Мәжіліс вице-спикері, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаеваның төрайымдық етуімен экономиканың қаржы секторын дамытуға, соның ішінде, қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдама жобасына қатысты «Нұр Отан» партиясы фракциясының кеңейтілген жиналысы өтті.
Оған Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов қатысты. Қазақстанның қаржылық жүйесін дамыту тұрақсыз сипатқа ие және бірқатар проблемалардың орын алуына байланысты күрделене түсуде. Банк секторының шағын және орта бизнесті қаржыландыру үрдісіне жеткілікті түрде тартылмауы, жоғары тәуекелді тұтынушылық несиелердің өсуі, ІЖӨ сақтандыру ұйымдары активтері үлесінің аздығы, сондай-ақ, құнды қағаз нарығының төменгі өтімділігі Қазақстан Республикасы қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын жасауға себеп болды.
Тұжырымдаманың басты мақсаты – экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы стандарттарын қоса отырып, үздік халықаралық стандарттар базасында экономикада ресурстарды қайта бөлуде оның тиімділігін арттыру және бәсекеге қабілетті қаржылық сектор құру.
Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы төмендегі міндеттерді жүзеге асыруды көздейді:
1) қандай да бір қысылтаяң кезде мемлекеттің және қоғамның қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі қиындығын азайту;
2) экономикалық интеграция кезінде қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
3) қаржы жүйесінің сапалы дамуы үшін инфрақұрылымды жетілдіру және жағымды жағдай жасау;
4) қаржы өнімдері тұрғысынан экономиканың қажеттілігіне жауап беретін қаржы секторы өсімінің ресурсын арттыру;
5) тепе-тең экономикалық жағдайды қамтып, экономикадағы несие тәуекелін азайту.
Ұлттық банк төрағасы қаржылық жүйенің қазіргі жағдайы және болашақ басым бағыттар туралы жан-жақты баяндады. Мәжіліс депутаттары бірқатар проблемалық мәселелер көтерді. Олардың ойынша, аталған мәселелерге қаржылық секторды дамыту тұжырымдамасы жобасында тиісті деңгейде көңіл бөлінбеген. Зейнетақы активтерін БЖЗҚ орналастыру және басқару турасында да нақтылық жоқ, БЖЗҚ қор нарығын дамытуға және банктерді ұзақ мерзімді қорландыруға қатыса ма, жоқ па?
Бүгінгі күні корпоративтік секторда несиелердің тұрақты жоғары өсуіне қол жеткізу мемлекет үшін басты бағыттардың бірі болып табылады. Ал тұжырымдамада осы мақсатқа жетудің жоспары, оған сұранысты арттыру шаралары, несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені азайту, басқа да жағдайлар нақты көрсетілмеген.
Осы тәрізді көптеген сауалдарға Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов жауап берді.