 1 қаңтарға қарай банктер осы үдеріске дайын болады. Сонымен қатар, осы тектес талаптар сақтандыру ұйымдарына да қатысты болады. Брифинг қорытындысында Еуразиялық экономикалық одақ жайы әңгімеленді. «Біз­дің еуразиялық интеграция аясындағы келісімдердің бірі 2025 жылға қарай қаржылық қадағалау органын құруға байланысты болды. Ол Алматыда орналасуы мүмкін және осы уақытқа дейін бұл саладағы заңнаманы үйлестіру бойынша үлкен жұ­мыстар атқарылуы тиіс»,  деді ол. Қаржылық секторды дамыту тұжырымдамасына тоқ­тал­ған Ұлттық банк басшысы Қа­зақстанның Дүниежүзілік сау­да ұйымына кіруі тұрғысында да үлкен жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді. «Осы мәселе бойынша ке­ліс­сөздерді біз биылғы жылы аяқтаудан үміттенеміз. Бұл келіс­сөздер аясында өтпелі кезең айқындалды, осыдан кейін келісімдерге сәйкес, Қазақ­стан қаржы нарығында жұмыс істеу құқығына әлемдік ірі қар­жылық ұйымдардың филиалдары ие болады. Сондықтан біздің қаржылық ұйымдар атал­ған әлемдік ірі корпорация өкіл­дерімен қалай бәсекелесетіні жайын талқылаудамыз», деді Қ.Келімбетов. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».