14 Мамыр, 2014

Ел көрсеткіштері елеулі деңгейде

214 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Президент жанындағы  Орталық коммуникациялар қызметінде дәстүрлі брифинг өтті. Басқосудың бұл жолғы қонақтары  Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, Премьер- Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Эко­но­мика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев және Сырт­қы істер министрінің бірінші орын­басары Рәпіл Жошыбаев болды. «Ағымдағы жылдың 19-21 мамыры аралығында Мем­ле­кет басшысы Нұрсұлтан На­зарбаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары және Шанхай қала­сында Азиядағы өзара іс-қи­мыл және сенім шаралары жө­ніндегі кеңестің VI саммитіне қатысуы жоспарланған. Сапар барысында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүр­гізу жоспарланып отыр жә­не екіжақты құжаттарға қол қойылатын болады. Бұл Қазақстан мен Қытай ара­сын­дағы экономикалық ынты­мақ­тастықты серпінді дамытуда жүйелі қадам болмақ. Жалпы, бірлескен жұ­мыс­тың нәтижесінде 2013 жы­лы екіжақты сауданың кө­лемі 22,5 миллиард долларды құраса, оның ішінде еліміз экспорты – 14,3 млрд. доллар, импорт 8,1 млрд. доллар болған. Сон­дай-ақ, 2014 жылғы қаң­тар-ақпан айларындағы екі жақ­ты сауда көлемі 3,56 млрд. дол­ларды құрады», деді Пре­мер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев. Со­нымен қатар, ол ҚХР-мен бірлесіп іске асырылып жатқан инвестициялық жоба­лар туралы да айтып өтті. «Қазақстан мен ҚХР арасын­дағы Су бөлу бойынша техни­калық жұмыстардың негізгі бағыттарының жос­парын іске асыру бойынша биыл­ғы жылдың 24-27 ақ­паны аралығында Пекинде ҚР мен ҚХР арасындағы транс­шекаралық өзендердің су ресурс­тарын бағалау жөнінде техникалық жұмыс отырысы өтті. Жиында деректерді талдау мен салыстыру, ғылыми-зерттеу жұмысы бойынша есептер алмасу жүзеге асырылды. Қорғас өзеніндегі «Достық» гидроторабына қатысты нысан өткен жылдың шілде айында ресми түрде пайдалануға берілді. 2013 жылғы қыркүйекте Астанада ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары барысында ҚР мен ҚХР үкіметтерінің арасындағы «Достық» гидроторабын басқару және пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Қазіргі таңда қазақстандық тарап аталған келісімді ратификациялау бойынша жұмыстар жүргізуде», деді Б. Сағынтаев. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Үкімет отырысында қаралған бір­қатар жобаларға да тоқталды. «Азаматтардың мүлікті жария етуіне байланысты оларға рақымшылық жасау туралы» заң жобасы туралы» мәселеге келер болсам, ағымдағы жылы Үкімет мүлікті жария ету туралы заң жобасын әзірледі. Бұл ретте аталған заң жобасында тек ақшаны ғана емес, сонымен қатар, жылжымайтын мүлікті жария ету де қарастырылған. Үкімет отырысында бұл заң жобасы мақұлданған және оны Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу туралы қаулы қабылданды. Сондай-ақ, отырыста 2013 жылғы Қазақстан Республикасының бәсекеге қабілеттілігі туралы баяндаманың жобасы тыңдалды. Ол халықаралық рейтингтерді талдауды, бәсе­­кеге қабілетті факторлар бойынша Қазақстанды халық­­аралық салыстыруды, елдің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру бойынша қабылданатын шаралар мен ұсынымдарды қамтиды», деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары. Үкімет жанында Бәсекеге қабілеттілік жөніндегі кеңес жұмыс істейді, ол бәсекеге қабілеттіліктің алты әлемдік рейтингі және ұлттық индикаторлар негізінде бәсекеге қабілеттілікке жүйелі мониторинг жүргізеді. Рейтингтер 2012 жылғы статистикалық де­ректер мен 2013 жылы жүр­гізілген сауалдамалар негізінде құрылған. Тұтастай алғанда, еліміз халықаралық рейтингтерде өзінің бірқа­лыпты жоғары позициясын сақтауда. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан».