Қазақ бейнелеу өнерінің дамуына үлес қосқан суретшінің бірі – Әбубәкір Ысмайылов. Оның қылқаламы көбінесе қазақ эпостарындағы батырлардың бейнесін салуды өзіне міндет етті. Бұған оның Кенесары хан, Қамбар, Қобыланды батырларды салуы дәлел. Осы ұлт батырлары оның өнер қоржынын толтырып қана қоймай, жас ұрпаққа тұлғаларды танытуда ерекше рөл ойнады. Қазір бәріміз әр басылымнан көріп жүрген Кенесары хан бейнесі біз сөз етіп отырған суретші Әбубәкір Ысмайыловтың еңбегінің жемісі. Бұл туралы суретшінің өзі былай деп толғанады: «– Бұл портретті мен осыдан 50 жыл шамасы бұрын салдым (әңгіме 90-жылдардың басында жазылып алынған). 1941–46-жылдары бірнеше рет дербес көрмеме қойылды. Сонау жылдары түпнұсқасы Мәскеуде ме, бір тұста қалып қойды. Бірақ қолымда куәгер құжаттар бар. Қ.Сәтбаев, І.Омаров, Е.Ысмайылов қатысқан комиссия қабылдап, оң бағасын берген. Портретті салу оңайға түспеді. Үлкен кісілер Кенекеңнің Ташкенттегі немересі, гидрогеологияның ірі маманы, академик Натай Кенесарин айтқандарынан көп нәрсе түюге болады деген еді, соның көп көмегі тиді. Бұл портрет ол кезде Қазақ КСР тарихында Кенесарыға байланысты материалмен бірге басылып шықты. Ал қазір әлдекімдер оның басына дулыға кигізе салған. Тек ішінара өзгерістер жасаған. Бірақ түр-түсі, бет-әлпеті сол қалпы. Мен жез телпек кигізіп салған едім. «Киіз қалпақ, жез телпек, хандар кисе жарасар» деп жырлаған ғой ежелгі жырауларымыз. Маған Сәкеннің әкесі Сейфолланың айтқан әңгімесінің әсері ерекше болды». Әрине, көркемдік ойлау мен ұлттық дүниетанымның нәтижесінде дүниеге келген бұл туындыда қазақтың соңғы ханының кенеп бетіндегі «өмірі» бар. Ал біз сол бейне арқылы Кенесары ханды жадымызда сақтаймыз.
Суретші үшін бір туындыдан бір туындыға үздіксіз өсіп отыру жақсы қасиет, тіпті бұл таланттың теңдессіз екенін мойындатуға мүмкіндік береді. Ысмайыловтың қылқаламы ұлттық түске бай туындыларға көбірек ден қойғанының сыры да бар сияқты. Оның шеберлігін байқатқан туындының бірі «Қамбар батыр мен Назым қыз» атты картинасы еді. Бұл да тұнып тұрған ұлттық дүниетанымға бай шығарма. Қарап отырып, ертедегі қазақтың көркем өмірі, еркіндігі мен өрлігі ойға оралады. Біз ата-бабаларымыздың рухты, намысты болғанын аңыздарға толы кітаптардан оқып өстік, ендігі жерде Ысмайлов сияқты суретшілердің туындылары біздің ой көкжиегімізді онан әрі кеңейте берері даусыз.
«Қамбар батыр мен Назым қызды» салу идеясы ойына қалай келгені жөнінде суретші 1943 жылы «Қазақстан суретшісі» («Художник Казахстана» №2) журналына берген сұхбатында былай дейді: «Қазақ халқының эпосына мен бала кезімнен қызықтым. Біздің ру Қарағанды облысы, Нұра даласында көшіп-қонып өмір сүрді. Біз қыс мезгілін бір жерде, жазды өзге жерде өткіздік, бірақ қай жерде болсақ та ертегі мен ән біздің тұрмысқа еніп, үнемі құшағына бөледі. Менің есімде қалғаны ұзақ қыстың кештері, далада қарлы боран тұрған кезде, анам Қобыланды мен Алпамыс батырдың ерліктері және сұлу Қыз Жібек жайлы әндер шырқайтын. Жол бойындағы от жарығымен қаһарман батырлар жайлы аңыздар тыңдадым. Оларды ақ сақалды қарттар асықпай, баппен әңгімелеп айтып беретін. Жастар қызыға және үлкен құрметпен құлақ салып тыңдайтын. Кейде ақындар біздің ауылға келіп тұратын. Олардың келуі той-мереке болатын. Жан-жақтан халық жиналып, әндер ертегі және ойындармен алмасатын. Сол уақыттар көңілді де шулы кездер еді...». Демек уақыттың өзі қылқалам иесіне мүмкіндік беріп отыр десек артық болмас. Оның өмір жолы, оқуы, тіпті айналасы тарихтың, өткен шақтардың бейнесін көз алдына елестеуге, сосын оны кенеп бетінде салуға жетеледі. Суретші ретінде үнемі ізденісте жүретін ол ұлтымыздың өткен тарихын, батырлар туралы жырларды көп оқуды әдетке айналдырса керек. Жастайынан осы өнерге құштар болған Әбубәкір Ысмайылов ойына не келсе соны сала бермей, өзін, жұртты толғандыратын тамаша туындылар салуды мұрат еткенін аңдадық. Бұған оның еңбектері айқын дәлел.
Ал оның «Қобыланды батыр басқыншыларды талқандауда» атты картинасы батырдың ұрыс алаңындағы бейнесін сәтті бейнелеген. Қобыландының рухы да үнсіз сөйлеп тұрғандай. Батырға серік болған астындағы аты мен қолындағы найзасы, басындағы дулығасы бәрі-бәрі шебер қолдан шыққанын танытып тұр. Біз бұл туындылар арқылы суретші Әбубәкір Ысмайловтың талантын тани алдық.
Сурет – өлмейтін өнер. Ал суретші сол өлмейтін өнердің мәңгілік елшісі.