Руханият • 05 Қыркүйек, 2022

Әбдімомын әлемі және «Ерке сылқым»

1754 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Әбдімомын әлемі және «Ерке сылқым»

– Шіркін-ай, сіз туралы дәл өз күйіңіздей мөлдіретіп тұрып жазғым келеді, бірақ жаза алмаймын, – деп едім мен Әбекеңе, Әбдімомын Желдібаевқа.

– Неге? – деп шалт сұраған күйші сонда көбіне ақындарға тән ұшқырлықпен.

– Өйткені деңгейім жетпейді. Күйдің табиғатын терең түсінбеймін.

– Оның дұрыс інім. Күйді аша алмасаң оқырманыңа да, күйшіге де обал, – деп енді жауабын салмақпен берген лезде ойлы кейпіне
ауыса қалған Әбекең.

Әңгіме бұдан 48-49 жыл бұрын болған еді. Әбекең өзінің есімін әлемге жайған «Ерке сылқымын» облыстық драма театрының сахнасында тұңғыш рет орындап, ол кісіні кеу-кеулеген жазушы-журналистер енді «Жамбыл» қонақ­үйіндегі бөлмесіне келіп кіргенбіз. Орындыққа елдің алдымен жайғасқан жазушы Әлдихан Қалдыбаев ағамыз:

– Ылғи айтып жүрмін ғой мен сіздерге, біздің облыста Әбдімомыннан асатын күйші жоқ. Енді көздеріңіз жеткен шығар, – деп бәрімізге маңғаздана қарады. Маңғазданатынындай да, мақтанатынындай да жөні бар-ды. Өйткені Әбекеңмен бір ауылда туып-өскен, «Алтынды шыққан жерден қаз» дегендей Шу ауданы Жамбыл атындағы бұл ауыл шынында да таланттың кені екенін күні бүгінге дейін көрсетіп келеді. Аталмыш екеуінен бөлек жазушылар Қарауылбек Қазиев пен Мұрат Сыздық, белгілі дирижер Ұялбай Нүсіков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Қадыр Жетпісбаев та осы ауылдың перзенттері. Ал Әлдиханның облыста Әбдімомынға жететін күйші жоқ деп күйгелектеуінің де өзіндік мәні бар-ды. Бұл өзі «ел іші – өнер кеніші» екеніне шын көз жеткізген жылдар болды. Облыстық «Еңбек Туы» газетінде Әлдихан осындай айдармен Әбдімомын туралы мақала да жазған. Мақаласын оқығандардың ішінде «жалғыз талант» осы жігіт қана ма екен. «Көрерміз әлі әуселесін» дегендер де болған. Олардың сөзінде де бір шындық бар-ды. Талай таланттар танылып үлгерген бұл кезде. Әсіресе облыс орталығындағы түрлі оркестр-ансамбльдерде тараздық Садыхан Әубәкіровтің күйлері көп орындалатын. Майдангер ағамыз Тураш Әбезов те ара-тұра өз күйлерімен тәнті етіп қоятын. Ал Таластың төменгі бойында тұратын Боранқұл күйлері республикалық радиодан да орындалып жүрген-ді. Сондықтан да облыс орталығынан шалғайдағы Шу аймағында тұратын қатардағы автоклуб меңгерушісіне облыс аудиториясын жаулау оңай емес-ті. Десе де бұл жерде Әбекеңнің орындаушылық шеберлігі айрықша рөл атқарады деп ойлаймын осы күні. Қанатын қомдаған қаршығадай қасы-көзі керіліп, иығы қозғалақтап бүкіл болмысымен беріле орындайтын ол күйді. Әсіресе саусағын айтыңыз. Ол саусағын қаққанда домбыра үні ерекше бір сыршыл, нәзік болып естілетін маған. Әсіресе осы жолы «Ерке сылқымды» орындағанда тіпті тәнтті етті дүйім жұртты. Сондықтан да өзі де дәулескер күйші, жазушы Мейірхан Қуанышбаев ағамыз көп сөйлемейтін әдетімен інісін көп уақытқа дейін босатпай үнсіз құшақтай берген-ді. Бірақ әсершіл ақын Жақсылық Сәтібеков келіп жақын барып «келші ерке сылқымым менің» деп құрдасының бетінен емірене сүйді. Әбекең Сиқым руынан еді. Тілінің ұшына келіп қалған сылқым мен сиқым деген ұйқасты іркіп қалса ақын болар ма? Айтып та жіберді Жақаң. «Пәлі, сен өрісін тым тарылтып жібердің ғой. Әбдімомын бір сылқымның емес, бүкіл қазақ елінің еркесі болады әлі», – деп бәрімізден жасы үлкен ағамыз Қазақ радиосының меншікті тілшісі жазушы Кәрім Баялиев та қуанышын білдіреді дәп сол кезде.

Сталин дәуірінің салқынын өзі де сезінген сақ Кәрекең Жақаңның сөзін заманының саясатына қарсы тұра алдым десе де, аузы дуалы екен, дәл айтыпты. Жылдар өтті... Шынында да Әбдімомын елінің еркесіне айналды. Өзі еркелемесе де күйі еркелеп тұр қазаққа...

Әрине, мен бүгінде ол күйлердің ерекше­ліктерін саралап беретін музыка сарапшысы емеспін. Бірақ ұзақ жылдар ішінде Әбекең шығармашылығы туралы тыңдарман ретінде өз көзқарасым қалыптасты. Содан соң бұл мезгіл ішінде ол кісі туралы ел пікірін де азды-көпті естіп жүрдім. Сондықтан да айтылған жерінде қалып қалған сол пікірлерді бүгін жадымнан жаңғыртып ел назарына ұсынсам деген ойға бекіндім. Өйткені шағын дастарқан басында айтылғанымен, бүкіл ел білуге лайықты пікірлер еді.

Өткен ғасырдың 70-80-жылдары Қаратау – Жамбыл фосфорит кенішінің басшылары рес­публика бұқаралық ақпарат құралдарының басшы-қосшыларын шақырып, кеніштер мен зауыттарын таныстыратын да, артынан үлкен жиын өткізетін. Оны респубикалық лездеме деп атайтынбыз біздер, журналистер. Міне, сол БАҚ өкілдеріне Тараз қонақүйінің шатырындағы кафеде қонақасы берілді. Ал дәм үстінде облыс өнерпаздары концерт көрсетті. Бір кезде ұмытпасам Жамбыл мәдени-ағарту училищесінің ансамблі болу керек, Әбекеңнің «Ерке сылқымын» төгілте жөнелді. Расын айтқанда, көпшілік бұған дейін өз «қызығымен» отырған. Ал «Ерке сылқым» ойналғанда, әсіресе қазақтар жағы кілт тоқтады. Біздің «Білім және еңбектің» бас редакторы Ақселеу Сейдімбек те қызу айтып жатқан әңгімесін доғарып, қалт жібермей тыңдады. Тыңдады да «ойпырмай, мынау өзі табиғаты бөлек қой, түбі біздің Арқадан шыққан-ау, кімдікі өзі?» деп жан-жағына қарағыштап, қозғалақтап кетті. Күй біткен соң Ақаң орындаушыларды өзіне шақырып алып, күй мен күйші туралы сұрастырды. Олар шығарманың авторы – Әбдімомын Желдібаев деген жергілікті композитор екенін айтты. «Бұл жерде жоқ па?» деп сұрады Ақаң. Ол кісі Шу ауданында тұрады. Автоклуб меңгерушісі болып жұмыс істейді деген жауап берілді оған сол кезде-ақ.

Ақселеудің осы сапардағы ең үлкен олжасы «Ерке сылқым» мен оның авторын танып-білгені болды-ау деп ойлаймын осы күні.

Бұл оқиғадан біраз жыл өткен соң Тәкен Әлімқұлов ағамызды Мойынқұм ауданында ұшыратып, бір күн сапарлас болдым.

Қоналқада аулада отыр едік, көршілердің бірінен «Ерке сылқым» ойналды. Сонда баяғы Ақселеудің әңгімесі есіме түсіп, мен Тәкен ағамыздан осы күйдің төркіні, жалпы Желдібаев күйінің ерекшелігі туралы сұрадым.

– Мұндай күйдің Шу бойында тууы әбден мүмкін құбылыс, – деді ағамыз сәл жөткірініп алып. Шу бойы – қазақтың үш жүзінің мәдениеті тоғысқан жер. Оның халқы жазда Арқаға асып барып жайлаған. Ал қыста, керісінше Арқалықта, Шудың қалың қамысының ықтасынын қоныс етіп, Қаратауды қара тұтқан. Міне, сол кезден-ақ батыстың төкпе күйін де, Арқаның шертпе күйін де, Жетісудің аңыз үнді ерке қағыстарын да Шу халқы ежелден естіп бойына сіңіріп өскен. Әбдімомын күйлерінде барлық күй қағыстары көздесетіні содан, – деп тоқтады Тәкең. Содан соң, «өзі білімі бар жігіт пе?» деп сұрады. Мен «Иә, Жамбыл мәдени-ағарту училищесін, содан соң Алматыда консерватория бітірген» деп жауап бердім. «Өнердің бағын ашатын халық қой, сол халқының ортасынан кеткісі келмеген ғой бұл жігіт» деп түйді әңгімесін Тәкең.

– Дегенмен астанада тұрғанның артықшы­лығы көп қой. Күйлері Құрманғазы оркестріне түсіріліп, Қазақ радиосы мен теледидарынан жиі беріліп жатар еді, – дедім мен.

Халқының көкейіне қонған туынды жерде қалмайды. Іздеушісі міндетті түрде шығады деп қысқа жауап берген Тәкең әңгімені әрі созбай салулы төсегіне жантая кетті...

Әбдімомын күйлерінің іздеушісі сол халқының өзі болып, бүкіл мектеп, клуб көркем­өнерпаздары бірінен кейін бірі іліп әкетіп, орындап жатты. Осылай Шу бойында туған күйлер бүкіл Қазақстанға қанат қақты.

Қазіргі техникалық мүмкіндіктің арқасында оның күйлерін қазақ мекен ететін жердің барлығынан, көрші республикалардан, Еуропа елдерінен, тіпті мұхиттың аржағындағы Амери­кадан да естіп жүрміз.

Әбдімомынның күйлері еліміздің Құрманғазы атындағы бас оркестрінің репертуарына енгеніне де біраз жыл болды. Ал биыл ол күйлерін елорда оркестріне түсіріп, есепті концертін берді. Ауылда тұрса да оның күйлері осылай кең таралып және жоғары бағаланып, халқының жүрегін жаулап алумен бірге кірпияз музыка мамандарын да мойындатты.

Міне, сондықтан да Әбдімомынның кейбір күйлері халық күйіне айналып, өзін нағыз халық композиторы ретінде қабылдайтын болды.

Мұндай құрмет шығармашылық адамдары­ның ішінде ілуде біреуіне ғана бұйырады. Ол үкіметтің атақ-марапаттарынан кенде емес. «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері».

Жай композитор емес, өнерін көрсетіп болған­нан кейін дастарқан басында шешіле сөй­леп, құлақ аталы сөзге саусаған көптің құрышы қандыра білетін ел ақсақалдарының бірі де ол бұл күнде.

Сазгердің мұндай қошеметтері оның шы­ғар­машылығына түк те кедергі келтірмей қайта мазмұнын арттыра түсетін. Орындалып жүрген отыздан астам күйлерінің аттарына қарап тұрып-ақ байқауға болады. «Бозжігіт», «Ыдырыс», «Жетісу», «Көкшолақ», «Өмір-дастан», «Толғау», «Самғау», «Шабыт», «Әулие ата», «Төле би толғауы», «Тұран елі» болып кете беретін. Бұл тізімнен күйшінің, әсіресе еліміз тәуелсіздік алғаннан соң шамырқанып, азаттықтың үні басым болғаны байқалады. Ән жанрында да осы жылдары көп еңбек етті («Сұлутөр», «Бәйдібектің жайлауы», т.б.). Алайда бұл туындылары тіпті де жалаң ұран емес-ті. Қайта уақыт пен кеңістікті қосқан теңдікпен сезініп, осынау үш тоғанды тең тайпалатқан нағыз дүлдүлдер.

Жүзбен, мыңмен ғана шектеліп қалмай Әбдімомын күйлерінің миллиондардың жүрегіне жол таба білуінің сыры осында жатыр. Алайда таланттың шын бағасын талант қана береді. Сондықтан да құр тамсануды доғарып, музыка маманы композитор Владимир Питерцевтің пікірін келтіргенді жөн көріп отырмыз.

«Мен жайшылықта бір күйді оркестрде бірнеше ай түсірмеуші едім, ал «Төле би толғауын» жиырма күнде-ақ түсірдім. Өйткені күй мені өзінің тереңдігімен, ауқымдылығымен қатты баурады. Сіз, қазақ күйін жанрлық жағынан кеңейттіңіз. «Төле би толғауы» үш бөлімнен тұратын симфония деуге болады» деген екен автордың өзіне. Содан соң, «Білесең бе, мен «Ерке сылқымға» ғашық болғаным сонша, оны өзім орындау үшін домбыра тартуды үйрендім» депті. Бұдан артық қандай баға керек?!

Әбдімомын шығармашылығына берілген өте жоғары баға екенін мен жазушы ретінде былай түсіндіргім келеді. Мәселен, классик атанудың анықтамалары мен шарттары бірнешеу. Оның ішінде ең қиыны халық жақсы қабылдаған шығарма тудырып қана қоймай,  сол шығармасының түрінде (формасында) және мазмұн-идеясында ерекше жаңалық болу шарты. В.Питерцевтің пікіріне сүйенсек, Әбдімомын күй формасын кеңейтіп, керемет өзгеріс әкелген. Қазақтың дәстүрлі күйін дастанға, ұзын сарын толғауға айналдырған. Екінші жағынан ол қазақ күйлерінің мазмұнын байытқан. Мәселен, жоғарыда сөз болған «Төле би толғауында» елімізге жоңғарлардан төнген қауіп пен оны теріс сезінген Төле бидің толғаныстары және жанталасқан әрекеттері, одан әрі өмір мен өлімнің жан алып, жан беріскен шайқастары, соңындағы жеңіс шаттығы бәрі тұтасқанда бүтін бір дәуір күй болып күмбірлеп кетеді. Ал түрік халықтарының бір емес бірнеше дәуірін қамтитын «Тұран елінің» ауқымы өзгешелігі мен соны мазмұн-идея осындай-ақ болар дегізетіндей тым кең. Бұрынғы «зар заманда» шабармандар мен поштабайлардан жеген таяғын жырлаудан әріге мүмкіндігі болмай қалған қазақ сазгерлерінің нағыз шымырқанғанының көрінісі бұл.

Алайда Әбдімомын күйлерінің ішінде өзге ұлт өкілдерінің өзін домбыра тартуды үйренуге «мүсәпірлеген» «Ерке сылқымның» орны мүлде бөлек. Мұнда уақыт та, кеңістік те жоқ, дәлірек айтқанда жылжымайды, яғни мәңгілік! Есесіне онда тек саналыларға ғана тән ұлы сезім – сүю бар. Сопылық ілім бойынша сүю екі сатылы. Оның біріншісі – махаббат. Бұл жан-тәнімен сүю. Ал екіншісі тәнмен сүюден әлдеқайда биіктеп кеткен, тек жанмен, яғни рухыңмен сүю, «ишк» деп аталатын бұл сүюдің ең шегі Аллаға ғашықтық, Жаратқанға рухыңмен жақындау, қосылу. Міне, осы сүюдің бірінші сатысы – махаббатқа елде жоқ күй-ескерткіш орнатпақ болған Әбекең оған өмірінің жиырма жылын арнапты. Әрине, мұншама уақытта автор ер жетіп, есейген, таным-түсінігі кеңейіп, таланты тарлан тартқан. Сондықтан да оның күйі қыз бен жігіттің арасындағы ғашықтықтан биіктеп, нағыз рухани ұлы сүюдің типтік образына айналған. Шығармашылық адамдарының шын шабытқа енуі де сопылықтың белгілі бір деңгейі екенін ескерсек, бұл әбден мүмкін жағдай. Тек жүрек кірлемесе болғаны.

Солай, Әбекең тыңдарманын ынтықтырып, үздіктіріп, қанын қыздырып барып, «Ей, күнәһар пенде Жаратушы жалғыз ғана берген ұлы сүюді – махаббатты қадірле, үдесінен шық. Басыңдағы бағыңның кілті өзіңнің сол махаббатыңда» дейді.

Адамзат әлемінің мәйегі – Махаббат болса, Әбдімомын әлемінің мәйегі – «Ерке сылқым».

 

Елен ӘЛІМЖАН,

жазушы-драматург

 

Жамбыл облысы,

Шу ауданы