Қоғам • 05 Қыркүйек, 2022

Тектілігіміз – тегімізде

445 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет және қоғам қайраткері Оңалсын Жұмабековтің «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тегімізді жазуды қашан түзейміз?» (18 мамыр 2021) атты бүгінгі қоғамымыздағы көкейкесті мәселелердің бірін қозғаған көлемді мақаласына қатысты өз пікірімді бөліскім келді. Автор көтерген тақырып әлі күнге дейін өзекті. Тіпті біраз уақытқа дейін күн тәртібінен түспейтіні анық. Қалай болғанда да қоғам болып, мемлекеттік билік өкілдері болып, зиялы қауымның пікірін елеп-ескере отырып, тегімізді жазуда заңдық тұрғыдан ортақ бір тоқтамға келгеніміз жөн.

Тектілігіміз – тегімізде

Суретті салған Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ

«Еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылында қол жеткізген жетістіктері аз емес. Сонымен қатар кеңес заманында жол берілген кемшілік­тің бәрін түзетіп болдық деп айтуға әлі ерте. Мәселен, ұлты­мыз­дың ерекшелігін айқын біл­ді­ретін белгі – аты-жөнімізді жазуда бірізділік жоқ. Өкінішке қарай, «ов», «ев», «ин» деген жал­ғау­дан әлі құтыла алмай жүрміз» деп, мақала авторы орынды ой қозғайды. Бұл мәселе қазақпын деген әр азаматты бейжай қал­дыр­майды. Текті біркелкі жазу жөнінде сөз қозғай қалсаң болды, қызу пікірталасқа ұласады.

Автор мақаласында тегімізді жазуда көптеген нақты деректі ал­ға тар­тады. Бәрі орынды, бәрі өзек­ті. Ол өз ойын «Ұлты қа­зақ аза­­маттардың тегін үлкен ата­ла­­рының біреуінен алуы – қа­лып­тасқан тәжірибе. Сондықтан менің аты-жөнім Оңалсын Ислам­ұлы Жұмабектен деп жа­зыл­ғаны дұрыс деп есептеймін. Басқа тү­бір­лік негіздерді алсақ, «Нау­рыз­­байдан», «Сүлейменнен», «Есжаннан», «Болаттан»...» деп тұжы­рымдайды. Сонымен қатар өзін жиі толғандырған елдік мәсе­лені жеріне жеткізе талқылай отырып, өз атын-жөнін жазу тура­лы айта келе, «Ұлты қазақ аза­мат­тардың тегін «тен», «дан», «нан», «нен» деген жалғаулармен жазуды ұсынамын. Бұл жалғаулар «кімнің ұрпағы?», «кімнен та­раған?», «тегі қандай?» деген сұ­рақ­тарға толығымен жауап беріп, ұлтымыз қазақ екенімізді айқын көрсетіп тұрады» деп, өзінің ұсы­нысын көпшілік талқысына салады.

Меніңше, автордың бұл ұсы­­­ны­сымен келісу, келіспеу – әр­­­кімнің өз еркіндегі, өз ық­тиярын­дағы жайт. Тек менің айт­пағым, автордың айтқанына ден қойып, көп болып кеңесіп, бір шешімге келуге ұмтылыс жасау – азаматтық парызымыз.

Ең алдымен, мұндай елдік мә­се­ле талқыланғанда, заңға жүгі­не­ріміз анық. Мысалы, қазіргі кезде аты-жөнімізден «ов», «ев»-ті алып тастап жазу үшін Қазақстан Президентінің 1996 жылғы 2 ақпандағы №2923 Жарлығына сүйенетінімізді көп­шілік жақсы біледі. Сол заң­дық құжатқа сәйкес бұрынғы Қалқаев деген тегімді кеңестік кезеңнің сарқыншағы ре­тін­де алып жүргім келмей, Қалқа деп өзгерттім. Жеке куәлі­гім мен паспортымда да солай жазылған.

Бұл ереженің тегімізді қазақы­лан­­дыруда көп септігі тиді. Ендігі кезекте тегімізді дұрыс әрі нақты жазуда жаңаша көзқарас қажет. Біз тегімізді атасақ немесе ақ қағаз бетіне жаза қалсақ, сол сәтінде-ақ қазақ екеніміз бірден аңғарылуы тиіс. Ол ұлттық бірегейлікке қа­дам басу деген сөз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 16 нау­рыз­дағы Қазақстан халқына Жол­дауында: «Біз ең басты құнды­лы­ғы­мыз – Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін ны­ғайтып, елімізді жаңғырту жо­лында ұйысуға тиіспіз. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы қа­сиет­ті борышымыз» деп атап өтті.

Яғни тегіміз арқылы қазақ ұлтынан екендігіміз ерекше ай­қын­далып тұруға тиіс. Ол үшін қазіргі қолданыстағы «ов», «ев»-ті алып тастап, атамыздың түбірін қалдырған тегіміз Мұрат (ов), Нәби (ев), т.б.) басқа ұлт өкілдері тарапынан түсініспеушілік тудырып жатқаны шындық. Бұл өз басымнан өтті. Кейде атамның аты­мен атағанда не дерімді біл­мей қаламын. Көбінесе солай. Балаларды Сәбит Мұрат, Қым­бат Нәби деп атамыздың атына жаздық делік. Біріншісі оның аты, екіншісі тегі екенін біз біл­ге­ні­мізбен, басқа ұлт өкілдері қайсысы қыз бала, қайсысы ер азамат екенін ажырата алмай әлекке түседі. Осындай нақты фактілерге сүйене отырып айтарым, тегімізді жазуда түсінбеушіліктер туындамас үшін әлі де болса жетілдіре түскеніміз жөн.

Екіншіден, қазақ халқында келін атасының атын еш уақытта атамаған. Мысалды алыстан із­деу­дің қажеті жоқ. Менің 85 жас­тан асқан анам Әлімхан Қадыр­қызы әлі күнге дейін қайныларын, менің кіші әкелерімді аттарымен атамайды. Жас ерекше­лік­те­ріне, әрқайсысының мінез-құлықтарына қарай, Омар ағама «тетелес», Нұрахман ағама «мыр­за жігіт», Нұрымхан ағама «төре жі­гіт», Жұман ағама «еншілес», Олан ағама «кішкенем», әкем­нің қарындасы Секер тәтеме «ерке қыз» деп, келін болып түс­кен сонау кеңестік қызыл сая­сат кезінде-ақ ат қойып алған, бүгінге дейін солай атайды. Қазір ғой, әрбір шаңырақта келіндер атасының атын сан мәрте атап, құлақтарын күнде шулатып жатады. Ұят нәрсе. Ұлттық әдетке жат, ғұрыпқа көлеңке түсіретін-ақ жайт. Меніңше, қыздар тұрмыс­қа шыққанда өзінің тегінде қалған­да­ры жөн сияқты.

Үшіншіден, ұлттық құндылы­ғы­мызды құнттау мақсатында те­гі­мізді «қызы», «ұлы» деген сөздермен алмастырсақ қалай болар еді. Аталарымыздың аты атаусыз қалады деп қам жеудің қажеті шамалы. Шежіреміз бар емес пе?! Қазіргі уақытта әр рудың шежіресі кітап болып қатталып, әр шаңырақтың төрінен орын алып жатқанын білеміз. Оның үстіне, технология күн санап емес, сағат санап дамыған мына дүниеде әкеңіздің әкесі тұрмақ, наға­шыларыңыздың атын жазып қалсаңыз болды, қажетті дерек­тер­ді алдыңызға тарта қояды. Оқы­ңыз да, жадыңызға тоқыңыз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, көпшілікке танымал тұлға Оңалсын Жұмабековтің қазақ азаматтарының тегі мен әкесінің атын жазу мәселесін түбегейлі шешу үшін құрамында ғалымдар, ақын-жазушылар, мемлекеттік және қоғамдық органдардың өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері бар мем­лекеттік деңгейде арнайы жұмыс тобын құру, ұлты қазақ аза­маттардың тегін (өз аты және әкесінің аты сұрақ тудыр­майды) жазуға байланысты жаңа ресми құжаттың жобасын әзір­леу, қолданыстағы заңнамаға өзге­рістер, толықтырулар мен қосымшалар әзірлеу туралы ұсы­ныс­тарын қолдаймын. Өзіміз болып осы тақырыпты қолға алмасақ, көпшілік болып кеңесіп, бір тоқтамға келмесек, тегімізді сырттан біреу келіп анықтап бермейді, бізге ешкім де ереже жазып бермейді. Бұл – ақиқат.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан хал­­қына Жол­дауында «Өзгерісті әр­қай­сымыз өзімізден бастауы­мыз керек. Әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажет. Құн­дылықтарымыз түбегейлі жа­ңа­руға тиіс. Мұның бәрі – оңай жұмыс емес, біртіндеп қа­лып­тасып, жылдар бойы жал­ға­са­тын үдеріс. Бұл жұмыс біз­ден жоғары жауапкершілікті, елімізге және бір-бірімізге деген жанашырлықты талап етеді. Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қо­лымызда» деген сөздері біздің ойымызбен ұштасып жатқаны анық. Ендеше, осы өзекті мә­селені көп болып кеңесіп, жұрт­шылық болып шешелік, ағайын!

Бұл тақырып қазіргі уақытта жеке бастың емес, жалпы халқы­мыз­дың, қазақ ұлты­ның мүддесі екенін түсінетін, түйсінетін кезі­міз келді. Сондықтан да ұтымды пікірге тоқтайтын, ұтқыр шешім қабылдайтын, ұлтымыз тегіміз­ден айқындалып тұратын ереже­ні заңдық тұрғыдан бекітіп алғаны­мыз абзал. Сіз қалай ойлайсыз, ағайын?!

 

Нұрлан ҚАЛҚА,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі